Жетісу облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Кербұлақ орталық аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін пайдалануға берілді.
Кербұлақ орталық аудандық ауруханасының тарихы 1986 жылдан басталады. Көп жыл бойы аудан халқына қызмет көрсетіп келген медициналық мекеменің ғимаратында 2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биыл толық аяқталды. Нәтижесінде аурухана ғимараты жаңартылып, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасалды.
Аурухананың қайта ашылу рәсімінде Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Халықтың денсаулығын сақтау және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттердің бірі. Кербұлақ аудандық ауруханасының жаңартылып, қайта пайдалануға берілуі аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға. Біздің міндетіміз – заманауи инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар, білікті мамандарды тарту мен кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз», – деді Алмагүл Сахиқызы.
Аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл осы мақсатқа 148,4 млн теңге бөлініп, 83 бірлік медициналық техника, 601 жиһаз және төсек-орын жабдықтары сатып алынды.
Қазіргі таңда медициналық мекемеде компьютерлік томограф, рентген, маммограф және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттары жұмыс істейді. Бұл жабдықтар ауруларды ерте анықтауға, диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және аудан тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Кербұлақ ауданында жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайтын 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында 6 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт бар.
Медициналық көмектің сапасын арттыруда кадр мәселесі де маңызды. Қазіргі уақытта Кербұлақ ауданында дәрігерлер тапшылығы 4 маманды құрайды. 2024 жылдан бері ауданға 14 дәрігер жұмысқа қабылданған. Алдағы уақытта да медициналық ұйымдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.


