– Ләззат Мұқатайқызы, мемлекеттік қызметке, оның ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз?
– Жаңа бағыт, жаңа талап , өзге қоғам. Бұның барлығы мемлекеттік істегі өзгерістерді талап етеді. Мұндай жауапкершілікке көп адам шыдай бермейді. 2022 жылдың І жартыжылдығының қорытындысына қарасақ, мемлекеттік қызметке тұрған 120 азамат өз еркімен жұмысынан кетіпті. Оның басты себебі – мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптың жоғарылығы, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер, жалақының төмендігі және отбасылық факторлар. Бұл жас кадрлардың мемлекеттік қызметшілердің иығына түсетін талаптарға, шектеулерге және жауапкершілікке дайын еместігін көрсетеді. Мемлекеттік қызметке өзінің болашақ өмірі мен мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстыратын адамдар келуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызмет – бұл жай жұмыс емес, бұл – кәсіп. Сондықтан, жастар мемлекеттік қызмет мектебін бітіріп, онда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды игеріп, шектеулер туралы түсінікті саналарына түйіп келуі тиіс. Осы тұрғыда, «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысы мен көмегі орасан зор болмақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өткен. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы: «Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз», – деген болатын. Бүгінде Президент жұмысшы және шығармашыл жастардың барлық бастамаларын қолдайды. Тек нақты мақсаттар қойып, қажырлы еңбек ету қажет. Осыған байланысты жастар арасында Мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаттарын насихаттау мәселелерінде әріптестікті нығайту мақсатында Алматы облысында 2018 жылғы наурыздан бастап «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істеп келеді. Мектептің оқытушылар құрамына облыстың жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары таңдап алынды. Сондай-ақ «Жетісу» мектебінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының лекторлары және департамент қызметкерлері сабақ өткізеді. Мектеп ашылғалы бері төрт жылдың ішінде оны бітіріп шыққан 109 студенттің 28-і мемлекеттік қызметке орналасты. Олардың арасында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының студенттері бар. Жалпы, осы бағытта аталған жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Үйлесімді жұмыстың арқасында студенттер мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен принциптерін түсінеді, кәсіби құзыреттерді қалыптастырады және біліктілігін арттырады. Сондай-ақ, ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, білікті кадрларды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс істейді. Осы бағдарлама шеңберінде ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетіндерге 100 АЕК (306 300 теңге) мөлшерінде қайтарылмайтын қаражат төленеді және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін 1500 АЕК (4594500 теңге) сомасына ең төменгі пайыздармен кредит беріледі. Осы бағдарлама енгізілген сәттен бастап облыс бойынша 7 адам 30 628 500 теңге мөлшерінде несие алды, 18 адам жалпы көлемі 5 367 400 теңгеге жуық көтерме ақы алды.
– Елдегі соңғы жылдардағы өзгерістер мемлекеттік қызметшілерге қатысты талапты да күшейтті. Осы ретте, бүгінгі мемлекеттік қызметші бейнесі, оның әдеп нормасы мен қызмет барысындағы қарапайым азаматтармен қарым-қатынасы төңірегінде не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипатқа ие болып, қоғамға бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өткен болатын. Осыған байланысты мемлекеттік аппарат жүйесі де қоғамның талабына сай өзгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, кәсіби деңгейі мен олардың адами қасиеттері өзара үйлесім табуы керек. Жаңадан қабылданған Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің бойына осындай құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Бұл Кодекс ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын нақтылап, мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді сіңіруді басты мақсат етеді. Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттарымен бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылды. Енді мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары өз алдына жеке қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс. Міне, осы және өзге де талаптар жаңа редакцияға енгізілді. Сонымен қатар, олар бұрынғыдай қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануға және қоғамға жат мінез-құлық танытуына жол бермеуі тиіс. Дегенмен де әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте – сол қоғамның мүшесі. Ол Конституцияда, басқа да заңдарда көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы екендігін ұмытпауымыз қажет. Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге де қоғамның өзге мүшелері сияқты көңіл көтеруге, демалыс орындарына баруға, белгілі бір хоббиімен айналысуға тыйым салынбаған. Алайда, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, әдеп нормалары шегінен шықпауы тиіс. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысы бақылаусыз қалады деген сөз емес. Агенттік пен Әдеп жөніндегі уәкілдердің, сондай-ақ қоғамның тарапынан да бақылау күшеймесе, азаймайды. Жалпы айтқанда, Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте мәдениетті қарым-қатынасты қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлқының алдын алуға бағытталған.
– Жаңа Қазақстан бағдарламасы аясында мамандардың біліктілігін көтеру, бәсекеге қабілетті іскер азаматтарды қалыптастыру жобалары облыс көлемінде қалай жүзеге асып жатыр?
– Президент Жолдауында ұсынылған бірқатар саяси реформа қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген. Мемлекет басшысы «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп басты бағдарды анықтап берді. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз «мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз». Ал бұл мақсатқа жету үшін «әрбір адам және бүкіл қоғам, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс». Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипатта ұйымдастырылуы керек. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қажетінен шыға білу деген сөз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет, нақтырақ айтқанда, ондағы іске асырылып жатқан кадр саясаты біршама жоғары деңгейге көтеріліп, жаңартылды. Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарда өткізілген ішкі конкурстардың қорытындылары бойынша, 146 мемлекеттік қызметші тағайындалса, олардың 61,65%-ы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.Қазіргі таңда Алматы облысында 661-ға жуық мемлекеттік органда 6731 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Мемлекеттік қызметшілеріміздің сапалық құрамына тоқталсақ, жоғары білімді мемлекеттік қызметшілер саны 6232 бірлікті немесе 92,5%-ды құрайды. Кадрлық әлеуетті нығайтуға және арттыруға бағытталған, мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білікті жас мамандарды тарту жөніндегі жұмыстар да кең көлемде атқарылуда. Жыл басынан бері 509 бос және уақытша бос лауазымдарға агенттіктің интернет ресурсында хабарландырулар жарияланып, 330 бос лауазымдар білікті мамандармен толықты. Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын аяқтаған 15 қызметші, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған 5 қызметші және магистр дәрежесі бар 280 қызметші еңбек етеді. Тәлімгерлік пен тағылымдама сияқты институттар өздерінің нәтижелілігін көрсетуде. 160 мемлекеттік қызметші ге сынақ мерзімі тағайындалып, 153 мемлекеттік қызметші тәлімгерлікпен қамтылды, 37 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті.
– Алматы облысы мемлекеттік қызмет мекемесі сапалы, шынайы, әділетті, қолжетімді қызметті қарапайым азаматтарға ұсына алып отыр ма? Қоғамның бүгінгі бет алысын бағамдай отырып, өз мамандарыңыздың біліктілігін қалай бағалайсыз?
– Өзіңіз айтып отырғандай, бүгінгі таңда әрбір мемлекеттік орган өз қызметінде халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың өтініштерін қарап, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы тиіс. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің ең маңызды белгісі. Азаматтардың өтініштерін қараған кезде, біз құқықбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар олардың бұзылған құқықтарын қалыпқа келтіруге зор мән береміз. Егер мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына қатысты айтатын болсақ, онда азаматтар бізге көбінесе белгілі бір мемлекеттік қызметтердің заңсыз көрсетілмеуіне немесе көрсетілуіне болмаса сапасыз көрсетілуіне қатысты шағымданады. Бұл бағытта 2022 жылдың бірінші тоқсаны бойынша 3 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Яғни, Департаменттің ұйғарымдарынан соң, қызмет берушілер шығарған шешімдерін өзгертті. Осындай бұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу мақсатында бұл фактілер департамент жанындағы Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында тыңдалады. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі, әрбір өтініш егжейтегжейлі зерделенеді және өтініш берушілердің дәлелдеріне тиісті құқықтық баға беріледі.
– Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін жалпы жүйеге қандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізу керек деп есептейсіз?
