Жалпы, кәмелетке толмағандар деп 18 жасқа толмаған тұлғаларды айтады. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жасаған құқық бұзушылықтар үшін заңмен көзделген әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартыдады.
Қазіргі кезде қоғамның алдында тұрған басты мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, оның алдын алу болып табылады. Осы орайда олардың әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауаптылығына тоқталайық.
Әкімшілік құқық бұзушылық – қоғамға қауіптілігі төмен, бірақ заңға қайшы әрекеттер болып табылады.
Заң талаптарына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа жататын тұлғалар:
— әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға;
— заңды тұлға жатады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал етудiң шаралары қолданыла отырып, әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
Осы орайда статистикаға жүгінсек — қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқық бұзушылықты жасайтын, сондай-ақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққанын көрсетеді. Алайда, кейбір ата-аналардың өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламауларынан, қадағаламауынан орын алатын жағдайлар да кездеседі. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін фактор болып табылатыны айқын.
Әсіресе, жасөспірім құқық бұзушылық пен қылмысты ішімдік және есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтындар көптеп кездесетіні де құпия емес. Мәселен, түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әр-түрлі құқық бұзушылыққа, қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі, өйткені ішімдік пен есірткі, өз кезегінде, оларды қылмыс жасауға итермелейтіні, ықпал ететіні анық.
Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, ол үшін заңмен тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Мысалы, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай ӘҚБтК) 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескеру қажет.
Алайда, кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады.
Өкінішке орай, заңмен қарастырылған тиым салуды жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себептен кей жағдайларда, ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болу салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әр-қилы құқық бұзушылықтар мен қылмысқа баратыны да құпия емес.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2025 жылдың 12 айында әкімшілік құқық бұзушылық бойынша келіп түскен істердің басым көпшілігі ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау), 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша қозғалған істер болып табылады.
Қорытындылай келе, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі – олардың қоғамдағы тәртібін реттеудің маңызды бөлігі деп білу керек. Заң олардың жас ерекшелігін ескере отырып, жазалаумен қатар тәрбиелеу мен түзетуге басымдық береді. Сол себептен әрбір жасөспірім өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заң талаптарын қатаң сақтауы қажет.


