Жанармай мен коммуналдық тарифтер қымбаттауы мүмкін: 1 сәуірде мораторий аяқталады 

Елде жанармай мен коммуналдық қызмет тарифтеріне қойылған мораторий 1 сәуірден бастап аяқталады. Ол ел экономикасына қандай өзгеріс алып келеді? Осы мәселеге қатысты BAQ.KZ тілшісіне сарапшы пікір білдірді.

Мораторий не үшін енгізілді?

Осыған дейін елде бензин мен коммуналдық қызмет тарифтеріне уақытша мораторий енгізілген болатын. Бұл шешім бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермеу үшін қабылданды. Яғни халықтың күнделікті шығыны көбейіп кетпесін, әлеуметтік жағдай күрделенбесін деген мақсат көзделді.

Сол себепті жанармай бағасы мен коммуналдық тарифтер белгілі бір уақытқа дейін «ұсталып», олардың жоспарлы өсімі кейінге шегерілді. Бұл қадам әсіресе инфляция жоғары болып тұрған кезеңде халықты қолдаудың бір тәсілі ретінде қарастырылды.

1 сәуірден кейін не өзгереді?

Алайда бұл мораторий 1 сәуірден бастап аяқталады. Енді баға еркін жіберіле ме, әлде қайта қарала ма? деген сұрақты күн тәртібіне шығарады.

Экономистер пікірінше, егер тарифтер бірден өссе, бұл тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, жалпы нарыққа әсер етуі мүмкін. Яғни бизнес шығындары артып, оның салдары тауар мен қызмет бағасының қымбаттауына әкелуі ықтимал. Алайда экономист Айбар Олжай бұл мәселенің тек ішкі шешімдерге емес, әлемдік нарықтағы ахуалға да байланысты екенін айтады.

Әлемдік фактор: мұнай мен инфляция қысымы

Экономистің айтуынша, наурыз айында Иран төңірегіндегі геосаяси жағдайға байланысты мұнай бағасы айтарлықтай өскен.

Бұл өз кезегінде жаһандық инфляцияның күшеюіне алып келуі мүмкін деген күтулерді арттырды. Егер әлемдік инфляция өссе, оның әсері Қазақстанға да міндетті түрде жетеді. Ал біз өз ішкі инфляциямызды толық бақылауға алып үлгермеген жағдайда бұл жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін, — дейді Айбар Олжай.

Ішкі жағдай: инфляция төмендемей тұр

Сарапшының сөзінше, Қазақстанда инфляция деңгейі әлі де 10 пайыздан төмен түспей отыр.

Қазіргі таңда елімізде инфляция деңгейі 10 пайыздан төмен түспей отыр. Егер оған тарифтердің өсу әсері қосылса және фискалдық факторлар толық әлсіреп үлгермесе, онда биылғы жылдың ортасына қарай, яғни жаз мезгілінде инфляцияның қайта үдеуі әбден мүмкін,- дейді сарапшы.

Тариф өссе, қандай салдар болады?

Экономист тариф өссе орын алатын ықтимал сценарийлерді де атап өтті.

Егер дәл осы кезде тарифтер көтерілсе, инфляцияға қосымша қысым түседі. Табиғи монополия субъектілері тарифтерді бірден өсірсе, бұл бағаның жаппай қымбаттауына әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Яғни, коммуналдық қызметтер қымбаттап, бизнес шығындары өседі. Тауар мен қызмет бағасы артып, халықтың нақты табысы төмендейді.

Бұл факторлардың барлығы инфляцияны қайта үдетуі мүмкін, —  деп атап өтті Олжай.

Мораторий ұзартылуы мүмкін бе?

Экономист қазіргі жағдайда мораторийді ұзарту орынды шешім болуы мүмкін екенін айтады.

Егер әлемдік инфляция күшейе бастаса, үкіметке мораторийді кемінде тағы 2–3 айға ұзарту және сыртқы жағдай тұрақталғанша бақылауда ұстау дұрыс шешім болуы мүмкін, – деді Айбар Олжай.

Айбар Олжайдың сөзінше, мұндай жағдайда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа да қауіп төнуі мүмкін.

Егер сыртқы инфляциялық қысым күшейсе, биыл жаз айларына қарай инфляция қайта өсім көрсетуі ықтимал. Сондықтан Үкіметке мораторийді кемінде тағы үш айға ұзарту туралы шешімді қарастыру орынды болар еді, – деп түйіндеді ол.

Сарапшының бағалауынша, тарифтердің бірден өсуі экономикаға қосымша қысым түсіруі ықтимал. Сондықтан алдағы шешімдер инфляция деңгейіне де, әлемдік нарықтағы жағдайға да тікелей байланысты болмақ.

Министрлік не дейді?

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың сөзінше, қолданыстағы нормативтер аясында тарифтер негізінен бұрынғы деңгейде сақталады. Бұл коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға қажетті қаржының алдын ала жоспарланып, кезең-кезеңімен бөлінуімен байланысты.

Тоқаев: Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы 

Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы екенін айтты.

Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарымен кездесті 

Қорғаныс министрі қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туыстарымен кездесті.

Елімізде 1 қаңтардан бастап кімдердің жалақысы 40%-ға дейін көтеріледі 

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр.

ЖОО-дағы оқу мерзімі қысқарады. Кімдер университетті 3 жылда аяқтай алады?

Қазақстанда жоғары оқу орындарына бакалавриат бағдарламаларын үш жылда аяқтауға заң жүзінде мүмкіндік берілген. Алайда бұл барлық мамандыққа қатысты емес, ал оқу мерзімі қысқарғанымен, білім беру бағдарламасының көлемі азаймайды.

Германия тарихында алғаш рет әйел адам президент болуы мүмкін 

Германияда әйелді алғаш рет президенттік лауазымға кандидат ретінде қарастырып жатыр.