Өңірлерді дамытуда азық-түлік қауіпсіздігінің алар орны ерекше. Бұл бағытта ветеринарлық қызмет мамандарына артылатын жүк ауыр. Өйткені қандай да бір жерден аса қауіпті ауру ошағы анықталып, малдан ауру белгісі табылған жағдайда және ол шекті мөлшерден асатын болса, ол ауданнан сыртқа өнім шығаруға тыйым салынады.
Кейде мұндай жағдай аудан, облыс, республика деңгейінен асып, елімізден өзіне қажетті шикізат пен дайын өнімді импорттаушылар оған белгілі бір уақытқа дейін шектеу енгізеді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар әрдайым жоспарға сәйкес орындалып отырады. Мәселен, Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы аумағында 15 ауылдық округте 42 елді мекен орналасқан. Қазіргі таңда онда 37 412 мүйізді ірі қара, 639 143 мүйізді ұсақ мал, 23 103 жылқы, 69 бас түйе бар. «Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына сай барлық малға аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасалды. Сарып (бруцеллез) ауруын анықтау мақсатында ауыл шаруашылық жануарларынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 23 бас малдан оң нәтиже анықталып, ауру жануарлар «ИП Рамазан» мал сою пунктіне өткізіліп, қайта өңдеуге жіберілді. Зертхана қорытындысына сай, жұқпалы ауру анықталған жануарлар 15 күннен аспайтын мерзім ішінде жақ немесе сауыр аймағында «Б» таңбасы белгіленіп, комиссия тарапынан оқшауланып және санитарлық союға жіберіліп, әрі қарай қайта өңдеу цехіне өткізіледі», – дейді Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғабидин Әшімбеков. Ғабидин Бақбергенұлының айтуынша, 15 ауылдық округтегі 12 ауылдың ветеринариялық бекеті мал егу, емдеу орнымен қамтылған, үшеуі әкімшілік ғимаратта орналасқан. Ауданда мал өлекселерін тастайтын үш биотермиялық «Беккери» шұңқыры бар. Жалпы, Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы 12 елді мекенде 27 сібір жарасы ошағының көмінділері орналасқан. Сібір жарасы көмінділері ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, тақтайшаларда аурудың тіркелген жылы, айы жазылған. Тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады. Кәсіпорын теңгерімінде Ақыртөбе және Құлан ауылында орналасқан екі мал сою алаңы бар. Ауылдық округтерде 129 (33 жоғары білімді, 96 орта білімді) мал дәрігері жұмыс атқарады.
– Тұрар Рысқұлов ауданында «Ауыл аманаты» жобасына енген Құмарық және Абай ауылдық округтерінің ірі қара малдарын асылдандыру мақсатында іргелі жұмыстар жүргізілді, – деген Ғабидин Әшімбеков «Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сай, ит аулау жұмыстары да назарда ұсталатынын атап өтті. Ауданда, «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығынан және ауылдық округ әкімшіліктерінен келіп түскен өтініштерге сәйкес, 2024 жылы 350 бұралқы ит-мысық ауланды. Т.Рысқұлов ауданы аумағында бұралқы ит-мысықты уақытша күтіпұстауға арналған питомник әзірге жоқ. Бірақ 2024 жылы салу жоспарланып отыр.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


