Әрбір адамның келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше. Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздар қауымы.
Көргеннен-ақ жүзінен мейірім, жүрегінен жылу төгіліп тұратын Алматы қаласы №11 Мекеме мектебінің директорының орынбасары Алмазова Людмила Васильевнаның аталмыш мекемеде еңбек етіп келе жатқанына 30 жыл. Білімі мен біліктілігі, тәжірибесі мен тәлімінің негізінде ұрпақтың сапалы білім, өнегелі тәрбие алуына зор үлесін қосып келеді. 1994 жылдың 1 қыркүйегінен Мекемеге математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, 2012 жылдың 1 наурызынан бері мектеп директорының орынбасары қызметін атқаруда. Осы уақыт аралығында білгенін ұстаздарға үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңес беруден еш жалыққан емес.
«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» демекші, Людмила Васильевна ешқашан оқуды, ізденуді тоқтатқан емес. Үнемі білімін жетілдіруді, заманауи бағытта ізденіп озық сабақ беруді, үлгілі шәкірт пен білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен өз ісінің шебері. Қазіргі уақытта педагог-зерттеуші біліктілік санаты бар. Сондай-ақ, Людмила Васильевна қашықтықтан және онлайн бағытында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық түрлі сайыстар мен іс шараларға қатысып талай жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырып жүрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар ұжымда сыйлы басшы, отбасында асыл жар, ардақты ана.