Кейінгі статистика ел түрмелерінде әйелдер санының артқанын көрсетіп отыр. Себеп пен салдары қандай?
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша алты әйелдер колониясы бар екен. Олардың ішінде жалпы режимдегі бесеуі Алматы, Қарағанды, Атырау, Петропавл қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында, ал қатаң режимдегі алтыншысы Шымкент қаласында орналасқан. Қазақстандық түрмелерде екі мың жарымдай әйел жазасын өтеуде. Жас шамасына қарай екшейтін болсақ, олардың басым көпшілігін 30 бен 50 жас аралығындағылар құрайды (59%). Отыз жасқа дейінгі қыз-келіншектер саны жазасын өтеуші нәзік жаратылыс өкілдерінің 20 % құрайды екен.
Ал ересек өмірге қадам басқан сәтте темір тордың арғы жағынан шыққан 18-21 жас аралығындағы бойжеткендердің үлесі 3% құраған.
Орта Азиядағы PRI халықаралық түрме реформасы өкілдігінің жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, қатысушылардың 10% жоғары білімді, 7% аяқталмаған жоғары білімі бар, 67% орта білімді меңгерген, ал 9% орта білімі де жоқ екен. Сондай-ақ қатысушылардың үштен бірі отбасылы болса, 40% шаңырақ құрып үлгермеген екен.
Сұралғандардың 70% абақтыға түскенге дейін жұмыс істеген, олардың 36% тұрақты қызметі болған, ал 35% уақытша жұмыста болыпты. Сотталғанға дейін студент болғандардың саны 5% құраса, екі пайызы зейнеткерлердің қатарын толықтырыпты. Сауалнамаға қатысушылардың 17% жұмыссыз екенін айтса, 2% өзінің жұмыссыздығын мүгедектігімен түсіндірген.
Мамандығына қарай жіктейтін болсақ, 12% белгілі бір кәсібі болмапты, ал 14% өндірісте және қызмет көрсету саласында, 11% ауылшаруашылығында еңбек етсе, 12% әртүрлі қызметтің басын шалып жүрген. Абақтыға тоғытылғандардың арасында басшылық қызметте болғандар да бар, олардың 2% топ-менеджер, фирма директоры болса, 5% әртүрлі деңгейдегі фирмаларға иелік еткен екен.
Түрме тұрғындарының бестен бір бөлігінің бостандықта жүргенде тұрақты табысы болмаған, 12% айлық жалақысы 20 мың теңге болыпты, 29% 20-60 мың теңге көлемінде, 22% — 60 мың теңгеден астам табыс тауып тұрған. Мұның өзі қылмыс жасауға қаржы тапшылығынан барғанын айтқан сұралушылардың 40%-ның себебін білдірсе керек. Ащы судан ұрттау мен есірткі қолдану, қызғанышқа бой алдыру, айналасындағылардың сөзіне еру сияқты себептер де құқық бұзуға негіз болған.
Тағдыр теперішіне ұшырап, темір тордың тұрғынына айналған қыз-келіншектердің қолымен жасалған қылмыс түрлері де əрқилы. Ар-ожданды аяққа басып, әртүрлі деңгейдегі қылмысқа барған нəзік жандылардың басым көпшілігі алаяқтық, есірткі заттарын заңсыз дайындағанын емесе өткізгені, ұрлық үшін жазаларын өтеуде.
Сонымен қатар кісі өлтіру сияқты қатыгездікке құрылған аса ауыр сипаттағы қылмыстардың басым түсуі алаңдатарлық жағдай. Өзгелерге қол жұмсағандардың ішінде отбасылық зорлық-зомбылықтың шегіне жеткен сəтте аяқ астынан, ашу үстінде адам өлтіріп, өз үкімін өзі кескендері де бар…
Қапаста жатып дүниеге сəби əкелген қыз-келіншектердің 3 жасқа дейінгі перзенттері үшін Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер колониясында арнайы балалар үйі ашылған. Бүгінгі таңда ол жерде 20-ға жуық бала тəрбиеленіп жатыр екен.
Аты құлаққа түрпідей естілгенмен, түрмедегілердің де өз қуанышы бар. Соның бірі – жазасын өтеушілердің отбасын құрып, шаңырақ көтеруі. Мендельсон маршы орындалмаса да, қасында қуанышын бөлісер ағайын-тумасы болмаса, бұл рəсімнің бостандықтағы да неш айырмасы жоқ. Некеге тіркеу рəсімін колония басшылығының рұқсатымен, мемлекеттік хал актілерін жазу органдарының қызметкерлері жүзеге асырады. Өткен 2019 жылы жазасын өтеп жатқан 19 əйел мен 379 еркек некеге тұрған. Жұп құрағандардың жастары 20-62 аралығында болса, некеге тұруға ниеттілердің басым көпшілігі 24-38 жастағылар екен.
Алаштың әйгілі жазушысы Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі. Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі, мейірбан әйел, ұлттың ұйытқысы» деп әйелдің қоғамдағы орнын ерекше атап өткен. Ендеше бір қолымен бесігін, бір қолымен əлемді тербететін аналарымыздың орны теміртордың артында емес, ерінің жанында, балаларының қасында, ошағының басында болғай!
Айгүл АХМЕТОВА
«Заң газеті»
[ratings]