МЕДБИКЕНІҢ  МІНӘЖАТЫ

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы шақырып, іссапарға шығатындығы жөнінде айтқан кезде ол мұны кәдуілгі көп шаруалардың бірі болар деп ойлаған еді. Іштей «Ары кетсе бір аптада қайта оралармын», – деп ойлаған ол үйіне келіп, отбасына Ақтөбеге ұшатынын ескертті де, жолға қамдана бастады.

Аздан соң есік қоңырауы шырылдады, келген мұны шығарып салушылар екен. Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция полковнигі Қайсенов Абылайдың пәтері Астана қаласындағы Хазірет Сұлтан мешіті маңында болатын. Әуежайға жетемін дегенше біраз уақыт бар, шығарып салушылардың бірі – көліктегі полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы полковник Берік Мергенбай мұның бара жатқан ісіне қатысты кей жәйттерді айта бастады.

– Абылай! Өзің білесің, бұл істі біздің сала жүргізуде. Бірақ, ізге түсер, қолға ілінер ештеме болмай тұр. Оқиға пойыз үстінде болған. Бастапқы мәліметтерге қарағанда, кісі өлімі Жосалы станциясының маңайында, не оған жиырма минуттай жетпейтін тұста орын алған сияқты. Жолаушының өлімі    пойыз тек Қандыағаш стансасына тоқтағанда ғана белгілі болып, сол стансада түсіріліп алынған. Теміржол полициясы мен Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бірлесіп тергеді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, тұйыққа тірелді. Себебі – куәгерлердің бәрі де ештеңе білмейді. Дәлірек айтсақ, естерінде ештеме жоқ. Өйткені бәрі де мас болған… Қиын іс болып тұр…

Астана әуежайының әдеттегідей қарбалас кезі де, терминал ішінде ағылған жолаушылар да, тіпті, ұшақ үсті де Абылайды ойдан арылта алмады. «Апыр-ай, ә?! Қиынға салмаса болар еді, қиырға сүйрейтін сияқты ма, қалай, мына іс?! Марқұм мен оның жанындағы үш серігі – Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Төртеуі де (екеуі өзбек, екеуі қазақ) Еуропадан Ресей арқылы шетелдік автокөліктерді алып өту бизнеспен айналысатындар. Сондықтан олар қомақты көлемде доллар алып шыққаны анық. Иә, иә… Олар тергеу кезінде көрсеткеннен әлдеқайда көп болуы керек… Бұл оқиға қалай болды екен? Кездейсоқтық па, әлде…».

…Абылай Ақтөбеге жетісімен облыстық ішкі істер департаментіне келіп, бастыққа өзінің келгенін баян еткен соң, бірден іске кірісіп, бірлескен тергеу тобын жинады. Топқа облыстық департамент пен көлік полициясының тәжірибелі қызметкерлері іріктеліп алынған екен. Топ жиналамын дегенше ол жинақталған құжаттармен танысып шықты. «Иә… Иә… Үш айдан бері ашылмай тұрғаны… Оңай шаруа емес екен… Белгісіз, дүдамал жәйттері көп шаруа болып тұр-ау, бұл өзі…». Топ бірнеше бағыт бойынша жұмыс істепті, бірі – темір жол, пойыздар жайын тексерсе, екіншісі – теміржол билеттері бойынша жұмыс жасаған. Үшінші топ – оқиға орнында болған купедегілермен жұмыс істеген. Әр топтың басшысы атқарылған жұмыстармен қатар өз болжамдарын да айтуда.

– Жолаушылар Ташкент-Москва пойызына таңертеңгі мезгілде Түркістаннан отырған, бірнеше жылдан бері Ресей арқылы шетелдік автокөліктер әкеліп сатумен айналысып жүргендер екен. Солардың ішінен Шарап пойыз Жаңақорғанда тұрған кезде перронда көрші вагондардың бірінде келе жатқан жолаушы – сұлу орыс келіншегімен танысып, қонаққа шақырады. Ол келісімін береді. Сол бойда Шарап перронда сауда жасап жүргендердің біріне «Арақ, сыра, вино сатып жүргендер болса үшінші вагонның алтыншы купесіне келсін», – деп сыбырлайды. Шарап купеге кірісімен болған жайды серіктеріне айтып, «Мәскеуге барғанша ермек қылмаймыз ба кезек-кезек, ортадан собраз жасап жіберейік, қазір арақ, сыра сататындар да келеді», – дейді. Сөйткенше болмай саудагер де жетеді, бұлар сегіз бөтелке арақ, он алты бөтелке сыра, төрт бөтелке шарап сатып алады. Әлгі келіншек келемін дегенше батылдық үшін деп олар бір бөтелке арақ пен біраз сыра ішіп, қызыңқырап қалады. Келіншек пойыз  Шиеліден өткенде барып келеді. Бұлардың ісінен де, купеде келіншек барынан да вагон жолсерігі мүлде хабарсыз болған.

– Төртеуінің де билеттері бар, Түркістаннан сатып алынған. Ал, ана үшеуі айтқан орыс келіншегін іздеу еш нәтиже бермеді. Бұлардың айтуынша ол Ақтөбеден түсуі керек, алайда пойызға әлгілердің айтуына сәйкес келетіндей әйелге билет сатылмаған. Жалпы, сол пойызға орыс ұлтының өкілдері көбіне Ташкенттен отырған, ал, олармен сөйлесу бұлар суреттегендей әйелдің пойызда болмағанын көрсетеді.

– Әлгі аман қалған үшеуі де қатты мас болған, сөздеріне қарағанда, әйелмен кезек-кезек төсектес болып, көңіл көтеруге пайдаланбақ болған. Бірақ ешқайсысы оның түр-түсін суреттеп бере алмады. Аты-жөнін де, үстіндегі киімдерін де әрқайсысы түрліше атауда. Бірі – оның атын Лариса десе, енді бірі Алиса дейді, үшіншісі Елена дейді, бірі әйелдің жасын қырыққа жақындаған десе, келесісі жиырма бестерде дейді. Шашының түсін де, өз шашы ма, әлде парик пе, оны да айта алмайды. Қай жерден, қай уақытта түсіп қалғанын да білмейді. Төртеуінің де бүкіл ақшасын сыпырып алып, жолдан түсіп қалған. Хаттамаға түскені де аз сома емес, бірақ, бұлар ақшаның нақты мөлшерін жасырып отыр деген ойдамыз. Айтуларына қарағанда арзандау кездессе екі-үш машинадан алмақ екен. Демек, олар өздері жүріп оңтүстікке жете алатын машиналарды алады, не вагон жалдаса – оның да арзан емесі белгілі. Төртеуінде кемі жиырма мыңнан деп шамалағанда, ұрланған ақша сексен-жүз мың доллар шамасында, тіпті одан да көп ақша болуы тиіс.

Бұлардан соң сот-медициналық сарапшысы қорытындымен таныстырды.

