12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МАҢҒЫСТАУ МҰНАРАЛАРЫ АЛЫСТАН КӨЗ ТАРТАДЫ

Маңғыстау туралы ой толғағанда, еріксіз «киелі топырақ» деген теңеуді жиірек қолданамыз. Топырақтың қасиеті, ел мен жердің даралығы туралы айтқанда, осы бір сиқырлы сөз жадымызға оралары хақ.

Қызмет бабымен осы облысқа жолымның түскенін, мұнаралы һәм мұнайлы Маңғыстаудың нардай еңселі азаматтарымен тағдыр жазып, аралас-құралас болғанымды шексіз бақыт деп санаймын. Иә, қылаусыз әппақ ақ ниетіммен ағымнан жарыла айтатыным сол, жері қандай құдыретті болса, бұл өңірдің өзім таныған, осы күндерге дейін сыйластығымыз жарасқан қызметтестерім де кісілік қадір-қасиеттерімен заңғар да еңселі болып көрінеді. Көңілімде иненің жасуындай алалық жоқ, мен үшін сол араласқан жандарымның бәрі бірдей, сұрыпталып, таңдап алынғандай әрқайсысының қадірі биік. Сондықтан болар, өзімнің туған өлкемдей болып кеткен осынау өңірді жиі сағынып, оралып, аңсап жетіп, мұндағы дос-жарандарыммен тезірек қауышуды үнемі іштей тілеп жүремін. Иә, Маңғыстау мұнаралары алыстан көз арбап, тартып тұрады. Содан да болар, бұл елдегі болып жатқан әрбір жаңалық, өзгеріске құлақ тосып, елеңдеп отырамын, жайбарақат қала алмаймын. Мен сүйген, ықыласыммен беріліп қызмет еткен, жаным қалайтын Маңғыстау өңірінің облыстық сотына да елу жыл толып қалыпты. Әрине, бұл өңірге бауыр басқаным өз алдына, өмірімнің ең бір маңызды белестерін өткізген, үйренген, сабақ алған, менің тәжірибе мектебім – осы өлке болғаны сөзсіз. 2013 жылы осынау қастерлі өлкеде облыстық сотқа төрағалық ете жүріп, облыстық соттың қырық жылдық мерейтойын дүрілдетіп атап өткеніміз жадымыздан қайдан өшсін! Қызмет бабы өз алдына, мені осынау өлкенің бай тарихы да, 362 әулиелі Маңғыстау түбегінің көне сәулет үлгілері, өзгеше нақышталған кесенелер, сағана тамдар мен құлпытас ескерткіштері таңғажайып сонылығымен, қайталанбас өнер туындыларына айналуымен баурап, алғаш көргенде-ақ, сиқырлап, арбап алғандай сезініп едім. Әлі күнге дейін солай, көрген сайын толқимын, тебіренемін. Киелі жердің топырағына бауыр бастырған, азаматтарымен қылаусыз табыстырған да, ең алдымен, бұл аймақтың осы бір, дараланған, көзіме алғаш көргеннен оттай басылған өзгешеліктері болар деп топшылаймын. Ал енді өзім қызмет атқарып, төрағалық еткен облыстық соттың тарихына келетін болсам, оны осы облыстың жалпы тарихына, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму тарихынан бөліп алып қарастыруға келмейді. Әуел баста Маңғыстаудың өз алдына облыс болып құрылуына 1961 жылы 5 маусымда Жетібай дөңінен мұнай атқылап, бұл аймақта «қара алтын» мен «көгілдір отынның» мол қоры бар екені айқындалғаннан кейін, бұл өлкенің өндірістік, өнеркәсіптік әлеуетінің жоғарылығы ықпал еткенін бұл күнде екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Осы ойымызға айғақ ретінде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстанда жылына 15 миллион тонна мұнай өндірілген болса, соның 12 миллионы Маңғыстау түбегінен өндірілген болатын. Бұл жоғары жетістіктер, әрине, облыстың жалпы барлық салаларда жедел қарқынмен өсіп, дамуына үлкен әсер еткенін баса айтуға тиіспіз. Оның ішінде, облыстық соттың қалыптасып, даму деңгейінің сапалық көрсеткіші де бар. Құжаттық деректерге назар аударсақ, 1973 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Маңғышлақ облысын құру туралы жарлығы, іле-шала 23 наурызда Маңғышлақ облыстық сотын құру жайындағы жарлығы шыққандығын көреміз.

