12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бауыржан МҰРАТБЕКҰЛЫ, экономист, «Болашақ» бағдарламасының тағылымдамашысы: КІРІСТІ ТЕК МҰНАЙҒА БАЙЛАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеуді жойып нарықтық еркін бағамға жіберу әлеуметтік қайшылық тудырады. Нарықтың заңдылығына сәйкес, бағаны сұраныс пен ұсыныс қана реттейді. Осы уақытқа дейін мемлекеттің азық-түлікті бақылау, реттеуге қатысты жұмыстары нәтиже берді дей алмаймыз. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, елдің импортқа тәуелділігін арттыратын фактор екенін мойындау керек. Осы тақырып төңірегінде экономист Бауыржан Мұратбекұлының пікірін білдік.

Тариф бақылану керек

Бәсекелестік орта қалыптастыру үшін монополистердің тарифтері қатаң бақылауға алынуы шарт. Қазіргі жағдай үкіметтің өз бақылауындағы бағаны босатып, халықты оған үйретуге жасап отырған жұмысы сынды. Мысалы, үкімет жылдың басында инфляцияны өзінің бұрынғы қалыптасқан 6-7 пайызға дейінгі дәлізіне қайтарамыз деп уәде бергенімен, жылдың соңында инфляция көрсеткіші 18 пайызға дейін жетті. Ал, азық-түлік инфляциясы 23 пайыздан асып кетті. Бұған азық-түлік нарығының әлі де импортқа тәуелділігі, яғни, 40 пайызының Ресейден келетіндігі біздегі бағалардың қымбаттауына әкелді. Ресейдің тауарлары біздің нарықта өзінің үстемдігін құруда. Бұдан бірер жыл бұрын 1 рублді біз 4-5 теңгеден сатып алсақ, қазір ол 7-8 теңгеге дейін өсті. Біз бұл мемлекеттен азық-түлікті импорттай отырып, сол елдің инфляциясын да қоса алып отырмыз. Осындай процестер азықтүлік бағасын қалыпты ұстауға, бағаны ырықтандыруға өзінің кері әсерін тигізуде. Одан кейін бағаны ырықтандырудың ең тиімді жолы болып отандық тауар өндірушілердің нарықтағы, яғни, халықтың сұранысын қамтамасыз етудегі үлесін арттыру, «Қазақстанда шығарылған» деген ақпаратты жалған емес, нақты әрі өңірлердегі басты көрсеткіш ретінде қалыптастыру керек. Жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің жұмысын бағалау көрсеткішін күшейтуі тиіс. Басты көрсеткіш ретінде жергілікті бизнес субъектілерінің санын және олардың азық-түлікпен қамтамасыз етуге деген қызығушылығын арттыру жұмысын алу керек. Әкімдер жұмысының рейтингісі осы арқылы бағаланатын болса олар өз кезегінде өңірдегі кәсіпорындарды, сол арқылы жұмыс орындарын көбейтуге күш салар еді. Мұндай жағдайда кәсіпорындар өз-өзінен дамиды.

Инфрақұрылымды жақсартпай жағдай түзелмейді

Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай өзгеретінін көріп отырмыз. Мұның басты шешімі осы тауарларды сақтайтын қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Мысалы, былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанымен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайыз ғана орындалған. Қазақстан инфляциямен күрес жүргізіп жатыр. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені бір жылда төрт рет көтергені де сондықтан. Базалық мөлшерлеме көтеру арқылы, инфляцияны төмендеткіміз келеді. Бірақ, бұл жерде ішкі фактормен қоса, сыртқы жағдайларды да қаперге алуға тиіспіз. Сол себепті, қазір инфляцияға қатысты болжам жасау қиын. Дегенмен, инфляцияның бетін қайтарудың жолы бар. Шенеуніктер әкімшілік жолмен азық-түлік бағасын ырыққа көндіре алмайды. Бұдан шығудың бір жолы ол – импортты алмастыру процесі. Сырттан көп әкелетін азық-түлікті өзімізде өндіруге күш салуға тиіспіз. Азық-түлік бағасын сыртқы жағдайға жалтақтамай қалыптастыра алатындай деңгейге жетсек, біраз мәселе шешімін табар еді. Ол үшін фермерлерді ынталандыру керек. Қаржылай емес, инфрақұрылымдық тұрғыдан ынталандыру маңызды. Қысқасы, фермерлерге көп өнім өндіріп, бағаны ұстап тұра алатындай жағдай жасау керек.