– Купедегі төрт жолаушы да өте қатты мас болған. Мәйітті тексеру кезінде оның қанынан 3,8 промилле алкоголь анықталды. Бұл – өте қатты мас деген сөз, біздің тілде мастық дәрежесі – өте ауыр, жоғары деп аталады, адамды сұлатып түсіретін, өз-өзін қорғау қабілетінен мүлде айыратын ауыр дәрежелі мастық.   Ал, аман қалған үшеуінде де мастық деңгейі әлгі марқұмнан сәл ғана төмен. Тағы бір ескеретін жәйт – алкогольге «Клозапин» атты дәрі қосылған. Бұл көбіне жүйкесі ауыратындарға пайдаланылады, қатты ұйықтатын препарат. Ол қалған үш жолаушы қанынан да анықталды. Алайда марқұмның өлу себебі одан емес, өлім – сол жақ көкірек тұсынан жүрекке сұғылған жіңішке, үшкір темірден, дәл жүрекке бағытталған соққы. Жарақат ұзындығы – 15-18 сантиметр. Біз әуелі стилет болар деп болжағанбыз, алайда жарақат сипаты басқалау, тіпті, «Урал», «Днепр» мотоциклдерінің дөңгелегіндегі спиц болуы да мүмкін. Бұлай деуімізге себеп – стилет болса, ол қалай дегенде де сұғылған кезде тері мен етті кесе өтеді, одан түскен жарақаттың өзіндік ізі болады, ал, мынау сұғылған да суырылып алынған, тек бір ғана кішкентай тесік бар, артық жарақат түспеген. Соққы бір-ақ рет жасалған және қан мәйіттің ішіне жиналған, сыртқа көп шықпаған. Соған қарағанда қылмыскер аса кәнігі болуы керек. Қаза болу уақыты түнгі он мен он бірдің арасы.

– Стилет пе… Әлгі қару бір-ақ рет сұғылған дедіңіз бе?

– Иә… Нақты айтсақ бұл стилет емес, қолдан жасалған қару болуы да мүмкін. Сонымен қатар, сұғылған қарудың тура жүрек тұсынан қабырға астын кеулей ұрылуы – қылмыскер анатомияны жақсы біледі деген ойға жетелейді.

– Тағы не айтасыз?

– Марқұмның аты-жөні – Шарап  Каримов. Жасы отыз бесте. Ұлты – өзбек, Денесінде сыртқы жарақат өте аз.

– Денесінде алыс-жұлыстан, төбелестен, қорғанудан түскен жарақат, таңбалар бар ма?

– Қорғану жарақаты жоқ. Тіпті, денесінде татуировкалар да жоқ.

– Демек, ол өзіне шабуыл жасалғанын сезбеген болды ғой?

– Дәл солай. Оның тіпті қорғануға да, қарсылық көрсетуге де шамасы болмаған.

Абылай ойланып қалды. «Неге қылмыскер тек Шарапты өлтірді? Егер мақсаты ақша болса, төртеуін де өлтіруге болатын еді ғой. Тоқта… Тоқта… Тоқтай тұр, Мэгре мырза… Ол егер тіпті кісі өлтіруді мақсат етпесе ше? Олай да болуы мүмкін. Бұл ақша алып жатқанда Шараптың оянып кетуі мүмкін емес пе? Әрине, сондай жағдайда ол өлтіруге мәжбүр болады. Осы болжам жобаға соғатын сияқты. Шарап өлтірушіні көрмеген болуы да мүмкін».

– Киімдеріне байланысты не бар?

– Киімдер толық сараптамадан өтті. Алайда ақша жоқ.

– Ақша жоғын білеміз ғой…

– Жо-оқ. Менің айтқалы тұрғаным басқа. Олардың киімдерінің қалтасы тінтілмеген. Тіпті қаралған ізі де жоқ. Олардың төртеуінің де ақшалары іш киімдеріне тігілген жасырын қалтада сақталған.

– Демек, ақшаны кім ұрласа да оның қай жерде екенін білген ғой.

– Иә… Білген. Тағы бір таңқаларлығы – төрт жолаушының саусақ іздерінен басқа купеде ешқандай саусақ таңбасы жоқ. Бұл кісі өлтірушінің барлық өзіне тиесілі саусақ таңбаларын мұқият өшіргенін көрсетеді.

 – Жақсы… Енді күшті бір бағытқа шоғырландыру керек сияқты. Темір жол бойы, пойыздар бізге нақты нәтиже бере қоймас, сондықтан купедегілердің төңірегін зерттеуіміз керек.  Баһадүр Рашидов, Абдулла Қамбаров және Әмит Көккөзов. Үшеуін де жасырын бақылауға алу керек. Тыңдау құрылғыларына да рұқсат аламыз… Бұл әңгіме сыртқа шықпау керек… Енді мынадай сұрақтар туады. Әйел неге бұлардың вагонына баруға келісті? Жақсы… Бөтен ойы жоқ делік, олай болса неге пойыздан жасырын түсіп кетті? Жаңақорған вокзалындағы бейне бақылау камерасы да еш нәтиже бермеді. Құдай-ау, ол қайдан нәтиже береді, бұзылғанына айға жуықтап қалса. Егер ол бұларға әдейі келген болса – ол бұларда ақша барын білді деген сөз. Олай десек, ақша барын ол қайдан білді? Ол жалғыз ба, әлде қасында сыбайласы болды ма? Егер, ол жалғыз болса – әрекеті жеңіл жүрісті келіншектің психологиясына келмейді. Ал, егер стилетті сол сұққан болса, онда ол дайындығы мол, кәнігі адам болғаны… Міне, сондықтан біз топты Түркістан мен Шымкентке іссапарға жіберуіміз керек… Менің де сонда болуым қажет…

– Полковник мырза! Іс Шымкент пен Түркістан төңірегінде жүргізілетін болса, бізді жібергенше, неге сол жақтан тергеу тобын құрмасқа? Ол жақта да көліктегі полиция бар. Сол тиімді емес пе?

– Қаржылық жағынан ол тиімді болуы мүмкін. Алайда, іс мүддесі үшін сіздердің барғандарыңыз дұрыс. Сіздер қыдырып жүрген, не кәсіп қуып жүрген адамдар сияқты көрінуге тиіссіздер. Туған-туыс, таныстарға хабарласуға болмайды. Себебі, әңгіменің тез тарайтынын білесіздер. Біз өте құпия жағдайда жұмыс істейміз. Бұлай жасамасақ қылмыскер біздің әр қадамымызды біліп отыратын болады. Екі жігіт осында қалып, қылмыскердің қай жерден түскенін анықтаумен айналыса береді. Түсінікті ме?

– Түсінікті.

– Жолға шығатындар отбасыларыңызға Ресей жаққа іссапарға барамыз деңіздер. Қалған мәселелерді өзім реттеймін. Ертең екі қызметкер ұшақпен, бес қызметкер екі топ болып, жеңіл автокөлікпен жолға шығуымыз керек. Табельдік қаруларың мен қажетті керек-жарақ және басқаларын қалдырушы болмаңдар.

… Екі күннен соң тергеу тобы Түркістан мен Шымкент қаласында жұмыс істей бастады.  Абылай оңтүстіктегі автокөлік саудасымен айналысатын ортаны тексеруге бұйрық берді. Екі жігіт валюта айырбастау орындарын тексере бастады. Нәтижесінде бұл төртеуінің жолға шығардан бір апта бұрын Шымкенттегі және Түркістандағы валюта айырбастау орындарынан доллар айырбастап алғаны анықталды.

Абылайды енді мына сұрақ мазалай бастады. «Өздерінде қанша ақша болғанын кім білсін, бұлар енді оны айтпайды, ал, екі қаладан айырбастап алғандарының өзі 120 мың доллар болып отыр. Бұл іске сол валюта айырбастау орындарының қатысы жоқ па екен? Мұны да тексеру керек екен».

