Үкімет мүшелері тарапынан депутаттар назар аудартқан нақты мәселелерге шала-шарпы және бұлтартартпа түсініктемелер беріледі. Өйткені мемлекеттік органдар депутаттық сауалдарға көбіне немқұрайлы қарайды.
Олардың 70 пайызына жасалған жауап – таптаурын сипаттағы жазбалар. Осылайша мәселені шешудің орнына, олар құр сөзден қуырдақ қуыруға шебер болып алған. Мемлекет басшысының қатаң сүзгісінен өткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдаманың орындалуын да тежеп отырған осы атқарушы билік. Бұл жөнінде Парламенттің жазғы каникулға кетер алдында өткен жалпы отырысында айтылды. Онда азаматтардан түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау қорытындысы туралы Үкімет ақпараты тыңдалған болатын. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова былтыр қазан айында Үкімет депутаттардың өңірлерге сапары барысында тұрғындар көтерген 1700-ден астам мәселені қарап, жүйелегенін, соның нәтижесінде қабылданған нақты шаралар туралы есеп берді. Оның айтуынша, бұл формат өзінің тиімділігін көрсеткен. Қаңтар айында келіп түскен 1000-ға жуық сұрақтың орындалу барысы Үкіметтің ерекше бақылауында. Жүйелі мәселелердің басым бөлігі өз шешімін тапты. Олардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы, өңірлерді дамыту, тұрғын үй және қауіпсіздік салаларын қамтиды. 30 пайызы инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде құрылыс, жол, газ бен су мәселесі, әлеуметтік нысандар құрылысы мен оларды жөндеуге қатысты. Қалғандары әлеуметтік сала мәселелерін қамтиды. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, депутаттар бұл айтылғандармен толық келіспеді. Тіпті бірқатар мәселелер бойынша Үкімет мүшелерін қатты сынға алды. Мәселен, жиында сөз алған «АМАNАТ» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкіметтен келген жазбаша жауаптардың кейбіріне депутаттардың көңілі толмайтынын атап өтті. Жақында мәжілісмендердің тағы да өңірлерге сапары басталатынын, олар қыста көтерген мәселелердің шешімін тұрғындарға жеткізуі керек екенін, ал Үкіметтің бұл ақпаратты бүгін ғана мәлімдегеніне қынжылыс білдірді. Оның үстіне, Үкіметтен келген мыңнан астам сұрақтың басым бөлігіне келген жауап пен ұсыныс сырғытпа әрі таптаурын сипатта. Соның ішінде МӘМС бойынша қаражат аударғанымен, тиісті медициналық қызмет ала алмаған азаматтардың, «Ауыл – ел бесігі» жобасына кірмеген мүшкіл халдегі ауылдардың, уақытылы индустриалды сертификатқа қол жеткізбей, сарсаңға түскен кәсіпкердің, әлеуметтік пакетсіз ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан ардагердің жанайқайы мен талап-тілектері бар. «АМАNАТ» фракциясының депутаттары Үкіметке бұл талқылаудан тиісті қорытынды шығарып, әр министрлік жауапты болатын мәселелер бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын қабылдауды ұсынды. «Ауыл» фракциясының жетекшісі Серік Егізбаевтың айтуынша, халықпен кездесу қорытындысы бойынша фракция депутаттары 120-дан астам сұрақтан тұратын тізім жасақтаған. Оның ішінде отандық ауыл шаруашылығы техникасына мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі ерекше назар аударуды және жедел шешуді талап етеді. Осылар жайлы айта келіп, Серік Егізбаев: – Осы тақырып бойынша фракция депутаттары Жигули Дайрабаев пен Ерболат Саурықов бірқатар депутаттық сауал жолдап, Аграрлық мәселелер комитетінің тақырыптық отырыстары өтті. Алайда бүгінгі күнге дейін көтерілген мәселелерді шешу үшін Үкімет тарапынан жүйелі тәсілдерді көрген жоқпыз, – деді. Осыған байланысты «Ауыл» фракциясы ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркеме техниканы шығаратын отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын қарастыратын арнайы салалық бағдарлама қабылдауды ұсынды. Respublica партиясының фракция жетекшісі Айдархан Қожаназаров та Үкімет мүшелері тарапына біраз базына айтты. Оның сөзінен түйгеніміз, Үкімет атына қарау және шешім қабылдау үшін жолданған мәселелерге мемлекеттік органдар көз жұма қараумен қатар, шешімін бір-біріне сілтейді. Өтініш берушілер және жергілікті атқарушы органдар назар аудартқан мәселелерді шешу жолдарын пысықтамайды. Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше рет берілген ескертулерге самарқау қарайды. Соңғысының айғағы ретінде ол бизнесті заңсыз тексерудің азаймай отырғанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Қостанай облысында «Poltry agro» кәсіпорнын Мемлекеттік ішкі аудит департаменті төрт рет тексеріпті. Бұл отандық инвестор «Казагрофинанстан» он жылдан бері жұмыс істемей тұрған құс фабрикасын барлық қарызымен алып, оған миллиардтаған қаржы салып, қалпына келтіріп, қаншама адамға жұмыс берген. Өнімдерін ішкі нарыққа шығарып қана қоймай, экспортқа да жібере бастаған. Үлкен еңбекпен бүкіл жұмысы жолға қойылған бизнесті мемлекеттік органдар тартып алмақ. Бір жарым жылдан бері кәсіпорын осындай заңсыздықпен күресуде. Сол секілді Батыс Қазақстан облысында жергілікті әкімдердің қате қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде бүгінде 600-ден астам шаруа жайылымынан айырылып, табыс көзін жоғалтып жатыр. Олардың алған несиелері бар, мал мен инфрақұрылымға инвестиция салды. Бүгінде бұл шаруалардың әрекеттері заңсыз деп танылды. Неліктен қарапайым еңбек адамдары сауатсыз шенеуніктердің әрекетінен зардап шегуі қажет? Кінәсі неде? Жағдай Үкіметтің жедел араласуын талап етеді. Тез арада оңтайлы шешім қабылданбаса, өңірдегі ахуалдың шиеленісу қаупі бар. Түркістан облысында да қызметіне салғырт қараған шенеуніктердің кесірінен ауыл тұрғындары пайға берілген жерлерінен айырылған. Бұрынғы аудан әкімдері өздерінің қызметтік жағдайын пайдаланып, ауыл тұрғындарының пайға берілген жерлерін ірі серіктестіктердің пайдасына үлестіріп берген. Таңқалдыратыны, пайға берілген жерлердің бастапқы иесі туралы барлық ақпарат мемлекеттік мұрағат пен жер кадастры ақпараттық базасында бар. Тоқетерін айтқанда, шешімін күткен мәселелер көп. Қожаназаров мызаның айтуынша, мұның бәрі мемлекеттік органдар тарапынан жолданған сұрақтардың толыққанды зерделенбейтінін көрсетеді. Бұл олқылықтан арылу үшін, Үкімет өңірлерге жетекшілік ететін мемлекеттік инспекторларының басшылығымен тиісті министрліктердің мамандарын тарта отырып, жұмыс топтарын құрып, әрбір өңірдегі халықтың өзекті мәселелерін қарастырып, шешім қабылдауы қажет.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»