Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру. Бұл өз кезегінде олардың қолжетімділігін, ашықтығын және тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы жүйеде Қазақстан Республикасы сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою мемлекеттік қызметі ерекше орын алады. Аталған қызмет шетелге оқу, жұмысқа орналасу, неке қию, кәсіпкерлік қызмет жүргізу немесе сот және өзге де құқықтық рәсімдерге қатысу мақсатында шығатын азаматтар үшін аса өзекті.
Апостиль – бұл құжаттың түпнұсқалығын, сондай-ақ оған қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін растайтын арнайы мөртаңба. Ол 1961 жылғы Гаага конвенциясының талаптарына сәйкес қойылады және шетелдік ресми құжаттарды консулдық заңдастыруды талап етуді жояды. Осылайша, апостиль қойылған қазақстандық құжаттар аталған конвенцияға қатысушы мемлекеттер аумағында заңды күшке ие болады.
Бұрын апостиль алу рәсімі белгілі бір қиындықтармен байланысты болатын. Азаматтар сот органдарына жеке жүгініп, қажетті құжаттарды жинап, кезекте тұрып, рәсімдеуге көп уақыт жұмсауға мәжбүр еді. Әсіресе бұл шалғай елді мекен тұрғындары үшін қолайсыздық туғызатын.
Бүгінде цифрлық шешімдердің енгізілуі нәтижесінде жағдай түбегейлі өзгерді. Электрондық үкіметтің egov.kz веб-порталы арқылы апостиль қою қызметі онлайн форматта қолжетімді болды. Бұл мемлекеттік органдармен тікелей байланыстарды азайтып, уақыт шығындарын қысқартуға мүмкіндік берді.
Электрондық формат азаматтарға бірқатар маңызды артықшылықтар береді. Ең алдымен, өтінішті интернетке қолжетімді кез келген жерден және кез келген уақытта беруге болады. Сонымен қатар, пайдаланушылар жеке кабинеті арқылы өтініштің қаралу барысын нақты уақыт режимінде бақылап, оның мәртебесі туралы хабарламалар ала алады.
Қызметті онлайн алу рәсімі барынша жеңілдетілген және бірнеше кезеңнен тұрады. Порталда авторизациядан өткеннен кейін тиісті қызметті таңдап, электрондық өтініш нысанын толтыру, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау, қажетті құжаттарды қоса тіркеу және мемлекеттік бажды төлеу қажет.
Қазақстан Республикасы сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою үшін мемлекеттік баж мөлшері әрбір құжат үшін 0,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Төлемді портал арқылы онлайн түрде жүзеге асыруға болады, бұл рәсімді одан әрі жеңілдетеді.
Осыдан кейін өтініш автоматты түрде сот органдарына қарауға жолданады.
Электрондық форматта қызмет көрсету мерзімі небәрі бір жұмыс күнін құрайды, бұл дәстүрлі рәсімдермен салыстырғанда айтарлықтай тиімді көрсеткіш. Қарау нәтижесінде өтініш берушіге апостиль қойылған құжат немесе дәлелді бас тарту ұсынылады.
Сонымен қатар, қызметті дәстүрлі тәсілмен алу мүмкіндігі де сақталған. Интернетке қолжетімділігі жоқ немесе цифрлық дағдылары жеткіліксіз азаматтар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуіне болады. Бұл жағдайда жеке куәлік, сот құжаты, мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек, қажет болған жағдайда сенімхат және жеке деректердің өзгергенін растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.
ХҚКО арқылы жүгінген кезде қызмет көрсету мерзімі облыс орталықтары мен ірі қалаларда бір жұмыс күнін, ал басқа елді мекендерде бес жұмыс күніне дейін құрайды.
Қызмет көрсетудің электрондық форматын енгізу бүкіл жүйеге оң әсерін тигізуде. Біріншіден, өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, мемлекеттік органдарға түсетін жүктеме азаяды. Екіншіден, адами фактордың ықпалы төмендеп, қателіктердің алдын алу мүмкіндігі артады. Үшіншіден, барлық процестердің ашықтығы қамтамасыз етіледі, себебі әрбір кезең жүйеде тіркеліп отырады.
Сонымен қатар, цифрландыру бюрократиялық кедергілерді азайтып, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Қызметті мемлекеттік органдарға бармай-ақ алу мүмкіндігі азаматтар үшін қолайлы әрі түсінікті жағдай қалыптастырады.
Азаматтарды электрондық қызметтердің мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру да ерекше маңызға ие. Бұл цифрлық сервистерді кеңінен қолдануға және мемлекетпен өзара іс-қимылдың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, апостиль қою қызметін электрондық форматқа көшіру – азаматтарға бағдарланған, тиімді және заманауи мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Цифрлық технологиялар күнделікті рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, ашықтық пен қолжетімділікке негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастырады.
Алдағы уақытта электрондық қызметтерді одан әрі дамыту олардың сапасын арттырып, функционалын кеңейтуге және азаматтардың қанағаттану деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қазақстан цифрлық болашаққа нық қадам жасап, мемлекеттік қызметтерді әрбір азамат үшін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуде.
«Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің Ұлытау облысы бойынша Департаменті» РММ-нің ұйымдастыру-талдау бөлімінің басшысы Қ.Татиманова


