Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сай, неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Қай елдің заңын алып қарасақ та, бала мемлекеттің басты назарында. Тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымы 1989 жылғы 20 қарашада «Бала құқықтары туралы» конвенцияны (бұдан әрі – Конвенция) қабылдады.
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы – бұл сол елдің болашақ азаматын қорғауы, яғни әр елдің өз болашағын қамтамасыз етуі.
Конвенцияның 1-бабына сай, әрбір адам баласы 18 жасқа толғанға дейін бала болып саналады.
Мемлекет өзінің басты міндеттері ретінде балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды мақсат етіп отырса да, сол аталған балалар арасында құқық бұзушылықтар жылдан жылға көбеюде. Солардың ішінде тоқтатала кететін мәселе – бұл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 15-бабының талаптарына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады. Осы баптың екінші бөлігінде санамалаған қылмыстар бойынша жауаптылық жасы он төрт жастан басталады, олардың қатарында адам өлтіру, зорлау, ұрлық, мал ұрлау, қарақшылық, қорқытып алушылық, терроризм секілді қылмыстар бойынша жауаптылыққа он төрт жасқа толған бала тартылады.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды.
Статистикалық мәліметтерге назар аударар болсақ.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен
— 2021 жылы 38 кәмелетке толмағанға қатысты 35 қылмыстық іс,
— 2022 жылы 40 кәмелетке толмағанға қатысты 37 қылмыстық іс,
— 2023 жылы 57 кәмелетке толмағанға қатысты 54 қылмыстық іс,
— 2024 жылы 51 кәмелетке толмағанға қатысты 51 қылмыстық іс түсіп қаралған.
Көрсетілген мәліметтерге қарайтын болсақ, жыл санап кәмелетке толмағандар жасап отырған қылмыстардың саны артып отырғанын көреміз. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушімен татуласуына байланысты немесе кәмелетке толмағанның қылмыстық жауаптылық жасына толмауына байланысты сотқа дейін жетпей өндірістен тоқтатылған істердің саны қаншама.
Бұл тұста, кәмелетке толмаған адамның алғаш рет қылмысты жасап жәбірленушіге келтірген шығынның орнын толтырып, жәбірленушімен татуласса қылмыстық жауаптылықтан босау мүмкіндігі заңмен қарастырылғанын атап өтуіміз керек. Қылмыстық істердің де басым көпшілігі дәл осындай негіздермен сотта өндірістен тоқтатылып та жатыр.
Алайда, өкінішке орай алғаш рет қылмыстық әрекет жасап жәбірленушімен татуласуына байланысты жауаптылықтан босатылған кәмелетке толмағандардың алдыңғы әрекеті үшін өзіне сабақ алмай қайтадан қылмысқа барып жатқандары кездеседі.
Солардың бірі ретінде 17 жасар «Р» есімді азамат жайлы тоқталып өтейін. 2024 жылы шілде айында «Р» есімді азамат Ақтөбе қаласында орналасқан дүкенге ұрлыққа түсіп, дүкеннің кассасынан 40 000 теңге ақша қаражатын жымқырып кеткен.
Сотта жәбірленушіге келтірілген шығынның орны толтырып, ол кәмелетке толмаған сотталушыны кешіруіне байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылып, «Р» қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Алайда, кәмелетке толмаған «Р» алдыңғы әрекеті үшін өзіне сабақ алмастан 2024 жылы қараша айында бір жәбірленушінің телефонын жымқырып кеткен, онымен тоқталмаған жоғарыда көрсетілген дүкенге қайта кіріп, онда тұрған сатушыны бөтелкенің сынығымен қорқыта отырып, кассадағы 7 500 теңге ақша қаражатын жымқырып кеткен. Яғни, кәмелетке толмаған өзінің алдыңғы жасаған қылмысы бойынша жауаптылыққа тартылмағанын сезініп, қылмыстық құқық бұзушылықтарды қайта жасаған.
Сонымен қатар, тағы бір тоқтала кететін мәселе бұл жасөспірімдер арасындағы бұзақылық қылмыстары артып барады. Кәмелетке толмаған балалар арасында өзара аудандарға бөлініп төбелесу, бір-біріне пышақ қолданып жарақаттар келтіру жайттары, үлкен сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына әлім-жеттік жасау жайттары кездеседі. Сондай бір қылмыстардың бірі былтырғы жылдың күз айында Ақтөбе қаласында орналасқан мектептің алаңшасында орын алған. Бұл жерде кәмелетке толмағандар сол алаңда футбол ойнап жатқан балаларға сөзбен тиісіп, пышақ қолдану арқылы жәбірленушілерге жарақат келтіріп, қоғамды анық құрметтемей, бұзақылық жасаған. Аталған мысал, тек бір реттік қана емес, осындай жайттар Ақтөбе қаласында, Темір, Хромтау және тағы басқа аудандарда мектеп оқушылары арасында орын алды. Арасында қоғамның ерекше қызығушылығын тудырған Темір ауданында орын алған қылмыстық іс қазіргі таңда соттың өндірісінде қаралуда.
Күн санап кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың саны ұлғайып бара жатқанын байқап отырмыз. Оның алдын алу және болдырмау мақсатында прокуратура, құқық қорғау органдарымен оқу орындарында кәмелетке толмағандарға түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізіліп жатыр.
Соттың тарапынан қылмыстық бұзушылық үшін жауаптылық қандай болатынын өз көздерімен көрсету үшін, оларды қылмыстық әрекеттерге барудың алдын алу мақсатында колледж студенттері қылмыстық процестерге қатыстырылып, мектептерге барып түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Аталған шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар азаяды деген сенімдемін.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Е. Әмребеков