Тұтынушылық себет 16 жылдан бері өзгеріссіз

Биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі мен айлық есептік көрсеткіштің артуы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион адам табысының жоғарылауына әкелді. Ал, ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адам табысының өсуін қамтамасыз етті. Статистикалық мәліметтер елдегі орташа жалақы – 322 мың деп көрсетіп отыр. Бұл жерде 19 миллион халықтың еңбекке жарамды 9 млн-ның орташа жалақысы 322 мың теңге деген сенім қалыптасуы мүмкін. Негізінен олай емес. 322 мың еңбекақы қайдан келді деген заңды сұрақ туындайды. Мысалы 5 адамды қарастыратын болсақ, олардың жалақылары әртүрлі. Ең жоғарғысы 2,5-3 млн теңге, екіншісі 500-600 мың теңге, өзгелері 70-80 мың теңге алуы мүмкін. Осы адамдардың жалақысын қосып 5 адамға бөлгенде жаңағы 322 мың теңге шығады. Бірақ, бұл экономикадағы нақты жағдайды көрсетпейді. Ол әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Президент жолдауында ең төменгі жалақыны 70 мыңға дейін өсіру айтылды. Мұның өзі Еуразиялық одақ елдері арасында ең төменгісі болып табылады. Өйткені, 70 мың теңге адамдардың күнделікті сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Біздегі азық-түлік себетіне қазір 43 тауар кіреді. Ең төменгі күнкөріс шегі 37 мың теңге болған кезде біздің 3 мезгіл тамағымыз бір адамның бір айға жететін сомасы Тағамтану академиясы бекіткен тұтынушылық себетіне байланысты есептелген. Оның өзі соңғы рет 2006 жылы ғана өзгерген. 16 жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Егер салыстыратын болсақ, көрші Ресейде тұтынушылық корзинада 150ден астам тауар бар, Еуропа елдерінде оның саны 250-700-ге дейін жетеді. Мәселен, Ұлыбританияда азық-түлік себетінің ішінде шампан да бар. Онда әрбір азамат жаңа жыл кешінде шампан ату керек деп есептейді. Оған бұдан бөлек тұрмысқа, гигиенаға қажетті заттар мен дәрі-дәрмекке жұмсап, шаштаразға баратын жол жүру шығындарын да кіргізіп қойған. Сол арқылы қарапайым адамдардың күнкөріс қажеттіліктерінің саны мен бағасы да артады. Біздегі 43 тауардың өзі қарапайым халықтың күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктерімен толыққанды қамтамасыз етілмеуіне де кері әсерін тигізуде. Сол үшін бізде төменгі жалақының ең төменгі мөлшері 100 мыңға дейін ұлғайтылуы тиіс. Сонда ғана халық өз қаражатын тиімді жұмсай алады. Өйткені, қазіргі уақытта әлемде әрбір азамат жалақысының 60 пайызын күнделікті шығындарына, несие төлеуге және тағы басқаларға жұмсап, қалған 40 пайызын өзінің дамуына арнаса бұл қалыпты жағдай болып табылады. Күнделікті шығындары осы көрсеткіштен асып кетсе, адамдардың кедейшілік деңгейіне түседі деген қауіп бар. Осы процесті тоқтату үшін бізде ең төменгі жалақы өсуі тиіс.