***             ***

  …Ол терең ойға берілген, іштей бүкіл атқарылған істерді саралауда. «Іздестіру-зерттеу жұмыстары тағы да тығырыққа тірелді. Баһадүр Рашидов, Абдулла Қамбаров және Әмит Көккөзовтерге қойылған  жасырын бақылау да нәтижесіз болды. Бар білгендері – үшеуінің де үйінде бұрынғы татулық жоқтығы, ауық-ауық әйелдерімен ұрысып қалатындықтары. Енді не істеу керек? Министрлік болса күніне бір-екі рет телефон соғып, асықтыруда. Бұл не істей қойсын, ылғи белгісіздіктердің құрсауында тұрғанда не дей алады. Тіпті, енді іздеу-тексеруді қай бағытқа бұру керектігі де беймәлім болып тұрған жоқ па? Әлде, ашылмаған істерге қоса салған дұрыс па? Жұмыстың бағыты соған әкелетін сияқты ғой. Әлде, бір жерден қателік жіберіп алдық па?»

Абылай жасырын бақылау есебін қайта оқып шықты. Назар аударарлық ештеме жоқ қой… Иә… Ал, мынау… Тоқта… тоқта, Мэгре мырза! Осы жер… Иә… Бір есепте  Әмит Көккөзовтің үйіне бірнеше рет медсестра келіп, тамырдан витаминдер жібергені туралы жазылыпты.

Ол Көккөзовтің үйін бақылаушылардың бірін өзіне шақыртты. Әу баста Шымкентке келгенде ол жалдаған пәтерлері пойызда болатындардың үйлерінен арақашықтығы тура ортасында болуын көздеген еді. Сонысы дұрыс болыпты, бұл жігіттердің бұған қанша уақытта жететін шамасын біліп отыратын болды. Ол бақылаудағы жігіт келісімен мән-жайды тәптіштеп сұрай бастады.

– Мына медбике деп отырғандарың кім? Оны арнайы шақыртқан ба?

– Оны анықтадық. Көккөзов көп ішіп қойып, басын жаза алмаған күндері  скорыйдың осы медбикесін шақыртып, система салдырады екен. Басқаларға қарағанда бұл тамырға дәл түсе алатын маман болса керек. Әңгімелерінен білгеніміз таныстықтарына үш-төрт жылдай болып қалған сияқты. Қазір витаминдер қабылдауда. Медбике жұмыста болған кезде мынау үйіне вызов жасайды екен, ал, ауысымнан бос кезінде өзі келіп ем-домын жасап кететін сияқты. Әрине, тегін жасамайтыны белгілі. Оның үстіне Көккөзовтің ызбай әйелі де мұны көп шақыртады.

– Әйелдің ұлты кім? Мекен-жайын біле алдыңдар ма?

– Ұлты – орыс, аты-жөні – Вера Орлова. Мекен-жайы белгілі. Қаланың ауқаттылар тұратын бөлігінде, жеке үйде тұрады. Қолында шешесі ғана бар. Тұрмысқа шықпаған. Жеке машинасы да жаман емес, «Тойота – Камри-50». Әуелгіде жалғызбасты әйелге мұндай жағдай қайдан келді деп ойлағанбыз. Сөйтсек, сол маңдағы қалталылардың барлығы да дәрі егу, система салу сияқтылардың барлығын осыған жасатады екен. Әрине, мұның барлығы қосымша қаржы емес пе… Шешесі де үнемі есік алдында көкөністер сатып отырады…Үй шешесінің атында. Осыдан он екі жыл бұрын сатып алған.

– Осы бағытты қаза беру керек сияқты. Әлгі әйелге қатысты жұмысты  жан-жақты жүргізе беріңдер.

Қапитан шығып кеткен бойда ол қойын дәптеріндегі жазбаларын қарай бастады. «Солай… Мынаны бақылаудамыз. Мынаны бітірдік… Мынау ше? Бұрын болған осыған ұқсас қылмыстар? Пойыз үстінде болғандары және әйелдің қатысы бары…». Оу, бұрын осыған ұқсас оқиға болып па екен, неге соны сұрамағанбыз… Жо-жоқ, сұраған едік қой. Бірақ, бұған ұқсас оқиға болған жоқ – деген жауап алдық емес пе?! Бәлкім,  мұндай оқиға ертеректе болды ма екен… Не болғанда да он-он екі жыл көлеміндегі пойыз үстінде болған кісі өлімі туралы толық ақпарат алдыру керек».

Үш күннен кейін көліктегі полиция департаменті жіберген құжатты алған Абылай шошып кетті. «Құдай-ау, мынау сұмдық қой! Сонда бүкіл Қазақстан бойынша пойыз үстінде осыншама кісі өлімі болғаны ма? Әр айға шаққанда екі-үштен келіп тұр ғой. Кім ойлаған… Көліктегі полиция қызметкерлерінің де жұмысы өте ауыр екен-ау. Кім ойлаған… Мынау дегенің…».

Сәлден соң ол оқиғалар туралы мәліметті бірнеше топқа бөліп тастады да, Алматы, Бішкек, Ташкент қалаларынан Ресейге қарай бағыт алған пойыздарда болған кісі өліміне қатысты деректерді бөлек қойып, мұқият зерттей бастады.

«Иә… Не деуге болар… Мына бір жігіт Диірментөбе стансасы маңында вагон тамбурынан құлап кетіп қайтыс болыпты. Мына бір әйел екінші полкадан құлап, қарақұсынан зақым алып қайтыс болған. Мына біреу Манкент маңында пышақталған, қайтыс болған жап-жас жігіт, қылмыскер пойыз үстінде ұсталған, сотталған… Ал, мынау… Тоқта, тоқта, Мэгре мырза! Қандай пойыз дейді? Ташкент – Москва… Жосалыдан өте… Мәйіт денесінен аса көп мөлшердегі алкоголь анықталған… Ақшасы ұрланғандар?! Мәссаған… Осыдан он үш жыл бұрын… Ау, ақшаларын ұрлатқандар арасында жүрген Шарап Каримов мына істегі адам емес пе екен… Қызық… Олар да көлік саудасымен айналысқан, «Волга Газ-3110» автокөліктерін зауыттан әкеліп қымбатқа сатып жүргендер. Ол кезде де бір жас орыстың сұлу қызы болған араларында. Он үш жыл бұрынғы іс қазіргімен сабақтас сияқты ғой. Иә, иә… Бірақ, Шарап Каримов Тараз қаласынан делінген екен…».

Ол басқа оқиғаларға қатысты деректерді тез қарап шықты және олар дәл мына оқиға сияқты бұл жүргізіп жатқан іске жақын келмек түгіл, тіпті жуықтаған да жоқ. Басқа әрекет, басқа мотив, басқа жағдай. Сол күні екі қызметкерге Шарап Каримовтың да, Вера Орлованың да бұрын қайда тұрғанын анықтауға тапсырма берген еді, ертеңіне-ақ, екеуінің де бұрын Тараз қаласында тұрғаны белгілі болды. Шарап сол пойыз үстінде тоналған жылы көшіп келсе, Вера келесі жылы көшіп келген. Абылай мына екеуінің арасында бұл білмейтін байланыс болғанын сезді. «Апыр-ай, наводчик Шарап болып жүрмесін, мына әйел екеуі ақшаны бөлісе алмаған болар. Кім білген… Уақыт көрсетер…».

Тергеу тобы енді негізгі бақылауды Көккөзов, Орлова және марқұм Каримов үйіне бағыттады.

Келесі күні Ақтөбе вокзалында бір орыс әйелінің ұсталғаны туралы хабар келді де, Абылай ұшаққа отырды. Ақтөбеде көліктегі полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысындағы Лариса Сорокина жиырма бестегі келіншек екен. Пойыз үстінде ұрлықпен ұсталыпты.

