Соңғы жылдары елімізде медиация жүйесі кең қолданысқа ене бастады. Ата бабамыздан қалған дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін бұл үрдіс қазіргі таңда уақыт талабына сай жаңғыртылып, бейімделіп келеді. Медиация — үшінші, бейтарап жақтың қарауымен өтетін, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың бақылауымен өтетін, дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі.
Бұл жерде аталған үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 % медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 %-нда оң нәтижелерге қол жеткізілген. Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиацияны жүргізу қағидаттары: еріктілік; құпиялық; өзара сыйласушылық; тараптардың тең құқылығы; медиатордың бейтараптығы мен әділдігі;
рәсімнің ашықтығы секілді қағидалармен өлшенеді.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді. Қазіргі таңда уақыт, қаржылық жағынан үнемділік әкелетін бұл әдісті әлі де болса кең қолданысқа енгізу міндеті тұр.
С.Б. Аршабекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы