– Мақсат Серікұлы, соңғы жылдары борышқа неге сонша баттық? Бүгінде екінің бірі банкке қарыз десек асырып айтқандық емес. Тіпті, борышсыз адам жоққа тән дегеніміз дұрыс болар. Мұның негізгі себебі, халық табысының аздығынан. Десе де, банктер талаптарындағы кемшілік те жұртшылықтың жаппай қарызға батуына ықпал етіп жатқандай. Келісесіз бе?
– Бұл бүгінгі күнге дейін жеке тұлғаларды банкроттау туралы заңның болмауының салдары десек қателеспейміз. Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заңмен бірге жеке тұлғалар банкроттығы туралы заңды да қабылдауымыз керек еді. Сонда екінші деңгейлі банктер болсын, шағын қаржы орталықтары болсын, өзінің несие беру саясатын басқаша қалыптастырған болар еді. Яғни, шағын қаржы орталықтары жедел несиелер беру кезінде өзінің салымшыларына қатаң талаптар қояры анық. Қазіргі төленбеген несиелер мәселесі екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы орталықтарының кез келген тұлғаның табыс көзін дәлелдемей, төлем қабілетін толыққанды зерттемей қарыз үлестіруінің салдары. Мұндай талаптың болмауы адамдарды үлкен көлемде несие алуға ынталандырды. Мысалы, шағын қаржы орталықтарында тек қана жеке кәулікпен қарыз алуға болады. Оны тұтынушы төлей ала ма, оған экономикалық жағдайы келе ме, ешкім бұған назар аудармайды. Шағын қаржы ұйымдары тек өзінің табысын ойлады. Өйткені, бұл ұйымдар заңмен қорғалған. Егер тұтынушылар қарызын уақытында төлемесе, оларға әр күнге 0,5 пайыз көлемінде айыппұл салынады. Мысалы 100 мың теңгені қарызға алып, 2-3 ай төлемесеңіз оның көлемі 300-500 мыңнан асып кетеді. Бұл тұтынушының несиені төлеуге деген ынтасын жоғалтып жібереді. Осы тұрғыда заңмен қорғалған несиелік әділетсіздік орын алып тұр. Себебі, несие алушының мүддесі назардан тыс қалған. Осының салдарынан қазіргі таңда несиеге қатысты проблемалар туындап отыр.
– Яғни, қазір дайындалып жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы кеш қабылданған шара демексіз бе?
– Қазір несиелерін төлей алмай отырғандардың жалпы саны 2 миллионнан асып отыр. Егер де заң қабылданатын болса, ол үлкен коллапсқа алып келеді. Үкімет бұған дайын болу керек. Өйткені, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы орталықтарының қарызы жабылуы керек қой. Олар ақшасын несиеге берді, ал аталмыш заң талабы бойынша онысы қайтарымсыз болып есептеледі. Бұл олардың жұмысына зардабын тигізіп, банкроттыққа алып келуі мүмкін.
Бірақ ақиқаты сол – бұл заң керек. Соған орай екінші деңгейлі банктер несиелендіру саясатын да түбегейлі өзгерту керек.
– Қай бағытта?
– Алдымен олар қарыздың үстемақысын төмендету керек. Сол арқылы жоғарғы табысы бар, белгілі деңгейде қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған азаматтарға берілетін несие өсімақысын көбейткені дұрыс. Ұлттық банктің жылдық тиімді өсімақысы 49 пайыздан аспауы маңызды. Бірақ біздегі микроқаржы орталықтары бұл талапты орындағанымен, айыппұлды жоғары белгілейді. Қазіргі таңда кепілсіз 7 миллион теңгеге дейін алуға болады. Бұл, әрине, қызығарлықтай қаржы. Мұның сыртында оның өсімақысын бөлек көрсетеді. Сосын адамдар еш ойланбай, оны құдды бір тегін бергендей көріп, көзді жұмып ала салады. Жалпы, кез келген банктен несие алу кезінде пайыздық өсімақыға емес, жылдық тиімді өсімақыға назар аударған дұрыс.
– Үкімет жеке тұлғалардың барлығы банкроттыққа ілікпейді деді. Осы шараны жүзеге асырарда қандай мәселе ескерілу керек деп ойлайсыз?