– Мен ештеме білмеймін. Зат ұрланды деп отырған вагонға барған да жоқпын. Өз орнымнан қозғалған емеспін. Тараздан келемін, Орынбордағы туыстарыма бара жатырмын. Бұл сөмкені «Қарай тұрыңызшы», – деп бір жігіт қалдырып кеткен болатын. Менікі плацкарт вагон ғой, мұны жұрттың бәрі көрді, дұрысын айтар. Сұраңдар солардан…

Абылай келіншекке ойлана қарады. «Бір жігіті кім екен? Сыбайласы емес пе? Мынау талайды көрген қу сияқты ғой…».

– Жақсы… Вагондағылардың жауаптары бізде бар. Олар ештеме көрмепті.

– Көрмесе мен қайтейін, вагонда біреуді біреу аңдып отырған жоқ қой, байқамаған шығар.

– Ал, алғаш полиция қызметкерлері келе жатқанын көрген кезде сөмкені неге жоғарғы полкаға лақтырып жібердіңіз?

– Енді не істеуім керек? Әлгі қалдырып кеткен жігіттің келетін түрі жоқ. Бәлесінен аулақ деп лақтыра салдым.

– Сіздің сөмкеңізден екі істік темір табылыпты. Ол неге керек болды?

– Бұл не сөз? Ол менің жүннен шұлық, қолғап, свитр, шәлі тоқитын спицтерім ғой. Пойызда ішің пыспас үшін үлкен ермек қой тоқу деген…

Екі-үш күннен соң Лариса Сорокинаның пойыз үстінде жолаушыларды талай рет қан қақсатқан кәнігі ұры екені, бұрынғы аты-жөні – Раиса Николаева екені, сотталып келгесін Орск қаласының тұрғыны Григорий Сорокинге тұрмысқа шығып, аты мен тегін өзгертіп құжат алғаны, оншақты жылдан бері Қазақстанда тұратыны белгілі болып, сыбайласы Игорь Мальков екеуі талай қылмыс жасағаны анықтала бастады. Лариса Сорокина мен Игорь Мальковтың  ісін жүргізуді Ақтөбеде қалған топ мүшелеріне тапсырып, Абылай Шымкентке оралды. «Мына екеуінің біз зерттеп жүрген іске қатысы бар ма, жоқ па әлі белгісіз. Бірақ, нағыз топтасқан қорқаулардың қолға түскені анық. Мына жақтағы шаруаны да қабат жүргізген жөн тәрізді…».

     ***             ***

Вераның соңғы кездері ұйқысы қаша бастады. Құдай-ау, түнімен түсіне неше түрлі  нәрселер кіріп, талай рет шошып оянды да. Кейде Саша да кіреді, дәл баяғысы. Ақсия күледі, қолын бұлғайды, бұл болса мәз соған. Кенет бәрі қап-қараңғы болып кетеді, сол түнгі сұмдық басталады да, шошып оянады…

…Вера мен Александр Шумейконың үйі бір көшеде болатын, екеуі бір балабақшаға барды, бір мектепте оқыды. Бұл Сашадан бір жас кіші еді. Бала күнгі достық үлкен сезімге ұласты. Саша мектепте жүргенде-ақ техникаға жақын болды да, сабақтан бос кезінде техникалық жөндеу шеберханаларында жұмыс істеді. Әскерге кетемін дегенше-ақ оны жұрт шебер ретінде тани бастады. Бұл мектеп бітіріп, медколледжге оқуға түскен жылы ол әскерге кетті. Шекара әскері қатарында болып, абыроймен борышын өтеді. Келісімен бұрынғы кәсібіне кірісті. Бұзылған техниканы жөндеуге аңсары ауатын да тұратын еді ғой. Екеуі енді үйленеміз деп жүрген, Сашаның да отбасы тура өзінікі сияқты, жалғыз шешесі бар. Мұның шешесі жедел жәрдем стансасында фельдшер болса, оның шешесі элеваторда технолог болды. Екі ана да балаларының жоспарларынан хабардар болатын, бұрыннан таныс әйелдер тіпті, бұлар заңды некеге тұрмаса да құдағи ретінде араласып та кеткен еді. Екі үйдің де тұрмысы жаман болмайтын. Иә… солай еді ғой…

Вера кейде сабақтан кеш қайтады, үйлері элеватордың сыртында болғандықтан, автобустан түскесін де он бес минуттай жаяу жүруге тура келеді, ондайда екі ананың бірі алдынан шығатын. Әскерден келген соң бір ай өте Саша бұған:

– Вера! Сабақтан кеш қайтасың. Біздің қалада түнгі көше қауіпті ғой. Мынаны сөмкеңе салып ал. Мұны ұстап жүруге тыйым салынбаған. Қорықпа! Қажет болғанда қорғануыңа керек. Ой, бұл кәдімгі отвертка ғой, қорықпа, сөмкеден тастамай салып жүр. Біреу сұрайтындай болса «Сашаныкі, беруге ұмытып жүрмін дерсің», – деді.

Бұл ұзындығы жиырма сантиметрдей, жуандығы бес милиметрдей болатын отвертканы сумкасына салып көріп еді, тіпті, бар-жоғы білінбей де қалды. Сол-ақ екен бұда өзіне деген сенім пайда бола бастады, кешке оқудан қайтарда бұрынғыдай қорықпайтын болды.

Бірде Саша машина саудасымен айналысатындардың көліктерін жөндеді. Сол күні біраз ақша әкелді. Бірақ көңіл-күйі жабығыңқы еді. Бұл не болғанын сұрады. Ол әуелі ештеме айтпай, қипақтағанмен, аздан соң ішіне сыймады-ау деймін бәрін жайып салды.

– Вера! Вера! Верочка! Осы адамдар неге қатыгез, неге тойымсыз? Мен кеше машинасын жөндегендер ақшалылар сияқты. Ресейден, Полшадан машина әкеліп, Ташкентке, Бішкекке, Алматыға үш, кейде төрт есе бағасына қымбатқа сатады екен. Сонда да ақша деп өліп бара жатыр. Менімен келіскен ақшаны бергілері келмей қисаңдағандары бар емес пе, ақыры басшылары: «Тоқтатыңдар бос сөзді, іс бүгінмен бітпейді. Ендігі партиядан машина бұзылса қайтесіңдер, кімге жөндетесіңдер? Бұдан басқа шетелдік көліктерді білетін адам жоқ қой мұнда», – дегесін барып менің ақымды берді. Негізі бұларға сенім жоқ. Байқамаса болмайды екен…

Сашаға жиырма күннен кейін олар тағы да келді, бұл бірнеше машинаны жөндеп, ақшасын алды. Тағы да бұрынғы көңіл-күй, сол жабыңқылық. Біраздан соң ол тағы да бұрынғыдай күйзеле сөйледі.

