12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Нұркен ЖЕКСЕМБИЕВ, Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы: «АТА-АНАСЫН ҚОРҒАЙ АЛАТЫН БАЛА ОТАНЫН ДА ҚОРҒАЙДЫ»

– Нұркен Жақыпұлы, осынау ұлан-ғайыр жерді иеленген халқымыз үшін әскер беделі қашан да жоғары. Сондықтан, әңгімемізді тәуелсіз еліміздің әскери соттары, олардың міндетінен бастасақ.

– Қазақ хандығы кезінде сот төрелігін билер соты атқарғанын тарихтан жақсы білеміз. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысына» сүйенген бұрынғы билер мен хандар ел арасындағы дау-жанжалды барлық уақытта бейбіт жолмен реттеп отырды, сол арқылы мемлекеттің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Олардың арасында Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің шоқтығы биік. Есім хан мен Қасым ханның заңдар жиынтығы, Жеті Жарғы қай-қайсысы болсын барлығында әскери мәселелерге қатысты салмақты қағидалар бекітілген. Мысалы, сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктері, әскери міндеттілік, елге қатер төнгенде жауға қарсы жарамды азаматтың бәрінің соғысқа баруы, қолбасшыға бағыну, т.б. тәртіптер айқындалған. Осылардың өзі бабаларымыздың әскери істерде темірдей тәртіппен билік жасағанының айқын дәлелі. Мұны айтып отырғаным, халқымыз «Өткенсіз бүгін жоқ» демей ме? Біздің бүгінгі жетістіктеріміз бабалар жолының жалғасы, яғни, Қазақстан сол билердің тікелей мұрагері десек, тәуелсіз еліміздің сот жүйесі оның бір тармағы Әскери сот та мемлекетімізде айрықша маңызға ие. Әскери соттардың басты міндеті әскери қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін әділ қорғау, сол арқылы қоғамның сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттыру болып табылады. Әскерилердің қызметі ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етумен тығыз байланысты болғандықтан, халықтың құрметі жоғары. Әскери киім киген адамдар мінсіз абырой мен әділдіктің эталоны, болашақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. Ал, біз олардың бұзылған құқықтарын заңды түрде қарап, әділ шешуге қызмет етеміз.

– 30 жылдық тарихы бар әскери сот қалай құрылды, даму жолы қандай, кімдер басқарды осылар жайлы мағлұматтарға да қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Заман талабына сай сот жүйесі күрделі өзгерістерді бастан кешіріп, елмен бірге дамыды. Оның ішінде әскери соттар да бар. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан кейін барлығын жаңадан бастауы керек болды. Әсіресе, өз әскерімізді құру міндеті тұрды. Себебі, жас мемлекетіміз үшін қауіпсіздік ең басты мәселе болды. Осы орайда, 1992 жылы Қазақстан Президентінің «ҚР Әскери соттары мен әскери прокуратуралары туралы» қаулысымен ҚР Әскери соттары құрылды. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау туралы заң қабылданды. 1993–1994 жылдар аралығында облыс орталықтары мен үлкен қалаларда ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен гарнизондардағы әскери соттар жұмысын бастады. 2009 жылы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті жанынан Әскери соттың әкімшісі» құрылды. Әскери сотты Сағитжан Тасмағамбетов, Айтмұхамед Төлеуханов, Серік Байбатыров, Сәкен Абдолла сынды білікті ағаларымыз басқарып, бүгінгі деңгейге жеткізуі жолында аянбай еңбек етті. Қазіргі күні ҚР Әскери сотына Жандос Мұсабеков төрағалық етуде.

– Қалай ойлайсыз, саладағы реформалар соттарға деген сенімді арттырып, тәуелсіздігін қамтамасыз ете алды ма?

– Судьялар сот әділдігін жүзеге асыруда тәуелсіз және Конституция мен заңға бағынады. Ішкі түйсігіне сүйене отырып, заңды шешім қабылдайды. Конституциямызда сот билігінің мемлекеттік биліктің бір саласы ретінде бекітілуі соттар мәртебесін айқындап берді. Судьяны Президенттің тағайындап – оның тәуелсіздігіне кепілдік етеді. Судья ең алдымен заңмен жұмыс істейді. Оның басты міндеті заңды орындау.

– Егер заңда қателік болса ше?

