Мемлекет басшысы «Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл» деген болатын. Жалпы алғанда сот процестерін цифрландыру сот төрелігінің ашықтығы мен тиімділігін, сондай-ақ, қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жалпы стратегиясының маңызды бөлігі саналады.
Сот процестерін цифрландыру негізінен электронды сот ісін жүргізу болып табылады. Бүгінде сотқа жүгінушілер талап-арыздарды, өтініштерді, т.б. электронды түрде беріп, өз құқықтарын онлайн түрде қорғауда. Бұл өз кезегінде істерді қараудың уақыты мен шығындарын қысқартып, елдің кез келген жерінен сот жүйесіне қолжеткізуге жол ашуда. Сонымен қатар, Қазақстан дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, сот жүйесіне виртуалды платформалар енгізді. Мұндай жаңашылдық іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеп, процеске қатысушыларға қолайлылық туғызды.
Қазіргі уақытта танымал цифрлық платформалардың бірі «TrueConf» бағдарламасы. Ол процеске қатысушыларға сот ғимаратына келмей-ақ, нақты уақыт режимінде бейнеконференцбайланыс арқылы сотпен үзіліссіз жауап беруге мүмкіндік жасады. Бұл, әсіресе, шалғай аймақтардағы сотқа қатысушылар үшін тиімді.
Электрондық дәлелдемелерді жинау, сақтау және цифрлық форматта беру істерді қарау процесін жеңілдетіп, олардың бұрмалануына жол бермейді. Сонымен бірге автоматтандыру мен жасанды интеллект сот жүктемесін азайтып, сот шешімдерінің нақтылығын арттырады. Сот процестерін цифрландырудың ең басты артықшылығы — ыңғайлылық пен қолжетімділік, яғни, азаматтар мен заңды тұлғалар сот залына келмей-ақ процеске қатысып, уақыт пен қажетті ресурстарды үнемдейді.
Цифрландыру аясында сот процесінің барлық сатысында ашықтық қамтамасыз етіледі және әрбір сатыдағы процесс бақылауға мүмкіндік беретін электронды жүйеде тіркеледі. Бұған қоса автоматтандыру мен цифрландыру сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің мүмкіндігін барынша төмендетеді, өйткені, жеке және процессуалдық емес байланыстар азаяды.