Мен ұстаз ретінде, бала өсіріп отырған ана ретінде, күні кеше Алматы көшелеріне шығып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын шайқалтқандардың қылмыстық іс-әрекеттерін мүлдем құптамаймын. Кешегі ойран салған содырлар тобы, Алматы қаласының екі миллион тұрғынның пікірін білдіре алмайды. Бұл қанды оқиғаға, құқыққорғау органдары тарапынан заңды түрде баға берілуі тиіс, ал қылмыс жасағандар анықталып, кінәлілер заң аясында, қатаң жазаға тартылулары қажет.
Осы орайда, мемлекет және қоғам қайраткері, кемеңгер жазушы Әбіш ағамыздың – мың өліп, мың тірілген, талай нәубетті, зобалаңды бастан кешкен қазақтың өткен тарихын, ел басына күн туған сын сағаттарын зерделеген, қорытынды жасаған, онда келтірілген дүниелер әлі де құндылығын жоғалтпай, қазіргі болған оқиғалармен үндесіп жатқан сияқты. Сондықтан да асыл ағамыздың Әйтеке би туралы жазған мақаласынан үзінділер келтірейін:
«…Баяғы қасіреттерімізді сөз еткенде, бүгінгі ынтымағымызды, кешегі өкпелерімізді айтқанда, ертеңге деген үміттерімізді ұмытып кетпегеніміз жөн. Ертең ел боламыз деп отырғандардың бәрі де бұл қонысқа аспаннан түспегені, сол бағзыдағы бабалардың ұрпақтары екені естен шығып кетпесін. Тарих – жүрегіңнің тілі, сүйегіңнің діні. Қазақ үшін «сүйек сындырудан» асқан сөлекеттік, бет жыртысудан асқан берекетсіздік болмайды. Жауға істеріңді ағайынға істеу, сыртқа көрсете алмай жүрген айбатыңды ішке көрсету, мәрттік емес, нәмәрттік. Ел басына туған қиын заманда бабалар жаға жыртыспаған. Сүйек сындырыспаған, ұрпаққа адал болған. «Ел болмас елдің төбесіне ту тұрақтамас, төресіне тәж тұрақтамас» деген бар. Көрінген тентек тепсініп барып, теуіп кете берсе, ту қайтіп тұрақтайтын еді. Жұлқынып барып, жұлып алып жүре берсе, тәж қалай тұрақтайтын еді? Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, бәріміз де мәре-сәре болып жатқанда ұрыншақ емес ұғымсақ, тиісек емес үйірсек болуымыз келіңкірейтін тәрізді. Тепсінсек – Махамбеттің тындырғанын тындырып алып, тепсінейік…».
Қанша мен деген данышпан, ғалым, жазушы, әкім, қоғам қайраткері болса да, дәл осылай ешбір пенде ел бірлігі жайлы тебірене жазбаған болар, сірә. Жарықтық Әбіш аға осы кездері тірі болғанда, қолына ту алып, халықтың алдына шығары сөзсіз еді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» – деп елді сабырға шақырып, осы ойранның алдын алған болар ма еді?!
Партия мүшесіне қабылданбастан бұрын, «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің жарғысымен мұқият танысқан болатынмын. Жарғыда жазылған ережелер, былай қарағанда, өте керемет, дұрыс жазылған, яғни тек халықтың мүддесін ғана қорғайтын бірден бір партия. Менің жеке пікірімше партия жарғысы өте күрделі жазылған, көлемі өте ауқымды. Шыны керек, оны түсіну үшін қайта-қайта оқу керек. Ресей Федерациясының «Единая Россия» партиясының жарғысымен де танысқан едім. Сонда байқағаным, біздің жарғыдағы көптеген ережелер, Ресей партиясының жарғысынан көшірілген сияқты көрінді. Партия жарғысы 01.03.1999 жылы қабылданған күннен бастап, осы болатын кезексіз съезге дейін 23 жылға таяу уақыт өткен. Сол аралықта, «Nur Otan» партиясының кезекті, кезексіз жиырма съезі өтіп, партия жарғысына бар болғаны алты рет өзгертулер мен толықтырулар ғана енгізілген. Партияның жұмысы да тірі организм сияқты, яғни қоғамда болып жатқан өзгерістерге сай, оның жұмысы да өзгеріп тұруы, жаңартылуы керек болатын.
Партияның жарғысы толықтырылып өзгерістер енгізілсе осы көтерілген мәселелер де толыққанды қаралып, қазіргі елімізде қалыптасқан саяси жағдайға сай шешілгенін қалар едік.
Ертеректе, яғни сол кездері «Nur Otan» партиясының» хатшысы болған, ал қазіргі таңда Мемлекеттік хатшы лауазымындағы Ерлан Карин мырзаның журналистерге берген бір сұхбаты есте қалыпты. Сонда ол еліміз бойынша, сол кезеңге дейін (одан бері де төрт-бес жыл өткен сияқты) бір миллионға жуық партия мүшелері бар екендігін, мақтанышпен атап өткен еді. Алматыда, Таразда, Қызылордада және тағы басқа қалаларда бүлікшілер «Nur Otan» партиясының ғимараттарына шабуыл жасап, соңынан өртеп жібергендерін өз көзімізбен көрдік. Осындайда, сол кездері миллионға жуық «Nur Otan» партиясының мүшелері қайда болды деген заңды сұрақ туындайды?! Партия мүшелері неліктен оларға дер кезінде тойтарыс бермей, өз бастарын сауғалап, ғимараттарын тастай сала қашты?! Елімізге шабуыл жасаған содырлардың саны жиырма мыңдай делінген хабар тарады, осылай бола тұрса да, не себепті соларды ауыздықтауға партияның миллион мүшесінің шамасы келмегені таң қалдырады.
Қазір БАҚ беттерінде, елге белгілі болған бірен-саран азаматтардың партия қатарынан шығуға арыз беріп жатқандарын көруге болады. Сондықтан, болашақта партия мүшелерінің көптігіне, қыруар санына емес, сапасына, патриоттық сезімдеріне назар аудару қажет.
Сондай-ақ, БАҚ беттерінен, теледидардан көріп жүргеніміздей – соңғы кездері өткізілген «Nur Otan» партиясының кезекті, кезексіз съездері ел деңгейіндегі үлкен шоуға айналып кетті. Съезд делегаттары, партия басшылары, қатысып отырған қонақтар біркелкі сары-ала киімдер киіп, мойындарына сары шарфтарын тағып, ырду-дырду жалаң ұрандар тастаумен, бір кісінің басын дәріптеумен ғана шектеліп жатады. Келешекте мұндай арзан ойын-сауыққа шектеу қойып, съезд жұмысы тек партия жарғысы талаптарына сай өтулерін қатаң бақылау қажет.
Сонымен қатар, Партия жарғысының 14.4-бабының талаптарына сәйкес – Партияның жалауы мен логотипін де түбегейлі өзгерту қажет деп санаймын. Бұл мәселені съез делегаттарының, қалың жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, шешу қажет.
Ал, Партияның әнұраны ретінде, ҚР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін таңдаса болады деп ойлаймын (сөзін жазған белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі). Өйткені, бұл ән рухты оятып, жігер-күш беретін, қазақ халқының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген нағыз патриоттық туынды, Ән басталған сәтте-ақ, барлық қазақ жатқа айтып, қосыла жөнелетін бірегей әндердің бірі.
А.Матибаева,
Алматы технологиялық университетінің «Тағам
технологиялары» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы»
кафедрасының қауымдастырылған профессоры