Барлық шара инфлияцияның алдын алуға бағытталуы керек

Банкроттықтың 3 түрлі әдіспен жүзеге асатынын ескерсек, Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына серпіліс беруі мүмкін. Сондықтан, бұған жалпы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға өзінің оң әсерін беретін процесс ретінде қарауға болады. Мысалы, проблемалық кредиттердің өзі 0,5 трлн теңгеден асып кетті. Млн-ға жуық адам алған несиесін қайтаруға қауқарсыз. Осы себепті, жаңа заң өзінің тиімділігін береді деп ойлаймын. Бұл жерде қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды жолға қою маңызды. Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер экономикаға тың серпін беруі әбден ықтимал. Бұл өзгерістер әртүрлі дағдарыстың, пандемияның және тағы басқа да жағдайлардың нәтижесінде туындап отыр. Алдағы жылы қабылданатын Әлеуметтік кодекс мемлекеттің әлеуметтік бағытқа ие бола бастағандығын көрсетеді. Мұны Президенттің сайлауалды бағдарламаларының бір тармағы деуге де болады. Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтардың өмір бойы сүйемелденуін қамтамасыз ететін фактор болып табылады. Ол жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуге, жұмыспен қамтамасыз етудің түрлерін заңнамалық бекітуге де тиімді әсерін тигізеді. Кодекстегі бұдан кейінгі жақсы бір дүние көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтуге байланысты болып отыр. Мысалы, мемлекеттік жәрдемақылардың 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылуы мен көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерінің көбеюі, сосын 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарына аударатындығы сияқты факторлардың барлығы айналып келгенде әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Базалық мөлшерлеме соңғы рет 5 желтоқсанда 16,75 пайызға дейін көтерілді. Мұның барлығы үкімет пен Ұлттық банктің арасындағы жұмыстың нәтижесіздігін көрсетеді. Ұлттық банк инфляцияның қарқыны жоғарылаған кезде базалық мөлшерлемені көтеру арқылы шектеу қояды. Бірақ, біз қазіргі уақытта инфляцияның қарқынын әлі де тоқтата алмай отырмыз. 2023 жылы инфляцияны тудыратын жағдайлардың алдын алуды нақты жұмыстармен қамтамасыз етпесек, 1,5-2 пайызға дейін тағы көтерілуі әбден мүмкін. Сол үшін үкіметтің 2023 жылдағы ең бірінші жұмысы импортқа тәуелді экономиканы отандық тауар өндірушілердің жұмысымен алмастырып, инфляцияның алдын алу болуы керек.

Экспорттық тасымалды әртараптандырудың маңызы зор

Қазіргі уақытта бізге сыртқы экономикалық саясатымыздың ауқымын кеңейту керек. Әлі де игерілмей жатқан батыстың, одан кейін Орталық Азияның басқа да өңірлеріне өзіміздің экспорттық тауарларымызды кеңінен шығарудың маңызы зор.

Мұнайымыздың 70 пайызға дейін Ресей арқылы өтуінің өзі біздің елге үлкен тәуекел болып табылады. Сол үшін мұнайды, газды және тағы басқа да экспорттық тауарларды өзге де логистикалық, транзиттік жолдар арқылы тасымалдауды қолға алу, яғни, әртараптандыру қажет. Ресейдің қазіргі геосаяси жағдайы қиын болғандықтан, экономикамызға тиімсіз салалардан бас тартып, мемлекетке тиімді кәсіпорындардың еркін жұмыс жасауына пайдасы бар бағыттарды анықтауымыз керек.

Ішкі ресурстарға қаржы салу экономиканы қалыптастырады

Әлемдік ірі экономикалардағы тұрақсыздық, дамушы елдердің өсіп жатқан борышы және валюталық тәуекелдер, санкция шектеулері мен сауда соғысы, дамушы нарықтардың өтімділіктен айырылуы және ірі қаржы конгломераттарының дефолты, сондай-ақ, орталық банктердің мөлшерлемені ұзақ мерзімді өсіруге байланысты әлемдік экономикадағы терең рецессия болуы мүмкін. Осыған байланысты әлемнің көптеген елдері экономикалық саясатын қалыптастырған кезде, бірінші кезекте ішкі ресурстарға ақша салуды жолға қояды. Яғни, әлеуметтік шиеленістерді туындатпаудың жолдарын қарастырумен қатар, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету арқылы сыртқы нарыққа бет бұрады. Бізге де осы принцип өте қажет. Бірінші кезекте 2022 жылы орын алған әртүрлі сыртқы, ішкі нарықтағы жағымсыз факторларды таразыға салу, экономикалық реформалардың нәтижесін бағалау маңызды. 2023 жылы жаңадан құрылатын үкімет бола ма немесе қазіргі үкімет пе, бастысы өткен қателіктердің себебімен емес, салдарымен күресудің жолдарын қарастыруымыз керек. Шағын және орта бизнеске қазіргі уақытта, мысалы, салықтық жеңілдіктер жасалып жатыр. Бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий ұзартылды. Осылар нәтижелі болуы үшін жемқорлықты тоқтатудың жолдарын арттыруымыз керек. Алдағы уақытта мұнай-газ секторына тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, туризм сияқты экономикаға қосымша ақша әкелетін бағыттарға назар аударуымыз керек. Мұнайға тәуелділікті азайту шараларын Біріккен Араб Әмірліктері тиімді жүзеге асыруда. Ел 2030 жылға қарай күніне бес миллион баррель мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл жылына шамамен 290 миллион тонна. Сол арқылы БАӘ мұнайға тәуелді бюджеттің үлесін 2030 жылға қарай 10%-ға дейін төмендеткісі келеді. Қазір ел бюджетін мұнай компаниялары салықтарының төрттен бір бөлігі құрайды. Ел экономикасының «қара алтынға» тәуелділігін төмендегідей салаларды дамыту арқасында азайтуға мүмкіндік туды. Мысалы, Араб Әмірліктеріне жылына орта есеппен 20 миллион турист келеді. Бірнеше ірі авиакомпания БАӘ-де орналасқан. Теңіз терминалдары мен қоймалар құрылысына көп қаражат бөледі. Жасыл энергияны дамытуда олар күн көзі мен желдің энергия өндіруде тиімді екенін жақсы түсініп отыр. Ал, біздегі ел бюджетіндегі мұнай-газ саласынан түсетін табыстың үлесі 44 % құрайды. Ұзақ мерзімді перспективада елдің мұнай саласына тәуелділігі оның экономикасын дамыту үшін үлкен қауіп болып саналады. Сол үшін мемлекеттік бюджетті бекіткенде мұнайдың әлемдік нарықтағы құнымен емес, елдегі басқа да пайдалы салалардың табыстылығымен есептеуге көшуді бастауымыз керек.

Материалды дайындаған

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататындар мемлекеттен пәтерді жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерін ала алады. Судсидиялау тәртібін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттейді. Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидиялау қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер және қалай қатысады?

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың деректері жарияланды

ТЖМ Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ақпаратты жариялады.

Жылан жылы қандай болады? Қазақстандық астролог жауап берді

Биыл қазақтың жыл санауы бойынша Жылан жылы. Жылан - мүшел есебінің алтыншы жылы, Ұлу жылынан соң, Жылқы жылынан бұрын келеді. Қазақ бұрыннан әр жылдың өзіне тән сипатын берген. Ал Жылан жылы қандай болады?

Қазақстанда автокөліктің утиль алымы төленгенін қалай тексеруге болады?

Автокөлікті тіркеу және заңды түрде пайдалану үшін утиль алымының төленгенін тексеру - маңызды қадам. Әсіресе шетелден әкелінген көліктерді сатып алу кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керек.

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.