– Заңдағы дұрыс емес нормалар құзырлы, заң шығарушы органдармен түзетіледі. Осы себепті, заңды басшылыққа алып, ішкі түйсігіне жүгіне отырып шешім қабылдайтын соттардың тәуелсіздігі жүз пайыз сақталатынына ешқандай күмән-күдік болмауы керек. Сенім мәселесіне келсек, ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен сот билігіне ел сенімін арттыруда айтарлықтай тың жұмыстар атқарылуда. «Сот төрелігінің жеті түйіні» аясында соттардың жұмыс тәжірибесін оңтайландыру, азаматтарды негізсіз әуре-сарсаңға салудың алдын алу, соттарда жайлылықты арттыру, сот актілерінің сапасын жетілдіру, қоғам мен сот арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру шаралары қабылданды. Сонымен қатар, судьялық жас ұлғайтылып, үміткерлерді іріктеу тетіктері күшейтілді. Яғни, сот қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Болашақ судьялар тізімі БАҚ-тар арқылы жарияланып, халық пікірі қаперге алынады. Үміткерлердің білім-білігі әр қырынан сыналады. Қатаң сыннан сүрінбей өткендер ғана судья бола алады. Елімізде судьялардың тәуелсіздігі мен әлеуметтік мәртебесі жоғары. Бабалар дәстүрі бітімгершілік жолы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдері жан-жақты дамытылды. Заман талабына сай ендірілген жаңа ақпараттық технологиялар жүйе жұмысын одан әрі оңтайландырып, қағазбастылықтан арылтты әрі сот ісін жүргізудің ашықтығын қамтамасыз етті. Сот істерін тиімді шешудің жаңа тетіктері қалыптасты. Бұл шаралар өз кезегінде еліміздің халықаралық рейтингтердегі позициясын жоғарылатуға септігін тигізді. Нәтижесінде Дүниежүзілік экономикалық форумның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Сот тәуелсіздігі» индикаторында Қазақстанның көрсеткіші 43 позияцияға жақсарды. Салада жүзеге асып жатқан реформалар сапалы қызмет пен әділ төрелік орнату мақсатын көздейді және олар өз нәтижесін беруде деуге толық негіз бар.

– Қазіргі жастар бойында отансүйгіштік сезім кемшін, оны әскерге барып отан алдындағы борыштарын өтеуге деген немқұрайдылықтарынан да байқауға болады. Бұл ненің салдары деп ойлайсыз?

– Отбасы шағын мемлекетке теңеледі, «Отан отбасынан басталады» дейміз. Осы мәселедегі кемшіліктің бастауын отбасынан іздемеске амал жоқ. Ата-ана баласын елдік рухта тәрбиелегенде ғана жастарға сенім арта аламыз. Бала кез келген жағдайда әке-шешесін қорғай алатын деңгейде болса, онда ол Отанды да қорғайды. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деуі бекер емес. Демек, баланың елге-жерге деген сүйіспеншілігі отбасында қалыптасады. Осы тұрғыдағы тәрбие ақсап жатқан сынды. Оның салдары баланы елдік мәселелерде немқұрайдылыққа әкеледі. Оданы кейін жігіт болып жаратылған әрбір азамат денсаулығы жараса міндетті түре әскерге баруы керек. Бүгінде әскер небәрі бір-ақ жыл. Кезінде әкелеріміз бен ағаларымыз әскери міндетін 3 жыл жүріп те өтеді. Біз бұл жерде басты нәрсені түсінуге тиіспіз, жігіттеріміз мықты болғанда ғана Қазақстанның армиясы мықты болады. Бұрын әскерге бармағандарға көзқарас төмен болатын. Қазір де осындай көзқарас қалыптастыруға тиіспіз. Әскерге барған бала бармаған қатарласынан бәрібір ерекшеленіп тұрады. Жастарымыздың шымыр, кез келген жағдайдан шыға білетіндей алғыр болуы тиіс. Әскер соған үйретеді.

– Әскери соттардың өзге соттардан қандай да бір айырмашылығы бар ма, өзіңіз қызмет ететін сот жұмысынан да жалпы жұртшылықты хабардар ете отырсаңыз?

– Ел азаматтарының барлығы әскери соттардың қызметін, олардың қандай және кімдерге қатысты істерді қарайтынын біле бермейтіні рас. Әскери соттардың құрылымының басты ерекшелігін тек әскери қызметшілерге, әскери басқару органдары мен бөлімдерге қатысты істерді қарайтындығымен байланыстыруға болады. Яғни, азаматтық істер бойынша тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім, ал, қылмыстық істерде әскери қызметші болуы шарт. Бұдан әрі нақтыласам бұрынғы әскери қызметкер әскери тізімнен шығып кетсе де, оның қандай да бір сотқа қатысы бар ісі әскери сотта қаралады. Алматы гарнизоны әскери соты аудандық соттың деңгейінде болса да дәрежесі одан жоғары. Себебі, қарауымызға екі облыс Алматы мен Жамбыл, сонымен қатар, Қапшағай, Талдықорған, Гвардейск, Сарыөзек Үшарал, Қордай, Алматы гарнизондары кіреді. Яғни, географиялық жағынан ерекше. Бірінші сатыда азаматтық және қылмыстық істерді қараймыз. Өз қызметімізде Ата Заңмен бекітілген қағидалар мен конституциялық және процессуалдық заңдарды басшылыққа аламыз. Жеке құрамға байланысты азаматтық және әскери қызмет туралы заңдарды қолданамыз. Айта кетерлігі, қазіргі таңда сотта тәжірибелі судьялар Дихан Әлиасқаров, Даниял Баймакулов, Қанат Естай, Ралат Болатқан, Ержан Абдуллин қызмет етеді.