Мәмбетовтің «шинелінен шыққандар»

Осының өзі жаңа ашылып жатқан облыста алғашқы кезекте облыстық сотты құрудың қаншалықты маңызы болғанын аңғартады. Әрі бұл облыстық соттың жоғары беделін танытатындай, облыстың құрылған күнімен атаулы мерекесі сәйкес келетін маңызды факт болып табылады. Сол жолғы жарлық бойынша, осы жылдың 11 мамырын да Маңғышлақ облыстық еңбекшілер депутаттарының атқару комитетінің қатарында Мәмбетов Қуанышбайдың төраға болып сайлануымен әуелгіде небары алты адамнан тұратын облыстық сот құрамын құру туралы шешім қабылданды. Бірақ, осындай ауыртпалықпен басталған жұмыстарының күрделі әрі кадрлардың жетіспушілігіне қарамастан, облыстық соттың сол кездегі құрамы сот істерін бір кісідей жұмыла көтеріп алып кеткен. Сол кездегі көз көргендердің айтуы бойынша, бұған Маңғыстау облыстық сотының іргесін бекітіп, қалыптасуы мен дамуында алғашқы төраға, бұл ұжымды бас-аяғы жиырма жылдай басқарған білікті заңгер-судья, іскер басшы, адамгершілігі мен парасат-білігі биік азамат Қуанышбай Тәлімжанұлы Мәмбетов көп тер төгіп, айрықша еңбегін сіңіргенін әріптестері аса бір құрмет сезіммен еске алып отыратынын талай естіген болатынбыз. Сол кісіден тәлім-тәрбие алған судьялар арасында кезінде «Мәмбетов мектебі» деген тіркес қалыптасқан екен. Олардың бәрі де «сол мектептің шәкірттеріміз», «Мәмбетовтің шинелінен шыққандармыз» дегенді аса бір мақтанышпен жеткізетін. Осындай қажырлы, жемісті еңбегі үшін Қуанышбай Тәлімжанұлы талай рет жоғары марапаттарға ие болған, «Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген заңгер» деген атаққа қол жеткізген.

Мықты мамандар мектебі

Ал 1988–1990 жылдар аралығында Маңғыстау Атырауға қосылғанда, Атырау облыстық сотын Қайрат Әбдіразақұлы Мәми басқарды. Ол кісінің сонда ауысып барған судьяларға барынша көмек жасап, қамқор болғанынан хабардармыз. Мұнан кейін, бай тәжірибе жинақтаған Қайрат Әбдіразақұлы ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы, ҚР Бас прокуроры қызметтерін жемісті атқарды. Еліміздің саяси бағытында елеулі еңбегі орасан, халқымыздың көрнекті перзенттерінің бірі Қайрат Әбдіразақұлының мемлекетіміздің аса ірі, көрнекті қоғам қайраткеріне айналғанын маңғыстаулық сот қызметкерлері орынды мақтан тұтады. Қуанышбай Тәлімжанұлы мен Қайрат Әбдіразақұлы басқарып, абырой белестеріне көтерген бұл ұжымнан кейінірек, үлкен лауазымды қызметтер атқарып, республикаға танылған айтулы азаматтар, ысылып, мол тәжірибе жинақтаған білікті заңгерлер өсіп шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді, еселі еңбектерімен көзге түсті. Олардың ішінде ҚазМУ-дің заң факультетін бітіргелі тұрғанда, әлі қолына диплом тимей тұрып, Маңғыстау аудандық сотына судьялыққа-төрағалыққа сайланған, өзінің білімділігімен, табанды да турашылдығымен әріптестерінің арасында зор беделге ие болған, өмірінің соңғы жылдарында Алматы қалалық сотында судьялық қызмет атқарған Қания Үсенқызы Хайруллинаның есімін ерекше құрметпен атап өтуді парызым деп санаймын. Сондай-ақ, бүкіл саналы ғұмырын Маңғыстау түбегінде өткізген, ұзақ жылдар сот саласында жемісті еңбек етіп, зейнеттік демалысқа шыққан өзім жақын жуық жүрген, сыйласқан ақсақалдарымыз Итемген Орынбаевты, Керек Қабақовты, қылмыстық істер алқасын басқарып, зейнеткерлікке шыққан ардагеріміз Сәрсен Қаулытайды, облыстық сотта абыройлы қызмет атқарған Қалия Ахмедоваларды кейінгі толқын жас судьяларымыз бен заңгерлер мамандарымыз үлгі-өнеге тұтумен өсіп келе жатыр. Маңғыстау облыстық сотына Қ.Мәмбетовтен кейін, әр жылдарда Чиняев Нұрғожа Қыдырханұлы, Смағұлов Мұхтар Керімқұлұлы, Абдуллаев Сәкен Жүсіпахметұлы сияқты тәжірибелі судьялар басшылық етіп, облыстағы сот жүйесінің дамып, жетілуіне лайықты үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдырып отырды. Олардың ізін басқан кейінгі буын Маңғыстау облыстық сотында еңбек жолын бастап, кейін Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстық соттарын басқарған, бүгінгі күні ҚР Жоғарғы Сотының алқа төрағасы Н.Шәріповті, бірнеше облыстық соттарды басқарған Жоғарғы Сот судьялары М.Бектұрғановты, Қ.Нұрышевты құрметпен атауға лайық деп танимыз. Бұлардың баршасы бірге өсіп, біте қайнасқан, сыралғы жандарға айналған, өзіме жақын жүрген, пікірлес, тілеулес азаматтар.