– Мыналар тура шибөрілер сияқты, таусылмайтын ерегіс, ақшаға таласатын сияқты. Бірінің қойған бағасына екіншісі келіспей жатады. Мен машина жөндеп жатқанда арақ ішіп отырады ғой… Айтпайтындары жоқ. Москваға барғанша пойыз үстінде жүретін жеңіл жүрісті әйелдерді тауып алып, кезек-кезек ермек етіп барады екен. Тіпті, ақшаларын ішкиімдеріне тігіп алған қалталарында сақтайтын көрінеді. Шарап дегені Әлішер деген басшысымен ұстасып та қала жаздады. Шетелдік машиналарды сатып алар сәтте Шарап іш киіміне жасырылған ақшаны ала алмай қиналса керек, сірә, қалта ауызын  қайта-қайта тігіп тастаса керек, соны анау айтып еді, қалғандары мазақ қыла жөнелді. Содан Шарап көтерілсін… Құрып кетсін… Араласқан жоқпын… Бұлар жүйкеме тие бастады… Ақшасы да бар болсын… Ендігіде сылтау тауып, бұлардан аулақ жүрген дұрыс екен…

Ол келесі жолы емделіп жүргенін сылтауратып, оларға көмек көрсетуден бас тартты. Сол түні… Сол бір қарғыс атқыр түні Саша екеуі мұның жедел жәрдем қызметіне қабылданғанын кафеде атап өтіп, үйге кеш қайтып келе жатты. Элеватор тұсына келгенде алдарынан бірнеше машинаның фарлары жарқ ете қалды. Фар жарығынан бірнеше адамның бері қарай жүрген сұлбалары көрінді. Саша бұған: «Мыналар солар шығыр. Әрірек барып тығыл», – дегенше олар да жеткен еді. Бұл элеватор ауласының қоршауын бекіту үшін екі метр сайын орнатылған бетон бағаналардың ең жақынын тасалап үлгерді. Аналар келе тиісіп, бұзылған екі машинаны ертең түске дейін дайын қылу керектігін айтып бұйыра сөйлеуде. Сашаның: «Әлішер! Бұл моторға қатысты болса үлгеру мүмкін емес» дегеніне қояр емес. Бір кезде ол: «Жасағың келмей тұр ғой, ә?! Мен көрсетемін саған. Бұл қалада не сен тұрасың, не мен тұрамын…» деді ашуланып.

 Осы кезде Сашаның желке тұсында тұрған біреуі қолындағы білем темірмен оны бастан ұрып құлатты. Қалғандары тепкілей бастады. Мұның тығылып, жылағаннан басқаға шамасы да келмей қалды, қорыққанынан ұялы телефонын да ала алмады сөмкеден, тек Саша берген отвертканың тұтқасын қысып ұстай берді. Бір кезде Әлішер дегені:

– «Жетті. Ертең жұмыс істеуге жарамай қалар… Шарап! Мынаның үйін білесің ғой. Ертең ертіп келесің біздікіне, – деді. Сол-ақ екен, барлығы көліктеріне мінді де, лезде көзден ғайып болды. Вера жылаған күйі Сашаның жанына жетті, айқайлайын десе  дауысы шықпайды. Қолы дірілдей жәдел жәрдем мен полицияға телефон соқты. Сондағы кезекші полиция қызметкерінің жүйкеге тигені-ай. Бұл қалай қан тоқтатарын білмей жанталаса қимылдап жатса, неден болды, ол кімдер дей ме, әйтеуір неше түрлі сұрақ қойып мыжып тұрып алғаны. Жедел жәрдем тез жетті де, полиция ес-түссіз жатқан Сашаны алып кетпек болып жатқанда ғана келді. Иә… Иә… одан соңғылары бұлыңғыр күндерге ұласып кетті.

…Полиция мұны біраз күн сүйреледі, жауап алды. Бұл көрген-білгенінің бәрін жасырмады. Үш күн өтпей Саша ауруханада көз жұмды. Полиция күдіктілердің машиналарынан айғақ зат – әдетте ел монтировка атайтын дөңгелек камерасын ауыстыруда пайдаланылатын құралды тапқанмен, кейіннен ол жоғалып кетті. Бәрі түсініксіз… Әлішер мен Шарапты әуелі қамағанмен, бір айдан кейін болған сот оларды кінәсіз деп тапты. Бұл соттан екі анасымен бірге жылап шыққан сәтте есік алдында не өзбек, не ұйғыр екені белгісіз біреу: «Енді к… қысып жүріңдер… Әйтпесе өздерің де ана жаққа кетесіңдер», – деді тістене сыбырлап.

Сашаның Ростовта тұратын апасы бар екен, жерлеуге келіп, он бес күндей болды да, үйді сатып, шешесін Ресейге алып кетті. Ой… Ой… Анна Сергеевнаның сондағы жылағаны-ай… Мұны құшақтап, көлікке мінбей тұрып алғаны бар емес пе? Міне, сол кезде Вераның ішінде бірдеме үзіліп кеткендей болды, санасында «Сендерге ме, көрсетермін ақшаның қалай екенін… Сашаның кегін қайтармасам жер басып жүрмей-ақ қояйын» деген ой атойлай жөнелген болатын.

Вера үйдің ең кенжесі болатын, бұл үшке келгенде әкесі, екі ағасы жол апатынан қайтыс болған екен. Бұл оны еміс-еміс біледі… Бұл өмірге келгенде әкесі қырық бесте, анасы қырықта екен, сөйтіп, мына жалғанда тек екеуі ғана қалған. Ал, Вераның санасындағы манағы ой нақты жоспарға айнала бастаған тұста анасының зейнетке шығуына үш ай қалған болатын.

Вера енді сырттай Әлішерді аңди бастады. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей бірде Сашаның сыныптасы Максим кездесе кеткені. Ол да Әлішер мен Шараптың сотына қатысып, сот әділетсіздігіне жаны күйіп шыққан болатын.

– Бұлар жауыз ғой, Вера… Қандай жігіттің өмірін қиғандарымен шаруасы жоқ, дым болмағандай тағы да машина әкелуге Москваға кетпек.

– Оны қайдан білдің?

– Қайдан білгені несі? Өздері айтты ғой, кеше менің валюта айырбастау пунктімнен итырғын доллар алды. Осыны әйеліме айтсам, ол да хабардар екен. «Келесі сенбіде Ташкент – Москва пойызына Түркістаннан мінеді», – деп қарап тұр.  Мен де сен құсап оған:  «Қайдан білдің?» – десем,  «Шараптың әйелі бізбен қызметтес емес пе?» – дегені. Солай… Байлар құтырған заман болды ғой…

Сол күннен бастап Вера жоспар құра бастады.

***             ***

Бірге оқыған құрбысының қатты науқастанып, ауруханаға түскеніне байланысты Алматыға тығыз барып қайтуы керек екенін айтып Вера бас дәрігердің орынбасарымен келісті, анасы мұның орнына бір-екі ауысымға шығатын болды. Жұма күні кешке Шымкент қаласына жеткен ол сенбі күні Ташкент – Москва пойызы келер алдында вокзал туалетіне кіріп, түрін өзгертуге кірісті. Оқушы кезінен актерлікке жақын болып, мектеп сахнасында талай қойылымдарда түрлі рөлдерде ойнаған еді. Облыстық драматеатрда гример болып қызмет атқаратын анасының таныс әйелі бұған түр өзгертудің небір тәсілін үйреткен болатын. Соның бәрі кәдеге асып, бұл басқа бір адам болып шыға келді. Сөмкесіндегі ұзын отвертканы, үлкен қалың пакетті, пойыз жолсеріктерінде болатын вагон кілтін, түстері бөлек бірнеше орамалды, бір бөтелке арақты тағы бір тексеріп шықты. Пойыз да келіп тоқтады, бұл Әлішер бастаған топтың пойыздың орта тұсындағы вагонға мінгенін көрді де, соларға бір вагон жетпей кілт тоқтады. Тоқтаған бойда ол жолсеріктің өзінен көз алмай тұрғанын әйелдік болмысымен сезді де, оған жақындады.

 – Қазалыға дейін ала кетесіз бе?

– Кел…Пожалыста… Пұл бар ма?  

Бұл пойызға келісіп отырды. Мұны ол өзінің осы пойызға мінгенін жасыру үшін әдейі жасаған еді, плацкарт вагон екен, жолсерік өзбек төменнен орын тауып берді. Вера жоспарының басы дұрыс іске аса бастағанына шүкіршілік етті. Бір ойы «Вера! Тоқта! Райыңнан қайт!» – десе, екінші ой одан басымдау түседі: «Тоқтама! Неге тоқтайсың. Олар тағдырыңды күл парша еткен жоқ па?! Сашаның кегі ше… Шегінбе!» – дейді.

Пойыз Шиеліден өте ол әлгілердің вагонына қарай бет алды.  Жолсеріктің мұнымен шаруасы да болған жоқ. Пойыз ырғағымен сәл теңселе жүріп олардың вагонына да жетті, әлгілер алтыншы купеге жайғасыпты. Төрт елідей ашық тұрған есіктен түрлі тамақ пен арақ иісі еседі, бұл купені шатастырған адам сияқты есікті ашып қарады да: «Кешіріңіздер! Қателесіп кетіппін», – деп есікті ысыра қайта жапты. Сөйткенше болған жоқ, есік қайта ашылып, әлгілердің  жасы кішісі болар шамасы, жылмиған бір жігіт тура қарсы алдына тұра қалды.  

– Келіңіз, қонақ болыңыз… Сұраймыз…

– Жо-жоқ… Менің вагоным бұл емес екен. Рақмет!

Әлішер де, Шарап та мұны танымады, қайдан танысын олар мұны бір рет қана сотта көрсе, оның үстіне бұл түрін өзгертіп гримделсе, Әлішер аналарға көз қысты да: «Қай жерге дейін барасыз?» – деп сұрады. Бұл:  «Ақтөбеге барамын», – деп жауап берді.

– Ой-ой…Ақтөбеге дейін қанша уақыт… Біздің қонағымыз болыңыз…

Бұл қалжыңдаған болып, аналарды еліктіре түсті.

– Тамақтарың көп болғанмен, арақтарың аз сияқты ғой…

– Саспаңыз. Барлығы да жетеді.

– Онда мен вагоныма барып, қасымдағыларға ескертейін. Бір сағаттан соң келермін…

Ол бір сағат емес, екі сағаттан соң келді, қолтығына қысқан сөмкеде аздап демидрол қосылған бір бөтелке арақ бар еді. Өзі шамалағандай аналар біраз қызыпты. Бұл келе купедегілер жаңа кейіпке түсті. Бұл болса бәрінің де ойын түсініп отыр, қай-қайсысының да мұнымен төсектес болғысы келіп ындыны құрып отыр. Аздан соң бұлар тегіс мас болуға айналды, мұның ішіп отырған болып, аузындағы арақты сүлгіге сыздықтатып жіберіп отырғанын да байқамады. Әрқайсысы келіп құшақтамақ болады, бірақ бірінен екіншісі қызғанып, кәдімгідей-ақ керілдесіп қалады. Бұл осы кезде өзіндегі арақты байқатпай шығарып, құя бастады, пойыз Жалағаштан өткен кезде олар өлесі мас болып, қалың ұйқыға кіріскен болатын.

Вера сөмкесінен медициналық резина қолғапты алып киді де, іске кірісті, бірінен соң бірінің ішкиімдеріне тігілген жасырын қалтадағы бар ақшаны сыпырып алды. «Кешіре гөр, Құдайым! Кешіре гөр, Саша! Бұлай жасамасам өзімді өмір бойы кешпей өтермін. Кешіре гөріңдер!» – деп күбірлей жүріп, бүкіл ақшаны үнемі сөмкеде жүретін үлкен қалың пакетке салды да, өз вагонына кетпек болып бұрыла беріп, ойланып қалды. «Мынаның жатысын…». Ол тез шешім қабылдады. Әлішерді сүйемелдей жүріп, купеден шығарды да, тамбурға әкелді, бүкіл жолаушы ұйқыда. Анау болса былқ-сылқ етіп болар емес. Пойыз зымырап келеді. Тақ-тұқ, тақы-тұқы, ырғағынан жаңылыспайтын бір әуен. Бұл вагон есігін ашты да Әлішерді сыртқа итеріп жіберді. Тұсынан өтіп бара жатқан вагондар жарығынан алғашында ағараңдап көрінгенмен, лезде қою қараңғылық оны бірден жұтып қойғандай болды. Шамдары жарқырап бір шағын станса қалып бара жатты артта. Бұл – Диірментөбе еді.

Пойыз Төретам стансасына келген кезде Вера басқа вагоннан түсіп кетті де, соңғы вагонның қызыл шамы қашан көзден таса болғанша қарап тұрды.

…Купедегілер естерін Шалқардан өте жинады. Сынып бара жатқан бастарын ұстап, еңселерін тіктей алмай отырса да, олар ақшаларынан айрылғанын, Әлішердің жоқ екенін білді. Шарап болса әуелгіде: «Бүкіл ақшаны тонап, Әлішер кешегі қатынмен кетіп қалған болар», –деп ойлап тістене қалған, бірақ оның жол сөмкесінің, заттары мен тамақтарының, құжаттарының купеде жатқанын білгесін басқа бір бәлеге тап болғандарын сезді де, жолсерікке, пойыз бригадиріне болған жағдайды жеткізді. Қандыағашқа келгенде оларды полиция қызметкерлері күтіп алған еді.

2000 жылды қарсы алған жұрттың құлағын біраз шулатты да, әңгімесі басылып қалды. Іс ашылмай, мұрағат сөресіне жол тартты. Вера сол түні тағы да жолсерікпен келісе кері қарай пойызға отырып, Таразға келді де, жұмысына қосылып кетті. Он күннен соң Алматыға келіп, шешесінің атына үш бөлмелі үй сатып алып, пәтерге беріп кетті, Астана қаласынан Ресейге көшпек болып, үйін сата алмай отырған шешесінің сіңлісіне сұраған ақшасын беріп, үйді өзіне мұраға қалдыруға көндірді. Мұның барлығы да оның жоспары бойынша жүзеге асып жатты. Анасы зейнетке шыққан бойда ол бұл қаладан көшуді ойластыра бастады да, бас дәрігерге шешесінің денсаулығы бұл қалада тұруды көтермейтінін айтқан еді, ол Шымкенттегі қурстасына телефон соқты. Сөйтіп, алты айдан соң ол Шымкент жедел жәрдеміне қызмет ауыстырып, ауқаттылар тұратын аймақтан жеке үй сатып алды. Бұл кезде өзінің әу бастағы жоспарына сай Алматыдағы үйлерді сатты. Бұл оның мына үйді қандай қаржыға алдың деген сұрақ туа қалса дегенге дайындаған жауабы еді.

