12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БІРЕГЕЙЛІК ПЕН БІЛІМ ТІЛ МЕРЕЙІН АСЫРАДЫ

Қазіргі Қазақстанда қазақ тілін білім беру саласында ілгерілету елдің тілдік және мәдени ерекшелігін сақтауға шақыру ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірлікті нығайту жолындағы стратегиялық құрал. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деген еді.

Осы мақсатта еліміздің түрлі өңірінің білім беру ұйымдарында қазақ тілін үйрену мен қолдануды ынталандыру бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асуда. Сондай өңірлердің бірі – Ақмола облысы. Бәлкім, өңірде «тұрғындар орысша сөйлейді, қазақ тілі көп қолданылмайды», – деген таптаурын пікір бар шығар. Дегенмен, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік оқиғасы және де білім бөлімі маманының келтірген оптимистік есебі сол пікірді теріске шығарғандай. Бірінші, кейіпкерімізге тоқталсақ: ол өзге ұлт өкілі, десе де мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, Көкшетау қаласында ұстаздық қылып, көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі. Білікті ұстаздың білім төңірегінде айтары көп екен.

Анастасия КРАВЧЕНКО, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің оқытушысы:

ҰСТАЗЫМА ҚАРЫЗДАРМЫН

– Бірінші сыныпты Көкшетау қаласында орыс сыныбында аяқтаған едім. Бірақ өмір жолының соқпағы мені басқа жаққа жетелеп әкетті. Жеті жасымда Ақкөлдегі жетімдер үйіне түсіп, оқуымды сол қалада жалғадым. Марқұм директорымыз Вера Ковалёва сол кезде кіші сыныптар арасында қазақ тобын құрып жүрген-ді. Сол топтардың біріне мен де түстім. Ол әрқашан мемлекеттік тілдің болашақта берер мүмкіндігі көп болатынын айтатын. Және оның бұл пайымы уақыт өте келе айқындала берді. Сол үшін де Вера Ковалёваға әлі күнге дейін алғысымды айтамын. Екінші сыныптан бастап барлық пәнді қазақ тілінде оқыдым. Әрине, басында қиын болды. Өйткені, мүлде тіл білмейтінмін. Тіпті, 4 жыл көлемінде оқуым нашарлау болды. Уақыт өте келе оқумен қатар араласатын ортам қазақ тілді болғандықтан, бәрі өз орнына келе бастады. Жоғары сыныптарда Абай, Әуезов сияқты тұлғалардың шығармашылығы мені елітіп алып кетті. Кейіндері әдебиет бойынша түрлі олимпиадалардан қалмайтын болдым. Бұл әуесім менің болашағыма да әсер етті. Мектепті аяқтаған соң Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кездері жоғары білім алғысы келетін студенттерге университетте бакалаврда оқуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру бағдарламасы енді ғана іске қосылған еді. Мүмкіндікті пайдаланып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде дәл осы мамандық бойынша оқуымды жалғастырдым. Оқумен қоса балабақшадағы жұмысты да қатар алдым. Бұл маған үлкен тәжірибе әрі мүмкіндік болды. Қазір енді өзіңіз байқағандай, Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысымын, әрі Ш.Уәлиханов университетінің магистрантымын.

ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ ҮНДЕСТІГІНЕ МӘН БЕРЕМІЗ

Мен өз тәжірибемнен тілге қатысты жайтты ерекше айтқым келеді. Көптеген отбасылар үйде орысша сөйлейді, бірақ балаларының қазақша білгенін қалайды. Олар тіл үйрету жауапкершілігін тәрбиешілерге жүктейді. Дегенмен бала үйде қазақ тілінде сөйлесе алмағандықтан қиындыққа тап болып, орта жолда қалып қояды. Бұл оның үлгеріміне де, ақпарат қабылдауына да кері әсерін береді. Сондықтан бұл жолда бірлесе жұмыс жасау қажет. Ал студенттеріме келсек, бүгінгі таңда, өзім әр сатысынан өткен «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағытында сабақ беремін. Біз оқытушы ретінде студенттерге теория мен практиканы ұштастыра кәсіби білім беруге тырысамыз. Шәкірттерді оқыту кезінде тәрбие және білім үндестігіне аса мән береміз. Бүгінгі студент, ертеңгі бала тәрбиесіндегі елеулі рөл ойнаушы тұлға. Сол себепті, ең алғаш біз олардың бойына мейрімділік, адамгершілік сияқты қасиеттерді дарытамыз. Сонымен қоса, жалпы мамандыққа қажетті мәдениеттілік, педагогикалық этиканы бойларына сіңіреміз. Елімізде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге асуда. Ол жерде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тіл, дін, діл мәселелеріне мән беріледі. Өзімнің студенттерімді осы құндылықтарға сүйене тәрбиелеуге тырысамын.

ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІН ЖАҢАША ЖЕТКІЗУДІҢ ЖОЛДАРЫН ҚАРАСТЫРУДАМЫЗ

– Студенттеріммен көп бағыттарда ғылыми жобаларға қатысуға тырысамын. Мысалы, соңғы өткен республикалық ғылыми жоба сайысында екінші орын алған едік. Біздің жобамыздың тақырыбы – «Комикс жанрындағы балаларға ертегіні мазмұндау және айту ерекшелігі». Бұндағы мақсат – кішкентай балаларға қазақ ертегілерін жаңаша жеткізу. Осы сияқты бірнеше ерекше жобалар бар…

Жалпы, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуынша, өңірде 2023–2027 жылдарға арналған білім ұйымдарында мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Қадамдық жоспар» әзірленген. Сол жоспар бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда 2023 жылы мемлекеттік тілде оқытатын топтардың саны 78-ге көбейтілген. «Ақмола облысы бойынша 2023– 2024 оқу жылында жалпы 531 мемлекеттік білім беру ұйымдары бар.Онда 137 234 оқушы тіркелген. Соның ішінде қазақ тілінде 31753 оқушы, орыс тілінде 24460 оқушы, аралас тілде 81021 оқушы бар (оның ішінде 34259 мемлекеттік тілде). Облысымызда мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны 66012 оқушы, бұл жалпы контингенттің 48,1% пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде 2020 ж.– 47,7%; 2021ж. – 47,7%; 2022ж. – 47,8%. Сонымен қатар 2023–2024 оқу жылында қазақ сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдерінің саны – 712 оқушы». Жыл басынан бері 6-11 сынып аралығында «Ілияс оқулары»,«Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық байқауы, «Абай оқулары» сияқты игі шаралар өтті. Қазір Қазақстандағы білім беру саласында қазақ тілін насихаттау еліміздің тілдік және мәдени ерекшелігін сақтауда шешуші рөл атқарып жатқанын нық сеніммен айтуға болады. Дегенмен, қазақ тілін тиімді оқыту қоғам, отбасы және білім беру мекемелерінің белсенді ынтымақтастығын қажет ететінін де түртіп алу артық етпес. Тілі мәңгі жасаған халық ешқашан өлмейді.

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

ҚАЖ қызметкерлері сотталғандарды бостандыққа бейімдеу жұмыстарын атқаруда

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ Департаменті...

Тәлімгерлер мен олардың жас қызметкерлері Невзоровтар отбасылық бейнелеу өнері мұражайында болды

Абай облысында «Халықаралық мұражай күні» қарсаңында сіздігі аралас мекемеде...