12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӘСІБІН БАСТАЙМЫН ДЕГЕН АРУЛАРҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Қыз-келіншектерді жұмыспен қамту, жаңа кәсіп игеруіне жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымды. Ал оның нәтижесі қалай? Айымдар мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана алып отыр ма? Осы мәселеге қатысты «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің жетекшісі Айдана ТОҒЫЗБАЕВАНЫҢ пікірін білген едік.

«Бір ауыл – бір өнім»

Жұмыспен қамту, шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мемлекеттің жіті назарында. Сонымен бірге, әйелдердің жаңа кәсіп меңгеріп, өз бетінше жұмыс істеуіне «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да зор көңіл аударып отыр. Соның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының орны бөлек. «Бір ауыл – бір өнім» (One Village One Product) жобасының тарихы Жапонияда 1979 жылдан басталады. Ондағы Оита деп аталатын префектурадан, яғни өңірден басталған даму бағдарламасын аймақ губернаторы Морихико Хирамацу деген кісінің өзі қолдаған. Өйткені, 1970 жылдары басталған индустриализация кезінде Жапонияда жастар жұмыс пен жайлы өмір іздеп ауылдан қалаға қоныс аударып, онда тек егде жастағы адамдар ғана қалған. Сондықтан ауылдар мен ондағы тұрғындардың хал-жағдайы біртіндеп төмендей бастады. «Бір ауыл – бір өнім» аймақтық даму бағдарламасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған үлкен қозғалысқа айналады. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – қоғамдастықтар арқылы жергілікті шикізаттардан қосылған құны жоғары тауарларды өндіру арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Кейін ол біртіндеп тек Жапонияға ғана емес, әлемнің өзге елдеріне де тарала бастады. Бүгінде ол Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен 20 шақты елде жүзеге асуда. Оның ішінде біздің Қазақстан да бар. Қазақстандағы бұл жобаның бастамашысы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі. JICA мәліметіне қарағанда, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына қатысушы елдер арасында оны ең сәтті жүзеге асырған Қырғыз Республикасы болып отыр. Онда ол 14 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр.

Сондықтан Қазақстандағы жоба қысқа уақытта және барынша нәтижелі болуы үшін Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі сарапшыларының ғана емес, Қырғызстандағы бағдарлама жетекшілерінің ақыл-кеңестері тыңдалып, жобаны елдің жағдайына сәйкестендіруге көп көңіл бөлінді. Өйткені бұл бағдарлама Жапонияда жергілікті қоғамдастықтардың кооперациясы арқылы жүзеге асты және онда ешкім жетекші болған жоқ. Қатысушылардың бәрінің құқы мен міндеті бірдей болды. Қырғызстанда жобамен жұмыс жасап жүрген кісілер «Сендер осы жобаны тез арада көтергілерің келсе, кооперация қиындау болады. Себебі, әйелдер болған соң және бәрінің құқы тең болған соң онда кейін келіспеушіліктер туындап, өзара ұрыскеріс орын алуы мүмкін. Сондықтан ерекше өнім өндіретін әйелдерді іздеп тауып, өзгелерді соған тартқан тиімді. Сонда бәрі оны көшбасшы деп қабылдап, айтқанын тыңдайды және нәтижесін уақыт оздырмай тез арада көруге болады» деп өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазір онда бұл бағдарлама бойынша 70 шақты ауыл өз өнімін ел ішінде ғана емес, Жапония, Қытай, Корея, Қазақстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Испания және Еуропаның басқа да елдеріне шығарып жүр. Мәселен 2021 жылы «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында өндірілген өнімнің 46 пайызы экспортқа шығарылған. Сондықтан 2023 жылы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров «Бір ауыл – бір өнім» ұлттық экономикалық жобасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Олар енді оны тек Ыстықкөл аймағында ғана емес, бүкіл республика аумағына таратып, бұдан ары зор нәтижелерге жету үшін мемлекеттік органдардың, қорлардың, академиялық ортаның, қауымдастықтар мен бизнес секторының күш-жігерін біріктіруге күш салуда. Ұлттық жоба бойынша өнімдерді көбейту үшін оны сататын арнайы дүкендер ашуды да жоспарлап жатыр.

