ВАЛЮТА НАРЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА РЕКОРД

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартыпты» дегендей коронавирустан қорыққан халықты бағамы түскен теңге мен шарықтаған доллардың бағасы алаңдатып тұрған жайы бар. Қалтасында көк қағазы болмаса да, әлеуметтік жағдайдың долларға тікелей қатысы барын сезінген халықтың көңілі пәс. Ал, министрлер кабинеті мен Ұлттық Банктің біріккен үндеуіне риза емес сарапшылар «дағдарысты уақытша шаралар арқылы емес, терең реформалар арқылы еңсеруіміз керек» деген пікірде. Расында да неге осы дағдарыстың алдын алуға күні бұрын тырыспаймыз?!

Кеше алғаш рет айырбастау пункттерінде доллардың сату курсы 400 теңгеден асты. Бұл – Қазақстанның валюта нарығындағы жаңа рекорд. Соған қарамастан Үкімет басшысы Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы кешіктірілмей уақытында төленетініне сендірді. Тек ол шарықтаған бағаға тұсау бола алмайды. Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов «Алдағы 1,5-2 ай бойы мұнай бағасы 20 доллар көлемінде болса, бұл – экономикамыз үшін нағыз апат», – дейді. Расында да ең алдымен теңгенің тағдырына мұнайдың арзандауы әсер етіп отырғаны жасырын емес. Өкініштісі сол, алдын ала болжам жасалғанына қарамастан билік тарапынан дағдарысты болдырмаудың нақты жоспары түзілмеді. Өндіріс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою тек қағаз жүзінде шешіліп келді. Отандық өндірісі жоқ, шырпыға дейін шетелден таситын біздің ел енді қалай дағдарыстан шықпақ?
Еске сала кетсек, экономикадағы дағдарыс соңғы рет осыдан 12 жыл бұрын бүкіл әлемді шарпып өткен еді. Оған Америка Құрама Штаттарындағы ипотекалық мәселе себеп болған. Сол кезде несиеге деген сұраныстың күрт төмендеуіне байланысты, АҚШ банктері қарыз алушыларға қойылатын талапты күшейткені есте. Нәтижесінде, банктің бұл құралы ипотекалық несиелердің жаппай кешіктірілуіне ұласып, бірқатар ірі банк банкротқа ұшыраған. Ол дағдарыс Қазақстанды айналып өтпеді. Мамандардың есебінше, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, 642 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан, ресми жұмыссыздық 7%-ға жеткен. Республика бойынша өндіріс көлемі де төмендеген болатын. Ал, бүгінгі дағдарыс зардабының қандай болатынын уақыт көрсетеді. Жалпы қазіргі жағдайға негізгі себеп жеке және
мемлекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің өсуі. Яғни, қарыз алу дүние жүзінде рекордтық көрсеткішке жеткен. Дәлірек айтқанда әлемдегі қарыз – 246 трлн АҚШ доллары. Борышқа бату – барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен. Дамушы елдердің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда сегіз жыл ішінде 168%-ға көтерілген. Келе жатқан дағдарыс 10 жыл бойы қарыз беруді үдеткен Қытайда айтарлықтай көрініс табуы мүмкін. ҚХР өтелмеген қарызы 20 трлн доллардан асып, Қытайдың ЖІӨ-ге қатынасы 255% құраған. Әлемдегі ең үлкен корпоративтік қарыз кесірінен Қытай жаңа жаһандық экономикалық дағдарыс ошағына айналуы ғажап емес. Демек мұнай мен Қытайға сенеміз деп аш-жалаңаш қалмасымызға кепілдік жоқ.

Ілияс БАҚКЕЛДІ, экономист:
Дүниежүзілік дағдарыс қаласақ та, қаламасақ та келеді. Биыл да дағдарыстың зардабы айтарлықтай болатынын сезініп отырмыз. Несиені той жасау үшін емес, халық шағын өнеркәсібін дөңгелетуге алса, дағдарыстан мұншалықты қорықпас еді. Сондықтан осы қиындық кезінде халқымыз үнемшілдікті үйренсе екен деймін. Халық қана емес, мемлекет те осыны ұғынуы керек. Ретсіз шығындар азайтылуы қажет. Шетел азаматтары дағдарыстан соң шағын машиналардың тізгініне отыра бастады. Ал, бізде шенеуніктеріміздің тақымын арзан көлік әлі күнге «жатырқайды». Халық та несие алып той жасағанша, сол қаржыны балаларының қолына ұстатып, үйлі болуына жағдай жасаса екен. Бүкіл әлем қаржылық дағдарысқа байланысты үнемдеуге көшіп жатыр. Қаржылық дағдарыстың пайдасы мен жақсы жағы адам сана-сезімін өзгертіп, үнемдеуге көшіріп, аста-төкке, ысырапшылдыққа жол бермеуінде. Бұдан тәуелсіз еліміз де, халқымыз да ұтпаса, ұтылмайды. Қиыншылық кезеңнен өтіп, жаңа кезеңге халық басқаша көзқараспен қарап, жаңа экономикалық құрылыммен жұмыс істеп, қалыптасса дағдарыс халыққа қаржылық сауаттылықты үйретсе риза болар едім. Жалпы дағдарысқа мемлекеттің ғана емес, жекелеген адамдардың да өз дайындығы болуы керек.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

[ratings]

Алматыда жылуды 9 қазаннан бастап қосады

Алматыда биыл жылу қосу маусымы 9 қазанда басталады. Алайда әкімдіктің хабарлауынша, тұрғын үйлерге жылу бірден қосылмайды.

Ерлан Карин Джеки Чанмен кинематография саласындағы ынтымақтастықты талқылады 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-президент Ерлан Карин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті.

Қазақстанда алкогольге ең көп ақша жұмсайтын өңір анықталды 

Қазақстан тұрғындары алкоголь өнімдеріне, шарап пен сыраға орта есеппен азырақ ақша жұмсай бастады: 2026 жылғы қаңтар–маусым айларында шығын бір адамға 3,1 мың теңгені құрап, бір жылда 1,1%-ға қысқарды.

Алтын бағасы алдағы бір жылда 5013 долларға дейін қымбаттауы мүмкін 

Алдағы 12 айда алтынның бағасы бір трой унциясына 5013 долларға дейін өсуі мүмкін.

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды 

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны қамауға алуға санкция берді.