2026 жылғы 1 шілдеде елімізде дербес Кассациялық соттар қызметін бастағанына бір жыл толды. Бұл оқиға отандық сот жүйесінің дамуындағы маңызды белес, әрі сот төрелігін жетілдіруге бағытталған реформалардың маңызды кезеңдерінің бірі екені мәлім. Жаңа кассациялық сатының негізгі міндеті заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, заңнаманың біркелкі қолданылуын қалыптастыру және сот қателіктерін уақытылы түзету болды.
Бір жыл ішінде Кассациялық соттар ұйымдастырушылық тұрғыдан маңызды қалыптасу кезеңінен өтті. Соттар және Департамент ұжымы жасақталды, әкімшілік жұмыс үдерістері жолға қойылды, барлық сот сатыларымен, мемлекеттік органдармен және сот процестеріне қатысушылармен тиімді өзара іс-қимыл қамтамасыз етілді. Бүгінде жаңа институт Қазақстан Республикасының сот жүйесінде лайықты орын алып, өзіне жүктелген міндеттерді табысты атқарып отырғанын сеніммен айтуға болады.
Сонымен қатар, сот қызметін тек қаралған материалдардың санымен ғана бағалау мүмкін емес. Сот төрелігінің сапасы, азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейі және бұзылған құқықтардың тиімді қорғалуы әрдайым басты өлшем болып қала береді. Дегенмен статистикалық көрсеткіштер атқарылған жұмыстың ауқымын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Қызметтің алғашқы жылы ішінде Кассациялық соттарға 99 817 кіріс құжаты келіп түсті.
Оның ішінде:
азаматтық істер бойынша – 12 599 кассациялық шағым;
қылмыстық істер бойынша – 7 699 кассациялық шағым;
әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша – 2 640 кассациялық шағым;
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс тәртібімен қаралатын әкімшілік істер бойынша –
5 235 кассациялық шағым.
Осы кезеңде 71 760 шығыс құжаты дайындалып, жолданды.
Бұл көрсеткіштер Кассациялық соттар аппараттарының ауқымды жұмысын ғана емес, сонымен қатар жаңа кассациялық сатыға деген жоғары сұранысты да айқын көрсетеді. Әрбір келіп түскен шағым –объективті әрі бейтарап сот бағасын күтетін заңды тұлғаның, азаматтың өтініші. Әрбір процессуалдық құжаттың артында нақты адамдардың тағдыры, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және әділдікті қалпына келтіру мәселелері тұр.
Өтініштердің ең көп бөлігін азаматтық істер бойынша кассациялық шағымдар құрады. Бұл азаматтық сот ісін жүргізудің әлеуметтік маңыздылығының жоғары екенін және азаматтардың сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға заңмен берілген құқықты белсенді пайдаланып отырғанын көрсетеді. Қылмыстық және әкімшілік істер бойынша келіп түскен шағымдардың едәуір саны да кассациялық тетіктің заңдылықты қамтамасыз етудің тиімді кепілдігі ретінде сұранысқа ие екенін дәлелдейді.
Қызметтің алғашқы жылы Кассациялық соттардың жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру кезеңіне айналды. Бұл ретте сот әкімшілігін жетілдіруге, құжаттамалық қамтамасыз ету сапасын арттыруға, ішкі процестерді цифрландыруға және өтініштердің уақтылы қаралуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сот жүйесін жетілдіруге бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – дербес кассациялық соттарды құру екенін ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.
Осы тұрғыдан алғанда, Кассациялық соттардың қызметі Әділетті Қазақстанды құрудың жалпы стратегиясымен толық үндеседі. Оларды құру сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау тетігін жетілдіруге, Жоғарғы Сот пен кассациялық саты арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға мүмкіндік берді. Мұндай тәсіл бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде Кассациялық соттар заманауи сот жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын сеніммен айтуға болады. Қызметтің алғашқы жылында жаңа институттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның одан әрі дамуына берік негіз қаланды. Ұйымдастырушылық қалыптасу кезеңі сәтті аяқталды, соттар, олардың аппараттары және сот процесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктері қалыптастырылды.
Сонымен бірге, қол жеткізілген нәтижелермен шектелуге болмайды. Сот жүйесі уақыт талабына және қоғамның сұранысына сай үнемі жетіліп отырады. Алдағы кезеңдегі басым бағыттардың қатарында сот әкімшілігін одан әрі жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, электрондық құжат айналымын дамыту, соттардың қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету сапасын арттыру және бірыңғай сот практикасын одан әрі қалыптастыру міндеттері сақталады.
Т.Е. Молдаханов
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі
Кассациялық соттар департаментінің
басшысының орынбасары