Жаңаөзен оқиғалары – судьялар үшін ауыр сынақ

Бір атап өтерлігі, Маңғыстау облысында халықтың басым бөлігі негізінен мұнай өндірумен айналысатындықтан, жалпы көпшілікке жұмыс орындарының жетіспей жататыны жиі қозғалып жүретін мәселе. Сондай-ақ, жері құм-шағылды, қуаң әрі құрғақ болатындықтан, бау-бақша, жеміс өнімдерінің өсірілуіне мүмкіндігі төмен. Осыған орай бұл өнімдер өзге өңірлермен салыстырғанда анағұрлым қымбатырақ. Мұндай жағдайлардың халық наразылығына ұласып жатуы жиі кездеседі. Облыстың тарихында екі рет 1989 жылғы маусым мен 2011 жылғы желтоқсан айларында тарихта «Жаңаөзен оқиғалары» деген атпен қалған қанды қырғынның орын алуы нақ осындай әлеуметтік теңсіздіктер мен тұрмыстық жетіспеушіліктерден туындап, өрістегені анық. Соңғы оқиғаларға байланысты Жаңаөзен мен Шетпеде болған заң бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің орын алуына қатысты істерді біздің Ақтау қалалық соты қараған болатын. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік салмағын жүктеген ауыр сынақ болды. Өйткені, мұндағы орын алған атышулы оқиғалардан бүкіл әлем жұртшылығы құлақтанып, әсіресе, сот процестерінің қалай жүргізіліп жатқандығы журналистердің қатысуымен бақыланып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тез таралып, дүниежүзі елдері қадағалап отырды. Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот процестері заң шеңберінде мейлінше ашық, жариялы түрде өткізілді. Оған ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, тәуелсіз құқық қорғаушылар, жергілікті ардагерлер қауымынан және 60-қа жуық журналист қатысып, еліміздің барлық ақпарат құралдары арқылы халыққа заматында жеткізіліп, таратылып отырды. Әрине, «дайындық барысы ауыр болса, ұрыста жеңіл болады» демекші, аталмыш оқиғалардың күрделілігіне байланысты, сот процестері де ауыр жүргізілгенімен, бұл бір, менің қызмет бабымда кездескен үлкен өмір сабағы, зор тағылымды үйрену мектебі болғандығын айрықша атап өткім келеді. Әлем назарын тіккен бұл оқиғалардың жариялы түрде өткізілуі – біздерге ауыр сынақ болғанымен, осындайдан адам тәжірибе жинақтап, ысыла түсері сөзсіз. Иә, жоғарыда мән беріп, айрықша атап өткенімдей, облыстың атаулы мерейтойымен қарайлас келіп отыратын бұл салтанат – облыстық соттың жартығасырлық дүбірлі тойы бұл аймақтың жұртшылығы үшін де, заң мен сот қызметкерлері үшін де айрықша мереке ретінде аталып өтетініне сенімдімін. Өйткені, өзім әлдеқашан көз жеткізгенімдей, Маңғыстаудың халқы салты мен дәстүріне берік, бұрынғылардың аманатына адал, елдік жоралғыны сақтай білетін өнегелі, ұлағатымен аты шыққан ел. Сондықтан, барша қауымды, оның ішінде өзім ортасында есте қаларлықтай мағыналы, мазмұнды жылдарымды өткізген облыстық сот ұжымын осы айрықша мейрамдарымен құттықтап, жемісті еңбектерімен халқына қадірлі, елімізге танымал атақтары жайыла беруіне шын жүрегіммен тілектестігімді білдіремін. Әділетті іс, шешімдеріңізбен ел арасында әйгілі атанып, турашылдықпен атақтарыңыз шыға берсін! Өздеріңізбен әрқашан тілегім бір, жүрегім бір.

Досжан ӘМІР, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына барды

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

ҚР Үкіметі су тасқынымен күрес қарқынын арттыра түсуде

Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды.

Бишімбаев ісі Қазақстанның имиджіне әсер етті ме? СІМ жауабы

Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстанда 16, 17 және 18 сәуірде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.