– Мемлекеттік қызметтің ең үлкен кемшілігі – қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жайбасарлық. Бұл факторлар мемлекет қолға алған бастамалардың жүзеге асуына тұсау. Қаражат мемлекеттік мекемелердің кабинетін аралап, жетер жеріне жетем дегенше сан түрлі өткелден өтеді. Осыған байланысты жуырда Мемлекет басшысы «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен е сеп берушілікті қысқартады. Атап айтқанда, жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық беріледі.
Заманауи Қазақстанның мемлекеттік аппараты қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынады. Бұл үшін мемлекеттік қызметшілер жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, ыждаһатты және сындарлы болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Осы орайда өзіміздің жұмысымызды одан әрі жалғастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейміз.
– Мемлекеттік қызметшінің ашықтығы әдеп нормалары мен арнайы заңдарда (ҚР мемлекеттік қызметі туралы) таратылып көрсетілген. Осы тұрғыда, мемлекеттік қызметшінің жеке мүлкіне, иелігіндегі дүниелерге қатысты декларация толтыру мәселесі қазір қалай жүзеге асып жатыр? Осы сауал төңірегінде тартысты пікір көп. Бұл мәселедегі ұстанымыңыз қалай?
– Жалпы, мемлекеттік қызметшілермен кірістер туралы декларация тапсыру – ҚР Қаржы министрлігінің, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің, оның аумақтық департаменттерінің құзырындағы мәселе. Ал азамат, мемлекеттік қызметші ретінде менің жеке пікірім: мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде басшылық құрамдағы және саяси мемлекеттік қызметшілердің кірстері ашық, жария түрде болуы қажет деп есептеймін. Тек шынайы, жария түрдегі мемлекеттік қызмет қана халықтың сеніміне ие болады.
– Мемлекеттік қызметкерлер өздерін қалай дамытып, қай бағытта іздену керек? Нені оқып, қандай ұстанымда болуы керектігіне қатысты қандай нұсқау берер едіңіз?
– Әр саналы адам еңбек етіп, өз елінің бір кірпіші болып қалануды мұрат ететіні анық. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің мақсаты ерек, міндеті үлкен. Мемлекеттік қызметке келген әрбір азамат өзінің қоғам алдындағы да, халық алдындағы да зор жауапкершілігін сезінуі тиіс. Өйткені мемлекеттік қызмет дегеніміз – елге, Отанға қызмет ету деген сөз. Ал осы абыройлы қызметтің мінсіз болуы – ол әр мемлекеттік қызметкердің өз қызметін мінсіз істеуі. Жалпы, кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында да мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігімен қоса адамгершілігі де жоғары деңгейде болу керек. Өйткені маман қанша білімді болғанмен де, өз еліне жаны ашымайтын болса, онда ол нағыз мемлекеттік қызметкер бола алмайды. Қазіргі уақытта кез келген азамат жасына, ұлтына қарамастан, мемлекеттік қызметкер бола алады, бірақ ол үшін арнайы үш сатылы сынақтан өтуі қажет. Олар – қарапайым әрі қажетті сынақтар. Яғни, мемлекеттік қызметкердің бойында болуға тиісті жеке қасиеттер мен ҚР заңдарын білуге тест тапсырады. Тесттен өткен үміткер мемлекеттік органдарда конкурсқа қатысады. Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің абыройы, мемлекеттің беделі. Сол себепті әр мемлекеттік қызметкердің бір қателігі немесе бір жетістігі мемлекеттік қызметтің абыройымен өлшенетіндігін білген жөн. Жалпы, мемлекеттік қызметті тек мансап деп қарайтындарды өз қызметін бағаламайтындар дер едім. Себебі, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Өз жұмысынан рухани күш алатын маман – қызметте білікті, өмірде бақытты адам деген сөз. Ал білікті маман, бақытты адам өз елінің көркеюі үшін еңбек етері хақ.
– Шынайы әңгімеңіз үшін үлкен рақмет! Ісіңіз табысты болсын!
Сұхбаттасқан Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, «Заң газеті»