Үздіктерді бренд-комитет анықтайды

Қазақстанда пилоттық жоба 4 облыста басталды. 2022 жылы басталған жобаға Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары қатысты. Олардың ішінде ең жақсы көрсеткіш Маңғыстау облысында болды. Онда қатысушылар жүн өнімдерін, ойыншықтар, киім-кешек жасады. Сосын бұл жобаны мемлекет те қолдады. Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қазақстандағы 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы толық қамтып, әр ауданнан бірегей өнім өндіретін әйелдер ізделді. Сөйтіп 519 әйелді тауып, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқаулары аясында барлық өңірде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесі өткізілді. Онда мемлекеттік, қоғамдық өкілетті ұйымдар мен мекемелердің өкілдерінен құралған Бренд-комитеттер жергілікті шикізаттан жасалған ең үздік 60 тауар өндірушіні анықтады. Мысалы Астана қаласында өңірлік көрмеде 70 өндіруші қатысып, оның ішінен 3 финалист таңдалды. Бренд-комитет құрамында кейбір өңірде 14 адам болса, кейбір өңірде 42 адам болды. Олардың арасында журналистер, қауымдастық басшылары, жұмыс берушілер, мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам белсенділері бар. Мәселен, Маңғыстауда облыс әкімі Бренд-комитетті өзі жүргізеді. Кейбір өңірлерде әкімнің орынбасары, енді біреулерінде басқарма төрағасы жүргізді. Олар үміткерлер арасынан үздік үшеуін таңдады. Онда қатысушылар кәдімгідей өз өніміне таныстырылым жасады. Жергілікті шикізаттан жасалуынан бөлек, осыны шетелге шығаруға болады деген тауарларға да мән берілді. Әрине 519 қатысушының ішінен іріктеліп, ақтық кезеңге жолдама алған 60 өндірушінің бәрінің өнімін бірдей экспортқа шығару міндет болған жоқ. Былтыр Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен келісімге қол қойып, олар өз ақшасына бізге сарапшылар жіберді. Шетелдік сарапшылар шетелге шығатын өнімді таңдап, келісімшартын дайындауға көмектеседі. Өйткені бізге тауарды шетелге тікелей шығару қиын болып тұр. Ауыл әйелдері өндіретін тауарлар арасында тез бұзылатын тағамдар аз емес. Түрлі консерванттар қосылмаған және экологиялық жағынан да таза өнім болғандықтан тез бұзылатын мұндай тауарларды шетелге шығару мүмкін емес. Бірақ, олар Қазақстандағы түрлі дүкендерге жіберіліп сатылады. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер де қолдап, өндірушілердің жәрмеңкелерде өз өнімін сатуына арнайы орын береді.

Жалпы ақтық сынға жолдама алған 60 өндірушінің 21-і әр жерден түрлі мемлекеттік және шетелдік ұйымдар мен даму институттарының гранттарына ие болды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар көп жағдайда грант беретін не өзге де қолдаулар көрсететін түрлі даму институттарының барынан хабарсыз болғандарын, мемлекеттен қолдау бар екенін білмегенін айтып жатады. Тағы бір қиыншылық ауыл әйелдері өндіретін өнімдердің бәрінің сертификаты жоқ. Сертификат алу үшін оларда арнайы жұмыс орны болу керек. СЭС талабы бойынша жеке пәтерде жасалған тамақ өнімдеріне сертификат берілмейді. Сондықтан жобаның ақтық сынынан шыққандар арасында да жеке нысанға қол жеткізе алмай жүргендер бар. Олардың 60-70 пайызы ғана әкімдіктердің көмегімен оған ие болды не құрал-жабдығын СЭС талабымен өздерінің басқа да ғимараттарына орнатып, сонда өз өнімдерін өндіре бастады.