– Заң қабылданғаннан кейін бәрібір жалпыны қамтиды. Оның сыртында 2 миллионнан астам адамның қазіргі таңда несие қоржындары қиын жағдайда тұр. Олардың барлығы бұл мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Екінші деңгейлі банктер кімді банкроттау керек екенін зерттейді ғой. Борышкерлерге банкроттық жариялау қаншалықты негізді екендігін анықтайтын комиссия құрылады. Мәселе осылай шешіледі.
– Банкроттау шарасы қалай жүреді? Бұл ретте борышкерлерге қойылатын талаптар бар болар?
– Банкротталу несиелік тарихына тікелей әсер ететін болады. Яғни, оған іліккен борышкерлер қара тізімге қосылуы мүмкін. Қазір біздің халқымыздың басым бөлігі пәтерсіз. Аталмыш талап болашақта мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотека алатын кезде алдынан шығып, кедергі тудырады. Осыдан көріп тұрғанымыздай, банкрот болғандар алдағы уақытта қарызға үй ала алмай қалуы мүмкін. Одан кейін шетелге шығуына тосқауыл қойылуы да ғажап емес. Сонымен қатар, болашақта жұмыс істеген кезде де банкроттығы алдынан шығуы ықтимал. Сондықтан борышкерлер «Жеке тұлғаны банкроттау туралы» заң қабылданды, мен өзімді банкротпын деп жариялаймын» деген шешімге ойланып барып келуі керек. Тек қана банктердегі несиені жабуды көздеп қоймай, алдағы жағдайларын ұмытпаған жөн.
Банктер де азаматтардың жағдайына орай шешім қабылдауы тиіс. Олардың экономикалық жағдайының төмендігін, төлем қабілеті жоқтығының себептерін зерделеу керек. Олар мысалы жұмыссыз болуы мүмкін немесе отбасында қайғылы жағдай орын алған шығар, мұндай жағдайда борышкерлерге 6 айға дейін өзіне-өзі келіп, қаржылық жағдайын түзеп алу үшін уақыт берген абзал. Осы кезеңде алты ай оған қоңырау шалмай, жайына қою керек.
Өзіңіз білесіз, бүгінде банктер несиесін төлей алмағандарға күніне бірнеше рет телефон шалып, жан алқымнан алады. Бұл адамды психологиялық тұрғыда шаршатып жібереді. Онсыз да қаржысы жоқ болып жүрген адамның мұндай сәтте мотивациясы төмендеп кетуі мүмкін. Ал, егер олар кем дегенде алты айға мүмкіндік алса, емін-еркін жүрсе қарызды төлеуге ынталанады. Қолынан келгенше нәсібін іздеп, несиені жабудың жолдарын қарастырады. Осы мәселені заң жүзінде бекіту қажет деп ойлаймын. Бұл бірақ несиелік тарихта көрініс табуы керек. Осыны банк ескерткені орынды. Заң жобасында осындай тетіктер қамтылуы тиіс.
– Жалпы, банктердің өсімақылары неге өте көп?
– Бұл енді кең ауқымды мәселе. Бұған макроэкономикалық көрсеткіштер, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты, тікелей қаржы-экономикалық бағдарламалар жүйелері әсер етеді. Десе де, тар ауқымда қарайтын болсақ, бізде ұлттық банктің жылдық мөлшерлемені көтеру туралы заңнамамен бекітілген шарты бар. Бұл ұйым кез келген нарықта несиелеу портфелінің шекті пайызын белгілеп, оның сақталуын қадағалайды. Барлық екінші деңгейлі банктер, микроқаржы орталықтары бизнес нысаны болып табылады. Олардың көздеген мақсаты – максималды пайда табу. Сондықтан бұл ұйымдар Ұлттық банк беріп отырған мүмкіншілікті қолдана отырып, үлкен пайызбен несие беруді дұрыс көреді. Теңгелік несиелерде пайыздық инфляция өте жоғары. Бұл экономикамыздағы тұрақсыздықтың салдары.
– Оларға қандай да бір шара қолдану қажет шығар? Несие халықтың мойнына түскен қамыт емес, мүмкіншілік көзі болуы керек емес пе?
– Бұл жерде мәселе саяси-экономикалық тұрақтылықтың жоғынан туындап отыр. Шын мәнінде Қазақстан дамыған елдер секілді ішкі нарығын сексен-тоқсан пайызға өз тауарымызбен қамтамасыз етсе, халықтың басым бөлігі орташа және жоғары деңгейде табыс алса, банктер төмендетілген несие беруге ынталанар еді. Дамыған мемлекеттерде халықтың жағдайы жоғары, олар несие алуға мұқтаж емес. Оларға мемлекет ұсынады. Ал бізде керісінше несиеге деген сұраныс өте жоғары. Осыны қолдана отырып, екінші деңгейлі банктер максималды деңгейде табыс табуды көздеп отыр. Бүгінде халықтың көбінде кем дегенде екі несиеден бар. Бұл экономикаға өте зиянды. Өйткені, халықтың жеке табысы жоқ. Тапқан табысын банктерге қарыз төлеу үшін жұмсап отыр. Оның қалтасында өзін-өзі дамыту, кәсіп ашуға қор қалмауда. Экономикалық моделіміз АҚШ-қа, Еуропаға жеткен жоқ. Біз өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмаймыз. Нарықтың барлығы импорттық тауарларға тәуелді.
– Бірақ бізде банктерді қолдау үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. Соған сәйкес банктер неге шарттарын тұтынушылар мүддесіне сай құрып, халыққа жанашырлық танытпайды?
– Бұл сіздің субъективті пікіріңіз ғой. Негізі банктер заң аясында жұмыс жасап жатыр. Бұл жерде үкімет тарапынан банкке талап болу керек. Үкімет банкке салымшыларды категорияға бөліп, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға несиені аз пайызбен бер деген сияқты міндеттер жүктеуі керек. Банкте халыққа жанашырлық жасау тетігі де жоқ. Егер мұндай қадамға баратын болса, онда олар үкіметтен көмек сұрайды. Бұл жерде Үкімет қаңтар оқиғасын ескере отырып, экономика үшін тиімді реформа жасағаны жөн.
– Әлемде жеке тұлғаларды банкроттау тәжірибесі қалай?
– Бұл шара бойынша әлемде жақсы тәжірибе қалыптасқан. Бізге Еуропаның үлгісі қолайлы. Жалпы, банкроттау әлемде компания үшін де, адам үшін де барлық әдістер ешқандай тиімді нәтиже бермегенде қолданылатын шара. Біріншіден, жеке тұлғалар бұл әдісті несиеден құтылудың амалы еместігін, енді тағы қарыз алып бұрынғыдай жүре беруге болмайтынын түсіну керек. Еуропада банкроттық деген шын мәнінде одан кейін қаржы жүйесінде мәңгілік қара тізімге алып, тіпті бөліп төлеу мүмкіндігі қолжетімсіз болатын, қолда бар активтердің тек ең қажеттісі қалатын процедура. Сондықтан бұл қадамға борышкерлер барынша ойланып барады. Бізде де кез келген адам төрт-бес миллион теңге несие алғаннан кейін ертесіне барып банкроттық жариялатып тұрмауы керек. Біздің халықты білесіз ғой, осындай жағдайға да бейімделіп алғандай. Ертең несие алып, үш айдан кейін банкротпын деп жатса таңқалудың еш жөні жоқ.
– Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңда қандай нормалар қамтылып отыр? Сіздіңше онда қандай мәселелер қарастырылуы керек?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл заң аясында жеке тұлғаны банкрот деп жарияланғаннан кейін несие алу құқына бір жола тыйым салынады. Меніңше, бұл тым қатаң талап. Біз борышкерлердің мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алуына кедергі келмеу жайын ойластырғанымыз жөн. Сол секілді жұмысқа қабылдау кезінде банкроттық назарға алынады. Мұны да өз басым қолдай алмаймын. Керісінше, мұндай дискриминацияның алдын алғанымыз жөн. Сондай-ақ, банкрот жарияланған тұлғаның шетелге шығуына тосқауыл қою қарастырылуда. Бұл да азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға кері әсерін тигізетін шара. Өйткені, олар ағылшын тілін білетін, шетелдік компаниялар үшін сұранысқа ие маман болуы мүмкін. Өзге мемлекетке кету бұл азаматтар үшін қабілетін пайдаланып, қайда болса да жұмыс істеп, табыс тауып, толыққанды оңалуына мүмкіндік алу жолы шығар. Сондықтан да мұндай шектеуден де аулақ болғанымыз жөн.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»