Соңғы кезде дауларды балама тәсілдермен шешудің тиімділігін арттыру мақсатында «Медиация туралы» заң қабылданған соң, әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі негізінде азаматтар арасындағы даулар сотқа дейін медиация жолымен шешіле бастағанын байқаймыз.
Соңғы кездері елімізде медиация жүйесі жақсы дамып келеді. Мамандар да медиацияның тынысын ашу қажеттілігін үнемі айтуда. Қазіргі таңда медиация жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларда қолданылуда. Бұл ең алдымен тараптардың өз уақыттары мен қаржыларының үнемделуіне ықпал етеді. Сондай-ақ дауға қатысушы азаматтардың арасындағы мейірімді қатынастардың сақталып қалуына, құпиялықтың сақталуына әсер етіп, мемлекеттік баж салығы төленбеуімен және адвокаттың қымбат тұратын қызметін қажет етпейтіндігімен ерекшеленеді. Сондықтан барлық жағынан тиімді жүйені қазақ қоғамы да жатсынбай қабылдауда.
Елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Осы Заңның 1-тармағына сай, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны қолдану арқылы бір шешімге келуге болады.
Медиация белгілі бір механизм емес, ол тек дауларды шешудің баламалы, әрі ең қолайлы тәсілі болып табылады және оның бір ерекшелігі еріктілік, рәсімнің құпиялығы, қысқа мерзімде келісімге келу, келіссөздер жүргізу арқылы нақты бір ортақ шешімге келу, тараптардың тең құқылығын айтуға болады.
Әлемде медиация АҚШ, Англия, Австрия, Германия және тағы басқа мемлекеттерде кеңінен қолданылады. АҚШ-та медиация арқылы дауды шешу тәртібі 1960 жылдардан бастау алған. Онда тіпті тараптар олардың ісінде медиация қолдану мүмкін еместігіне дәлел келтірген жағдайда ғана сот істі өндіріске қабылдайды. Германия, Австрия мемлекеттерінде медиатор барлығымен тең, ресми түрде танылған мамандық болып есептеледі және олар тікелей соттарда жұмыс істейді.
Соңғы жылдары медиациялық тәртіппен татуласу институтын біршама оңтайландыру мақсатында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарына көптеген өзгерістер енгізілді. Соның бірін атап айтатын болсақ, Қылмыстық-процестік кодексінің 85-бабында медиатордың құқықтары мен міндеттері айқындалды.
Д. Е. Мустафин, Ұлытау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы