Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз, түрлі ұтыс ойындары мен конкурстардан көз сүрінеді. Соның ішінде танымал өнер жұлдыздары, блогерлер мен айтыскер ақындар, тіпті «Қалаулым» ток-шоуының қатысушыларына дейін лотерея ойнату, гив ойындарын ұйымдастыру, тегін сыйлық таратумен белсенді түрде айналысып жүр. Ал аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға дайын. Алайда жүлдесі мыңның біріне ғана бұйыратын мұндай батпан құйрық заң аясында қадағалана ма? Әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойындарын ұйымдастыру қаншалықты заңды? Бізді толғандырған сауалдар төңірегінде Zanmedia.kz тілшісіне заңгер Айжан Молдағалиева жауап берді.
— Әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойындарын ұйымдастыру қаншалықты заңды?
— Лотереялық ұтыс ойындарын тек мемлекеттік лото ұйымдары ұйымдастырады. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, ұтыс ойыны барысында лотерея билетін қолданса және оны өткізу үшін лотерея операторымен келісімшарт жасамаса, бұл ұтыс заңсыз болып есептеледі. Ал «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп атаған ұйымдастырушыларды заң жүзінде жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі олар лотерея болып есептелмейді.
— Ұтыс ойындарын ұйымдастырушыларға қандай да бір заң бойынша шектеу бар ма?
— Ұтыс ойынын ойнататын адам мейлі көлік, пәтер болсын, ол ұтыс ойынының нәтижесін жариялауға міндетті. Елімізде ұтыс ойындарын реттейтін 2016 жылы 9 сәуірде қабылданған ҚР «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң бар. Сол заңның 4-бабы бойынша лотереяға қатысушы ұтысты төлеуді талап етуге құқылы.
— Ұтып алған сыйлығын ала алмаған ұтысқа қатысушы қайда шағымдана алады?
— Бұл жерде айтып өтетін жайт бар. Ең бастысы, ұтыс ұйымдастырушылардың ойыны заңды болуы тиіс. Өйткені, ұтысқа қатысатын адам ақша салады, билет сатып алады. Егер, ұтыс ұйымдастырушылардың ойыны заңды түрде тіркелген, яғни, оператордың рұқсаты бар болған жағдайда, ұтқан жеңімпаз өз сыйлығын ала алмаса, Ұлттық Банкке шағымдана алады. Ары қара, сот арқылы өндіруге мүмкіндігі бар. Ал, ұтыс ойыны заңсыз ұймдастырылған болса, онда қылмыс деп танылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін 2000 айлық есептік көрсеткіштегі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
—Ал ұтысын бермеген ұйымдастырушыны қандай жаза күтіп тұр?
— Егер, ұтыс ойыны заңды түрде ұйымдастырылған болса, сол кезде жеңімпазға ұтысы берілмесе, онда тек сот арқылы өндіріліп алынады. Ал, ұтыс ойыны заңсыз ұйымдастырылған болса, онда бұл ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқтық қылмыс деп сараланады. «Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 4000 мың айлық есептiк көрсеткiшке (11 млн 668 мың теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
— Олардың табысы заң жүзінде қадағалана ма? Салық төлеуге міндеттеле ме?
— Кім көрінген өз бетінше лотерея ойната алмайды. Ол үшін арнайы ұйымнан рұқсат алуы тиіс. Рұқсат беретін ұйым, еліміздегі лотерея өткізуге құқылы жалғыз оператор – «Сәтті жұлдыз». «Сәтті жұлдыз» акционерлік қоғамы 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Үкіметінің №48 қаулысына сәйкес лотерея операторы ретінде 15 жылға бекітілген болатын. Ереже бойынша, лотерея ойнатуға бел буған адам «Сәтті жұлдызбен» екіжақты келісімшарт жасауы қажет. Келісімшарт жасалғаннан кейін құжаттар бойынша барлығы «Сәтті жұлдыз» АҚ атынан жүреді. үлде қоры 50 пайыздан кем емес, спорт дамуына табыстың 15 пайызы және 12 пайыз қосымша құн салығы төленеді. Ұтыс ұйымдастырушылары міндетті түрде салық төлейді.
Егер лотерея операторы болып саналмайтын адам лотерея өткізсе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін – 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2 000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктеледі.
Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын ұйымдастырушылардың басым бөлігі оператормен келісімшартқа отырмай, заңды түрде салық төлемей, елді алдап, қалтасын қағуда. Елімізде Қаржы мониторингі комитеті, сондай-ақ, әр қаланың экономикалық тергеу департаменті ұтыс ұйымдастырушылардың табысын заң жүзінде тікелей қадағалай алады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ақбота Ерболқызы