Сонымен бәрі де ұмытылғандай болған. Бірақ… Иә, осы бір бірақ деген-ақ алдынан шыға берді. Иә, бәрі де дұрысталып келе жатыр еді ғой. Вераның әу баста ойлағанындай ауқаттылар ауданында тұру бұл сияқты білікті медбикеге қосымша табыс көзі бола бастады. Бірде шақыртумен табанын әйнек тіліп кеткен қызға барғанда үш қабатты коттедж қожайынын таныды. «Ойбай-ау, мынау Шарап қой. Тараздан жоқ болып кетіп еді, мында келген екен ғой сұрқия». Сол-ақ екен Вераның санасында одан кек қайтару деген бәле ой тағы да бас көтерді. Келесі күннен бастап ол Шарап пен оның төңірегін зерттеуге кірісті. Құрамында Баһадүр Рашидов, Абдулла Қамбаров және Әмит Көккөзов бар машина алыпсатарлары тобын Шарап басқаратынын білді. Барлығы да бір шағын ауданда тұрады екен. Енді Вераға Көккөзовтің аурушаң әйелі ақпарат алу нүктесіне айналды. Екі күннің бірінде мұны шақыратын әйелдің алып бара жатқан науқасы жоғын білсе де, Вера оның үнемі күтінуі, емделуі керектігін құлағына құя берді. «Арам ақшаны не істерге білмей кергіген қатынды аяудың керегі жоқ. Шараптан кек алу керек», – деп іштей пайым жасаған ол әлгі әйелді мақтап-мақтап, Шарап басқаратын топтың әр қадамын бақылауға алды.  

Көп өтпей олардың жолға шығатынын білген Вера тағы да баяғы ізбен  жолға дайындалды. Ол «Клозапин» атты дәріні араққа қосып дайындады да, вокзал туалетінде гримделіп, басқа түрге енді, тағы да жолсерікпен келісіп, Мәскеуге қарай жол тартқан төртеуге көрші вагонға орналасты. Пойыз Жаңақорғанға тоқтағанда Шараппен перронда кездейсоқ жолыққан жан бола қалды.  Анау танымады, қонаққа шақырды, бұл бір-екі сағаттан соң баратынын айтты. Бәрі де тура баяғыдай…Тағы да ішу…Тағы да олар қатты қызған тұста дәрі қосылған арақ беру, тағы да барлығы өлесі мас болу. Тағы да ішкиімдерді тексеріп, барлық ақшаны сыпырып алу. Бірақ, соңғы кезек Шарапқа келіп, бұл ақшаны алып болған кезде, ұйқылы-ояу күйде ол мұның сол қолынан, білезіктік тұсынан ұстай алсын. Әуелгіде сасып қалғанмен Вера тез есін жиды да, сөмкесінен ұзын отвертканы шығарып, оның қабырғасының төске жақын тұсындағы етті тұсынан жүрекке қарай күшпен сұға бастады. Шалқасынан жатқан Шараптың қарсыласуға шамасы да келмеді, бір кезде қолы сылқ етіп, салбырап қалды. Вера отвертканы суырып алды да, денедегі тесікті резеңке қолғапты қолымен он минуттай басып тұрды. Бұл да тура ол ойлағандай болды, тесікке қан ұйып қалды да, аққан қан сыртқа шықпай, ішке жинала бастады. Купедегі саусақ таңбаларын өшірген ол «Саша! Вераң сенің кегіңді қайтаруда» деп күбірлей, тағы да Төретам стансасынан түсіп қалды да, тура баяғыдай түнгі пойызбен кері қайтты…

 ***             ***

           Абылай іздестірулері соңғы кезде біршама нәтиже беріп, Вера Орловаға байланысты жұмыстар одан күдіктенуге негіз бола бастады. Алайда, бұл тұстағы ең қиыны – нақты факт, нақты деректің жоғы еді. Оның қылмыс жасағанын қалай дәлелдейсің? Долбардан не шығады, оның мойындамайтыны анық. Не істеу керек? Осы ойлардан басы қатты…Кенет…

Санасында жарқ ете қалғандай ойдан оның өзі де шошып кетті. «Алла-ау! Бұл дегенің арандату ғой». Әлгі ойды келесі ой ысыра бастады. «Ие… Неғыпты арандату болса… Әйтпесе мына қылмыс ашылмай қалайын деп тұрған жоқ па?» Не істейміз? Алғашқы ойға жақтастар да табылды. «Сонда қалай? Қылмыс ашу үшін күдіктіні қылмысқа итермелейміз бе?» Екінші ойға да қорғаушы бой көрсетті. «Енді не істейсің? Оның қылмыс жасағаны анық десек, әрекет ету керек. Әйтпесе бұл іс те глухарь болып кетті дей бер. Айыптыға қылмыс жасағанын дәлелдеу үшін бұдан басқа жол жоқ қой».

Осы кезде оның қалтафоны шырылдады, бақылаудағы жігіттердің бірі екен, сыртта машина ішінде күтіп отырғанын айтты. Ол тез сыртқа шықты да, анадай жерде тұрған ақтөбелік нөмірлі машинаға келіп, артқы орындыққа отырып жатып, салондағы алпысқа келіп қалған адамды көрді. Көлік тізгініндегі жігіт жылдамдата сөйледі.

 – Полковник мырза! Кешіріңіз! Мына кісі менің жақын ағам. Ішкі істер органдарының ардагері. Полковник. Жаңа бір әзірде машина ішінде отырған мені танып қалды. Сосын Сізге ертіп келдім.

Көліктегі азамат ардагерлік куәлігін көрсетті де, өзін «Запастағы полиция полковнигі Әділгереев Тәни деген ағаңмын. Мына жігіт менің немере ағамның баласы. Мұны мен осыдан екі күн бұрын көрдім де тегін жүрмегенін түсіне қойдым. Сосын бақылауға алып байқасам, Орлованың үйін аңдып отыр екен. Ішім кіп алып, бүгін ініме келіп, өзіңе жолықтыруға көндірдім. Негізі бұл кінәлі емес… Жұмыстарыңның бағытын түсінген сияқтымын…».

– Аты-жөнім Абылай Қайсенов. Полковник екенімді есіттіңіз. Бір істің ізінде жүрміз. Біздің жігіттерді байқап қалған екенсіз ғой. Сіз  жұмыс бағытын білемін дедіңіз. Айтып көріңіз, дәл табар ма екенсіз…

– А… Ха-ха… Қу бала… Ладно… Басқа адам байқамауы мүмкін. Біз енді старый гвардиямыз ғой, небір істі аштық қой. Бәлкім, кәсіби дағды, әдет болар, төңірегіңді не болып жатқанын байқап отырамыз. Ал біздің сала үшін пенсияға шықтың бітті, керегің жоқ. Обидно! Да… Ладно… Байқауымша сендер машина алыпсатары Шараптың өліміне байланысты жүрген болуларың керек…

– Мүмкін… Қалай білдіңіз?

– Мына інімді көріп, бір күн сырттай бақылағасын түсіндім ғой…

– Біраз нәрсені білетін сияқтысыз. Сіз қалай ойлайсыз, бағытымыз дұрыс па? Жалған ізге түсіп кеткен жоқпыз ба?