– Соттың негізгі принципі ретінде нені атар едіңіз?

– Ең негізгі принциптердің бірі – ашық сот жүргізу. Сот процесінде судьялар өздерін дұрыс көрсетіп, әділетті болуға міндетті. Абыройлы қызметке сай екендігін судья өзінің әрбір ісімен, әділ шешімдерімен дәлелдеп отыруы керек. Сотталушылар судьяның өзін тыңдауын, айналасындағылардың өзіне түсіністікпен қарауын қалап тұрады. Осындайда соттың ашық өтуі кереғар пікірлерге тосқауыл болады. Біздегі сот билігін жүргізу халықаралық нормаларға сай. Заңмен берілген құзыреттің өзі судьяға үлкен міндеттер жүктейді. Адам тағдыры бар жерде міндет өте кіршіксіз орындалуды талап етеді.

– Осы сотта бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс қай деңгейде?

– Судьялардың V съезінде Бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керектігі айтылған болатын. Себебі, қоғамдық пікір қалыптастыруда БАҚтың ықпалы зор. Сот әділдігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстарды ашық көрсету үшін сот органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Судьялар БАҚ өкілдеріне арнап брифинг, баспасөз конференцияларын өткізіп, сұрақтарға жауап беруге барлық уақытта дайын. Өйткені, сот нақты ақпарат алатын орган. Осыған орай, сот саласының алдына ақпараттық ашықтықты арттыру, жұртшылық және БАҚ-пен жұмысты күшейту міндеттері қойылды. Саладағы реформалар туралы кез келген журналиске маңызды әрi қызықты тақырыптар жетерлік. Жаңа заңдар қабылдануда, соларды судьялар мен заңгерлер көмегімен халыққа түсіндіріп жазар болса, ел азаматтарының құқықтық сауаттары көтерілер еді. Сот билігі мен БАҚ қарым-қатынасының үйлесімді болуы екі жаққа бірдей байланысты. БАҚ-пен байланыс орнату сот жүйесi үшiн ғана емес, күллi қоғам үшiн маңызды.

– Сіздің ойыңызша, басшының ең басты міндеті қандай болуы керек?

– Басшы біріншіден, өзінің лауазымды міндетін мінсіз атқаруы, екіншіден, адамгершілік қасиетін жоғалтпауы керек деп ойлаймын. Осы қасиеттерді бойына мықтап сіңірген басшының қателікке жол бермесі анық.

– Елдің, қоғамның құрметіне қалай ие болуға болады, яғни, оған бізді не жеткізеді?

– Халық ықыласына ие болудың жалғыз жолы – адал еңбек. Ал, судьяның адал еңбегі заңдылықты қалпына келтіретін әділ шешімдер. Халқымыз «Сыпайылық – сыйыңды арттырады, кеңдік – құрмет туғызады, шыншылдық – сенімге жеткізеді» демей ме? Осы қасиеттерді өз бойына тоғыстыра білген жандардың халық құрметінен тыс қалмасы сөзсіз.

– Еліміздің бас заңы Конституцияға қатысты да ойыңызды айтсаңыз.

– Конституция еліміздің ең негізгі құқықтық бас құжаты. Сондықтан, оның талаптарын білу, біліп қана қоймай құрметтеу әрбір қазақстандықтың міндеті. Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта лайықты орнын алғаны осының айғағы.

Сұхбаттасқан Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ

5 шілдеден бастап заңсыз ағаш немесе бұта кескендерге айыппұл салынады

5 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа ережелер күшіне енеді. Енді әрбір заңсыз кесілген ағаш немесе бұта үшін айыппұл төлеуге тура келеді.

Неке тіркеу статистикасы: қай ай көш бастап тұр?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2016 жылы бұл көрсеткіш шарықтау шегіне жетіп, бұл айда 16,9 мың неке қиылған.

Алматыда қандала неге қаптап кетті? Маман түсіндірді

Алматыда жөке (ағаш) қандалаларының жаппай таралуына қарсы жүйелі түрде биологиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қытай толассыз жауын-шашынға байланысты тағы ескерту жариялады

Қытайда толассыз жауын-шашын салдарынан болған жойқын су тасқындарынан кейін тағы ескерту жарияланды.

Оплот Независимости и гарант развития страны

ПРЕЗИДЕНТ КАЗАХСТАНА – ВЕРХОВНЫЙ ГЛАВНОКОМАНДУЮЩИЙ ВООРУЖЕННЫМИ СИЛАМИ КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ ПРИНЯЛ УЧАСТИЕ В ОТКРЫТИИ XI МЕЖДУНАРОДНОГО ВОЕННО-ПАТРИОТИЧЕСКОГО СБОРА МОЛОДЕЖИ «АЙБЫН».