Елбасының «Төртінші өнеркәсіп жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көзделген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі — белсенді жағдайға көшуді көздейтін электрондық және мобильдік үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру.
Осыған орай, Н.Ә.Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Үкімет мүшелеріне тапсырма берген болатын. Мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету орталығы, денсаулық, білім саласы бүгінде белсенді жағдайға көшуді көздейтін электрондық және мобильдік жүйеге көшіп үлгерді. Бұл жүйенің тиімді тұстары өте көп.
Бағдарламаның 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдардағы электронды жүйе жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау.
Жалпы жайлы өмір сүру жолдарын қарастырғанда оның тиімді тұстарын тізбелеп шығамыз. Соның ішінде адамдардың алтын уақытын үнемдеуге бүгінгі біздің сөз етіп отырған электронды үкіметтің рөлі зор.
Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал келтіруге болады, ол – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі баламалы негізде:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация);
2) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) www.egov.kz арқылы жүзеге асырылады.
Өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді
Мемлекет саясаты мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді толығымен автоматтандыруға бағытталған. Елбасының мемлекеттік қызмет көрсету саласын толықтай электронды форматқа көшіру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында Әділет министрлігімен АХАТ саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тек электронды нысанда көрсету жоспарланып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда, Әділет органдарының міндеттерінің бірі «Электронды Үкіметті» дамыта отырып , халыққа оны пайдаланудың тиімділігін түсіндіру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентімен 2019 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойылды.
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің(бұдан әрі — Кодекс)50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді.
Өзгерістердің басты мақсаты — азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Мысалы, қазіргі кезде ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды. Енді азаматтарға АХАТ органдарына бару қажеттілігі туындамайды. Электронды жүйе әсіресе елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде де көп көмегін тигізді.
Сонымен қатар Сот шешімі негізінде неке бұзуды тіркеу тәртібі автоматтандырылған. Аталған мәліметтер Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі және неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғандығы туралы белгі қойылады.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) азаматтармен мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды.
Бүгінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) талаптарына сәйкес өтініштерді «Электронды Үкімет» Порталы арқылы тек баламалы негізде көрсетілетін түрлері: тууды тіркеу, неке қиюды тіркеу, некені бұзуды тіркеу/ тек ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша/ тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу қабылдануда.
Электронды үкімет порталы арқылы азаматтық хал актілерін тіркеу қызметін алу үшін міндетті түрде электрондық сандық қолтаңба болуы қажет, оны Электрондық үкімет порталынан немесе тұратын қалаңыздағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады.
Электрондық өтінішті беру үшін порталда авторизациялау жүргізіп, өтінішті толтыру жеткілікті. Жүйеге қажетті деректерді енгізеді, электрондық сандық қолтаңба көмегімен өтінішке қол қояды. Өтінішті беруге мемлекеттік баж төлемі электронды үкіметтің төлем шлюзінің автоматтандырылған жүйесі арқылы іске асырылады.
Яғни, халықты әуре сарсаңға салуға жол бермей уақытын үнемдейді және халықтын наразылығын тудырмайды.
Осылайша ұзақ кезектерде тұрудың және мемлекеттік органдарға барудың қажеттігі жоқ.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру бағытында 2008 жылға дейін тіркелген азаматтық хал актілерінің түрлерін «АХАЖ ТП» ақпараттық жүйесіне экспортталып, өзектендіріліп жаңартылған ақпаратты енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, «АХАЖ ТП» ақпараттық жүйесі басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне, жеке тұлғалар мемлекеттік деректер базасынна интеграцияланған. Сонымен қатар, Әділет департаментімен мемлекеттік органдарынан және нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жұмыстары жүзеге асырылады.
Апостиль — құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба;
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 24 сәуiрдегi №545 қаулысында көрсетілгендей, апостиль қоюға жататын құжаттарға: мемлекеттiк органдардан (мекемелерден, нотариустардан) және Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарынан, сондай-ақ сот органдарынан, прокуратура органдарынан, әкiмдерден және басқаларынан шығатын құжаттар, нотариаттық расталған құжаттар қабылданады.
Жылжымайтын мүлікке қатысты нотариустар жасаған мәмілелер де электронды түрде тіркеледі. Сонымен қатар меншік құқығы, атында мүлкі бар-жоқтығы және жылжымайтын мүлікке қатысты сұрау салулар электронды қолтаңба арқылы ақпаратты «eGov» жүйесі арқылы алу мүмкіншілігі де қарастырылған.
«Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсанда
№ 827 қаулысының маңызды бағыттарының бірі, ол нормативтік құқықтық актілердің электрондық сүйемелденуінің жүйесін қалыптастыру заң шығарушылықтың ықтималды сапалы процесін, қоғамға және айрықша бизнес қоғамдастыққа нормашығармашылық процеске тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болатын барынша ашық және көпшілікке қолжетімді тетікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болатыны айқындалған.
Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік құқықтық актілерді рәсiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі № 463 қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулы негізінде қазіргі таңда Қазақстан Республикасында нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу қағаз түрінен электрондық тіркеу мемлекеттік органдардың интранет – порталы (МОИП) арқылы іске асырылады.
Аталған шара нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуші мемлекеттік органның уақытын үнемдеу мен әлеуметтік маңызы бар актілерді шұғыл қабылдауды қарастырады.
Сонымен қатар, сот актілерін орындау саласында да цифрлы жүйені қолдану барысы кеңеюде.
Сот орындаушыларының барлық атқарушылық іс жүргізулерін қозғау, есепке алу, тоқтату 2015 жылдан бері қолданылып жатқан Атқарушылық іс жүргізулердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылуда.
Өндіріс шеңберінде де бірқатар шаралар бұл ақпараттық жүйеде электронды тәртіпте жүргізілуде.
Мысалы, борышкерлердің шетелге шығуын шектеу және оны алып тастау, 12 банктердегі есеп-шотаттарына тыйым қою, жылжымайтын мүлікке қатысты тыйым шаралары электронды нысанда жүзеге асырылуда.
Ақпараттық жүйе арқылы борышкерлердің мүліктерін сату үшін аукционды жүргізу әрекеттері толығымен автоматтандырылған.
Бүгінгі таңда борышкерлер өздерінің қарыздарын мобильді жүктемелердің көмегімен жүргізе алады.
Өндіріс тараптары да оларға қатысты қозғалған атқарушылық өндіріс жайлы мәліметтерді де ақпараттық жүйеден біле алады.
Сондай-ақ, әрбір азамат өзіне қатысты сот орындаушыларға істердің және шетелге шығуға шектеулердің бар-жоғын, ҚР Әділет министрлігінің сайтында орналасқан Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен біле алады.
Алдағы уақытта да аталған ақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту, соның ішінде борышкерлердің автокөліктеріне тыйым салу, басқа да банктермен электронды тәртіппен құжат алмасу мәселелері қаралуда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда азаматтар «Еgov» порталы арқылы адвокаттық, нотариаттық және жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығына үміткер ретінде аттестаттауға құжаттарын жолдайды.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алу үшін портал арқылы жүгінген жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында рәсімделеді.
Көрсетілетін қызметті беруші аттестаттау өткізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында аттесттаудан өтуге жіберілген үміткерлердің тізімін, оны өткізу тәртібін, үміткерлерді іріктеу ұзақтығы мен мазмұнынымен таныса алады.
Бұдан бөлек, бүгінде мегаполисте сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелі ең жоғары салалар мен әлеуметтік маңызды қызметтер болып есептелетін білім, денсаулық сақтау және сәулет, қала құрылысы салаларының қызметтері автоматтандырылған.
Қазіргі таңда Түркістан облысында да жеке және заңды тұлғаларына электронды форматта 22 мемлекеттік қызмет толық қолжетімді. Атап айтқанда, жер қатынастары, сәулет, жұмыспен қамтуды үйлестіру, ауыл шаруашылығы бойынша қызметтерді электронды жүйеде пайдаланады. Бұл қызметтер әзірге Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында онлайн көрсетіледі. Алдағы уақытта толық аудандар осы жүйемен қамтылатын болады. Бұл көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда әлде қайда жоғарылап, электронды жүйеінің күннен-күнге дамып келе жатқандығын байқатады.
Қазіргі таңда 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отырғандығы өздеріңізге де мәлім. Ал 2025 жылға дейін цифрландырудың экономикалық тиімділігі арта түспек.
Жалпы, мұның бәрі халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталып, өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет.
Халықтар мен елдер және олардың дәстүрі әртүрлі болғанымен, прогрестің бағыты – біреу және ол айқындалып отыр. Цифрландыру қазіргі әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығына ортақ. Демек бұл істер алдағы уақытта одан әрі жетілдіріле түседі деген сенімдемін.
Шымкент қаласының Әділет департаментінің
басшысы Тастанов Орынбасар Зайдинұлы