Мамандар кеңесінің пайдасы көп

20 өңірден іріктеп алынған 60 әйелдің өндірген өнімдеріне маркетингтік қолдау көрсетіп, әрбір өнімге жеке-жеке дизайн, қаптама жасауды кәсіпкерлер палатасы өз жауаптылығына алған. Басқа мемлекетке, басқа менталитеттегі халыққа жіберілетін өнім болған соң, алдымен сол елдің ерекшелігін зерттеп, білу керек. Мысалы, мексикалықтар қызыл-жасыл, жапондықтар ақ, қара, сұр түсті жақсы көреді. Сол сияқты жапондар кішкене заттарды жақсы көрсе, басқа халықтар алатын бұйымдарының көзге бірден көрінетіндей үлкен болғанын қалайды. Сондықтан қатысушылар арасында 20 шақты тегін оқу-семинары жүргізілді. Әртүрлі технологтар, тамақ дайындауды зерттеумен айналысатын институт ғалымдары дәріс оқыды. Олар химиялық қоспалар қоспай өнімнің сақтау мерзімін қалай ұлғайтуға болатынын түсіндірді. Мысалға бір өңірде ет өнімдері бойынша жобаны ұтқан адам болды. Технологтар оларға етті пісіргенде 90 градуспен емес, 73 градуспен пісіруге кеңес берді. Сонда пісіру уақыты ұзарғанмен, сорпасының түсі барынша қанық, дәмді және сақтау мерзімі де ұзағырақ болады екен. Мұндай кеңестердің кәсіпкерлер үшінмаңызы зор. Себебі ондай білім өңірлерде жетпейді. Бұдан бөлек өнімді инстаграм әлеуметтік желісінде, wildberries, ozon сияқты платформаларда қалай сату керек екенін де үйрету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, финалға өтпей қалғандарға да тегін сабақтар жіберілді. Тек персоналдық оқуды арнайы шақыртылған кәсіби біліктілігі жоғары, білімі мен тәжірибесі озық сарапшылар барлық қатысушыға емес, ақтық сынға шыққандарға жеке өткізді. Мұндай сабақтарға бір ауылдан бір ғана адам қатыссын деген шектеу жоқ. Кімнің өнімі үздік, сол қатысады. Бұл ретте ауыл емес, өңірдегі өндіруші таңдалатынын ұмытпаған абзал. Астанадағы «Қазақстанның үздік тауары» деген көрмеге финалға шыққан 60 үміткердің 34-і ғана келді. Олар 2 күнде 3,9 млн теңгенің тауарын сатты. Олардың номенклатурасы әртүрлі. Мысалы, бір қатысушы сабынды жаңа бастаған кезде 5 түрін ғана жасаса, қазір 38 түрін шығарады. Әртүрлі шөппен, сүтпен деген сияқты. Қолөнершінің жұмысы болған соң олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Әр өнімі бір номенклатура боп кетеді.

Азаматтар да қолдаудан шет қалмайды

«Бір ауыл – бір өнім» жобасына 20 өңірден қатысқан 519 адамның бәріне сертификат берілді. Оқыту, мамандар кеңесін олар да алды. Кәсіпкерлер палатасы клиенттерге «Даму» қорынан және екінші деңгейлі банктерден қалай кредит алуға болатынын, олардың қайсысында қандай талаптар барын және олар қай өңірде қандай шарттармен берілетінін, қандай гранттар барын және мемлекеттік, мемлекеттік емес қолдауға қатысты өзге де ақпаратты ұсынады. Өңірлік палаталардағы мамандар кәсібін бастағысы келген әйелдерге тегін қызмет көрсетеді. Мысалға, бухгалтердің, заңгердің қызметі тегін. Грант алғысы келсе, бизнес жоспар да тегін жасалады. Ал, нарықта оны өзге ұйымдар ақылы жасайды. Биыл әр өңірде болмаса да, Астана мен Алматыдан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өндірілген тауарларды сататын дүкендер ашу жоспарланып отыр. Қазір әкімдіктермен келіссөз жүргізілуде. Экономика министрлігінің, әкімдіктің қолдауымен жобаға қатысушылар үшін ғимараттар, бөлмелер алуды қолданыстағы бағдарламаларға енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, әйелдер ғана емес, енді ер адамдардың да жобаға қатысуына мүмкіндік берілмек. Бұған біріншіден, 2023 жылы ер адамдар тарапынан реніш білдірушілердің көптігі әсер етсе, екіншіден, әйелдер ұсынған өнімдер арасында тез бұзылатын тауарлардың көптігі де түрткі болды. Ер адамдар негізінен теміршілік, зергерлік және былғарыдан жасалатын өнімдер ұсынуда.

Жазып алған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Между реформами и ограничениями

Свобода слова остается одной из важнейших тем в общественно-политической...

Сөз қадірі — өз қадіріміз!

Тіл — қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де...

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттары

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім...

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді

9-14 мамыр аралығы Алматы облысында Халықаралық «Ұлы дала жорығы»...