– Бағыттарың дұрыс… Мен негізі ақтөбелік болғанмен, оқу бітіргеннен  осындамын, он жылдай угрода, қалған жылдар тергеуде өтті, ДВД-ның аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болдым. Осыдан он үш жыл бұрын осы Шараптың өлімі сияқты оқиға болып, екі облыс пен көліктегі полициядан бірлескен топ құрылған. Себебі, олардың қасындағы екі сыбайласы біздің облыстан болатын. Аты-жөнін айтып керегі жоқ, прокуратураның бір қуы біздің жолымызды жапты да отырды. Сөйтіп қылмыс ашылмай қалды. Біздер сол кезде Вера Орловадан күдік алғанбыз. Өйткені, пойыздан құлап өлген Әлішер деген бар, жақында пойызда өлген Шарап бәрі бір топ, бұлар әлгі қыздың көз алдында үйлененейін деп күн санап отырған сүйген жігітін соққыға жығып, тепкілеп өлтірген. Сот оларды кінәсіз деп тапқан. Міне, содан соң қыз кек алуға кіріскен болуы керек. Ал, ана прокурордың бұл істі неге тез жауып тастауға асыққанын әлі күнге түсінбеймін. Бірақ, сол іс ойдан кетпей қойды. Шарап  Каримовтың да, Орлованың да осында көшіп келгенін білдім. Әуеліде екеуі сыбайлас па екен деп те ойлағанмын. Бірте-бірте оқиға ұмытыла бастады. Сол күйі құрдымға кеткен шығар деген ойда болдым. Зейнетке шықтым, одан соң, тіпті, ұмыттым десем де болады. Алайда, үш күн бұрын баяғы қайта еске түсті.  Міне, сол Орлованың үйіне наблюдение жасап отырған інімді көргесін, арғы жағы белгілі емес пе… Бұларды сырттай екі күн бақыладым. Ішімнен «Апыр-ай, ашса жақсы болар еді», – деп тіледім…

Автокөлік ішінде Абылай  Тәни ақсақалдың осы іске қатысты бар білетінін есіткен соң, тастүйін шешімге келді. Жігіттердің бірін шақырып, тапсырма берді: – «Орлованың үйіне байқатпай кіру керек. Ол жұмысқа кеткен кезде шешесі есік алдындағы скамейкада оны-мұны сатып отырады. Әуелі үйдің сырт жағынан барып, итке дәрі қосылған нан лақтырып ұйықтатып тастайсың. Олардың аула ішіндегі терезесі күндіз ашық тұрады дедіңдер ғой, содан үйге кіріп, бейне бақылау құрылғысын қыздың бөлмесіне орнатасың. Ешқандай із қалмасын. Камераны дұрыстап жасыру керек». Топ іске кірісті.

***             ***

Тыңдау құрылғыларынан Вера тамырдан дәрі құйып жатқанда Көккөзовтің бірнеше рет: «Ей, сұлу қыз… Мен сені жақсы білемін», – дегенін және медбикені сол кезде үнсіз қалатынын білген Абылай осыны пайдалануға кірісті. Әрине, Көккөзовтің оны басқа оймен айтқаны анық, бірақ, бұған ол басқа шаруа үшін керек еді. Орлованың шешесіне көршілері арқылы «Көккөзов Вераны танып қалыпты» деген әңгіме жеткізілді және бұл күн сайын түрлі саққа жүгіріп, жүйкеге тиетіндей деңгейге жетті. Енді Орлованың әрекетінен мазасыздық аңғарыла бастады. Енді Вераның әрекетке көшуі мүмкін. Тергеу тобы ширыға түсті. Әрі тек тыңдауға ғана емес, оның бөлмесінде не болып жатқанын да көруге мүмкіндік туды. Абылай: «Мұным дұрыс емес. Бірақ іс мүддесі үшін осылай істеуге мәжбүрмін», – деп өзін іштей ақтағандай болды.

Сол күні кезекті ауысымнан 9-00 шамасында үйіне оралған Вера әдеттегідей ұйықтап кете алмады. Санасынан анасы айтқан әңгіме шықпай қойды, бұдан соң не боларын ойлағанда, тіпті, ұйқысы қашып кетті. Анасының сыртта есік алдында көкөніс сатып отырғанын сезді, оның келер күндері санасын шанышып, жүйкесіне салмақ түсіре бастады. Басын ұстаған күйі бөлме ішін кезе жүріп, өз-өзінен сөйлеуде. Бұл кезде Абылай бастаған топ барлығын таспаға жазып отыр еді. Ол кенет үнсіз қалды. Сосын төсегі үстінде ілулі тұрған Сашаның үлкейтілген суреті алдына келіп, тізерлей отырды.

– Құдайым! Мені кеше гөр! Кеше гөр, Саша! Сенсіз маған қызық жоғын өзің білесің, антыма берікпін, талайлар сөз салғанмен, күйеуге де шыққан жоқпын. Сен өлген күні мен де өлгенмін, Саша! Тек сенің кегіңді қайтару үшін жүрмін. Ақшалардың көбін сенің мамаңа беріп жібердім өткенде келгенде… Бәрін айттым оған… Қайтейін… Өзің де біліп жатқан боларсың… Мен тек Әлішердің ғана көзін құртқым келді, Шарап қолымнан шап бермегенде аман қалар еді. Енді мені Әмит танып қойыпты. Амалым жоқ, оның көзін жоймасам болмайды. Саша! Ылғи түсіме кіресің, «Вера, Вера, Верочка», – деп жүресің. Сенің не жазығың бар еді… Неге олар жазаланбады? Енді не істеймін. Не істей аламын мен… Құдайым, өзің кеше гөр! Кеше гөр мені!

Осыдан соң ол орнынан тұрып, бетін жуып келді де, сөмкесіне дәрілер мен медициналық қолғап, шприцтер салынған қорапты салды, жастығының астынан ұзын отвертка алып, оны да сөмкеге сырт көз байқамайтындай етіп жайғастырды да сыртқа беттеді. «Ойбай-ау, мынау сол отвертка ғой… Оружие преступление… Апыр-ай, Вера жаңағы сөздерді айтпағанда бұл қылмысты дәлелдей алмас едік-ау… Сәті түсті, әрекетіміз нәтиже берді».

 Абылай жігіттеріне Көккөзовтің үйіне шұғыл жетуге бұйырды. «Көккөзов… Көккөзов! Нағыз қанышер сенсің ғой. Бірақ, бұл жолы мен сені қорғауға мәжбүрмін. Солай боп тұр. Қызметім солай… Парадокс… Сенің қолыңа кісен салуға жеткізер күн де туар…».

Үш жігіт Әмиттің үйіне тез жетіп, барлығын түсіндірді. Қандай түр көрсету керек, не айту қажет, қалай әрекет етуі туралы нұсқау беріп, өздері әр тұсқа жасырынды. Вера келгенмен, Әмит ешқандай ем қажеттігі жоғын айтып, нұсқауға сай оның жүйкесіне тие бастады. Міне, осы сәтте холлда өзге адам жоқтығына көз жеткізген Вера: «Түу, сіз де… бала құсап…», – деп сөйлей жүріп, қолындағы дәрі толтырылған шприцті Көккөзовтің иығына жақындата берген сәтте білегінен бір қарулы қолдың қатты ұстай алғанын сезді. Бұрыла қарап, бөлмеде тұрған қарулы жандарды көрген ол талықсып кетті.

Бір сағаттан соң Вера Орлова Абылайға жауап беріп отырды. Әуелгіде ештемені мойындағысы келмегенмен, дәлелдерді, аудио-видео жазбаларды көрсеткесін жылап жіберді.

– Мен сізді түсінемін. Сіздің неге бұлай жасағаныңызды да түсінуге болар. Бірақ, бұл – ақтау емес. Мен сізді ақтай алмаймын. Сіз қылмыскерсіз… Қазір де екеуміздің әңгімеміз бейнетаспаға жазылуда. Сіз мінәжатыңыз арқылы-ақ бар қылмысыңызда мойындап қойғансыз.

Абылайдың осы сөзінен кейін ол жылай отырып, барлығын баяндады. Содан соң тағы да тізерлей отыра қалды да: «Кеше гөр мені, Құдайым! Кеше гөр, Саша! Мен біттім… Енді шамам жоқ…», – деді еңірей жылап.

…Үш күннен соң Абылай Шымкенттен Астанаға ұшып келе жатты. Іс сотқа кетті, Вера Орлованың жазасын алары анық.

Алдажар Әбілов

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...