«Ерте көрсетілген көмек қайғылы жағдайдың алдын алады»

Алтынбек БОРАНБЕК, «Az-UIA» қоғамдық бірлестігінің директоры: «Ерте көрсетілген көмек қайғылы жағдайдың алдын алады»

Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы тақырып аясында педагог-психолог, «Az-UIA (Әз-Ұя)» қоғамдық бірлестігінің директоры Боранбек Алтынбек Срайылұлымен сұхбаттасқан едік.

– Отбасындағы қарым-қатынастың баланың психикалық денсаулығына əсері қандай?

– Баланың психологиялық қалыптасуы дүниеге келгеннен кейін емес, ана құрсағындағы кезеңнен басталады. Жүктілік кезіндегі ананың эмоционалдық жағдайы, көңіл-күйі, ойы мен өмір салты баланың жүйке жүйесінің дамуына əсер етеді. Ал дүниеге келгеннен кейін ата-анамен қалыптасқан эмоционалдық байланыс оның тұлға ретінде қалыптасуының берік іргетасын қалайды. Баланың алғашқы үш жылы ерекше маңызды кезең саналады. Дəл осы уақытта ол өзін қауіпсіз сезінуді, айналасындағы адамдарға сенуді, эмоцияларын білдіруді жəне қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Егер бала осы кезеңде махаббатты, қамқорлықты жəне қолдауды сезінсе, оның психологиялық тұрақтылығы да берік қалыптасады. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баланың қорқынышын, ренішін немесе ашуын елемей, «жылама», «еркелеме», «үндеме» деп оның сезімін жоққа шығарып жатады. Мұндай жағдайда бала өз эмоциясын ішіне жинап үйренеді. Уақыт өте келе бұл оның тұйықталуына, мазасыздыққа немесе өзіне деген сенімсіздікке əкелуі мүмкін. Сондықтан балаға ең алдымен өзін қауіпсіз сезінетін отбасы қажет. Отбасындағы өзара сыйластық, ата-ана ның бір-бірімен мəдениетті қарым-қатынасы, баланы тыңдай білуі жəне пікірін құрметтеуі оның психикалық саулығына тікелей əсер етеді.

– Балалардың психологиялық жағдайына қандай факторлар ең көп əсерін тигізеді?

– Бір ғана себепті бөліп айту қиын. Себебі əр баланың мінезі, өмірлік тəжірибесі жəне өскен ортасы əртүрлі. Бір бала үшін ата-анасының ажырасуы немесе үйдегі жанжал ауыр соққы болса, екінші бала үшін мектептегі буллинг немесе құрдастарының қысымы үлкен психологиялық жарақат болуы мүмкін. С о ң ғ ы ж ы л д а р ы ə л е у м е т т і к желінің де ықпалы күшейді. Балалар өздерін өзгелермен жиі салыстырады, лайк санына, пікірлерге тəуелді бола бастайды. Кейбір жағдайда интернеттегі келемеждеу немесе кибербуллинг олардың өзін-өзі бағалауына қатты əсер етеді. Дегенмен негізгі мəселе əлеуметтік желінің өзінде емес, баланың ішкі психологиялық тірегінің қаншалықты қалыптасқанында. Ішкі сенімі мықты, өзін бағалай білетін, отбасынан қолдау көрген бала сыртқы қысымдарға əлдеқайда төзімді келеді.

– Баланың суицидтік ойға немесе ауыр психологиялық күйзеліске түскенін ата-ана қандай белгілер арқылы ерте байқай алады?

– Көп жағдайда балалар көмек сұрай алмайды. Олар өз мəселесін сөзбен жеткізудің орнына мінез-құлқымен көрсетеді. Сондықтан ата-аналар кез келген өзгеріске мұқият қарауы керек. Мысалы, бұрын ашық-жарқын жүрген баланың кенеттен тұйықталып кетуі, ешкіммен араласпауы, сүйікті ісіне қызықпауы, сабақ үлгерімінің төмендеуі, ұйқы мен тəбетінің өзгеруі, себепсіз жылауы немесе ашулануы алаңдататын белгілердің бірі болуы мүмкін. Кейбір балалар «мен ешкімге керек емеспін», «бəрі бітсе екен», «шаршадым» деген сөздерді жиі айта бастайды. Мұндай сөздерді жай ғана эмоция деп қабылдауға болмайды. Сонымен қатар өзінің сүйікті заттарын таратуы, қоштасқандай əрекет етуі немесе өлім тақырыбына ерекше қызығушылық танытуы да қауіптің белгісі болуы мүмкін. Осындай жағдайда ата-ана баланы кінəламай, сөкпей, оның жан дүниесін түсінуге тырысуы қажет. Ең алдымен баланы тыңдап, оның сезімін қабылдап, өзін жалғыз емес екенін сезіндіру маңызды. Егер баланың жағдайы ұзақ уақыт бойы жақсармаса немесе қауіп белгілері күшейсе, міндетті түрде психологтың немесе психотерапевтің көмегіне жүгінген жөн.

– Балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету жүйесінде қандай мəселелер бар деп есептейсіз?

– Бұл бағытта əлі де шешімін күткен мəселелер аз емес. Ең алдымен балалармен жұмыс істейтін мамандардың кəсіби даярлығына ерекше назар аудару қажет. Балалар психологиясы ересектер психологиясынан мүлде бөлек сала. Сондықтан мұндай мамандардың теориялық біліммен қатар, тəжірибесі мол болып, тұрақты түрде біліктілігін арттырып, супервизиядан өтіп отыруы маңызды. Екінші мəселе – өңірлердегі білікті психологтардың тапшылығы. Кейбір ауылдарда балалар психологы мүлде жоқ, ал бар мамандардың жүктемесі өте жоғары. Соның салдарынан əр балаға жеке уақыт бөлу қиындайды. Үшінші мəселе – қоғамдағы психологиялық мəдениеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспауы. Кейбір ата-аналар əлі күнге дейін психологқа жүгінуді ұят немесе əлсіздік деп қабылдайды. Соның салдарынан көптеген балалар дер кезінде көмек алмайды. Жалпы, балалардың психикалық саулығын сақтау тек психологтардың ғана емес, ата-ананың, мектептің, мемлекеттік мекемелердің жəне тұтас қоғамның ортақ міндеті. Баланың пікірін тыңдайтын, сезімін құрметтейтін, қауіпсіз əрі сенімді орта қалыптастыра алған жағдайда ғана балалар мен жасөспірімдер арасындағы психологиялық мəселелердің, соның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жұмыстары нəтижелі болады.

– Мазмұнды əңгімеңізге рақмет!

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

КАК ЦИФРОВЫЕ ТЕХНОЛОГИИ ПРЕВРАТИЛИ ПРЕСЛЕДОВАНИЕ В КРУГЛОСУТОЧНЫЙ КОНТРОЛЬ 

ЕЩЕ ДВАДЦАТЬ ЛЕТ НАЗАД ЧЕЛОВЕКУ, РЕШИВШЕМУ ПРЕВРАТИТЬ ЧУЖУЮ ЖИЗНЬ...

Оставьте ненужные споры

Сначала Бозжыра, затем Кок-Жайляу, теперь Катон-Карагай и Маркаколь… Споры...

Адамға бағдарланған мемлекеттік қызмет: жаңа заңның жаңа мүмкіндіктері

Мемлекеттік қызмет-ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан, бұл саладағы...

Ұлттық құрылтай – қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірі

Мемлекет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – билік пен қоғам...