12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қазақтың мәңгілік мұңы

Қазіргі бақытты, мұңсыз ұрпақтың отаршылдық дәуіріндегі қиындықтарды елестетуі қиын. Өйткені, одан бері де бірнеше ұрпақ алмасты. Халық трагедиясын уақыттың өзі емдеп жазатыны рас. Айтылар естеліктердің жыл өткен сайын сыз-салмағы да жеңілдей бермек.
Дегенмен, біз тарихқа, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолына құрметпен қарайтын жұрттың өкіліміз. Еліміз болып, белгіленген осынау азалы күнде халықтың қайғы-мұңға толы, зұлмат кезеңдеріне, әке-шешелеріміздің басынан кешкен нәубетті дәуіріне құрметпен қарап, әруағына басымызды иіп, есімізге алуға, құран оқытып, дұға бағыштауға арымыздың алдында міндеттіміз. Ендігі ұрпақ олар кешкен нәубетті бастан кеше көрмесін деп тілейік.
Саясат қанша жауырды жаба тоқып, болған сұмдықтардан тезірек аттап өтіп, шындығын күресінге көміп тастағысы келсе де, уақыт сол замандардан неғұрлым ұзаған сайын, оның құпия­ларының ашылу мүмкіндігі молая түседі екен. Мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев: «Шындық бәрібір ерте ме кеш пе ашылмай қалмайды, бүгін оны екі-ақ адам біліп отырса, көп ұзамай, бүкіл халық құлақтанатын болады, сондықтан, оны жасырып, жауып, бүркемелеймін деп абыройсыздыққа ұшыраудан жаман нәрсе жоқ» деген екен. Бұл терең мағыналы сөздің ақиқаттығын уақыттың өзі дәлелдеп бергеніне сіздер мен біздер куә болып отырмыз.
Жазушы һәм тарихшы М.Мағауинның дәлелдеуі бойынша, қазақ елі осы кеңестік жетпіс жылға жуық дәуірінде бұрын-соңды болмаған шығынға ұшыратқан нәубетті бастан кешіпті. Қазақ Ордасы құрылғалы қаншама ғасырға жалғасқан хандық дәуірлерде халқымыздың басына кеңестік кездегідей қара бұлт төнбеген. Белгілі тарихшы Т.Омарбековтың ғылыми зерттеу дәйек­темеле­рінде Қазақстанда қолдан жасал­ған кеңестік ашаршылық тұсында қазақ халқының үштен бірі қырылған деп көрсетілген. Міне, Сталиннің арнайы тапсырмасымен Қазақстанды басқаруға келіп, қазақтар жеккөрінішпен «қужақ» деп атаған, қандықол жендет Голощекиннің зардабы қандай! Сол кездерде Б.Майлин сияқты бірен-саран жазушы ғана ел басына түскен сұмдық нәубетті шығармалары арқылы там-тұмдап болса да көрсете алған. Бірақ, бүкілхалықтық алапат аштық оқиғасы үшін, әрине, бұл өте аз еді. Яғни, тарихи қиянат, масқарашылдық қасақана ашылмай келген, шындық тұншықтырылып отырған. Ашаршылық тақырыбын батыл қозғаған Б.Майлиннің тағдыры белгілі, ол әуелгі арыстарымыздың қатарында «халық жауы» ретінде атылып кеткен болатын. Сол кездерде қуғыннан әупіріммен аман қалып, кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ғ.Мүсіреповтің Б.Майлин «халық жауы» деп ұсталып, өлім жазасына іліккелі жатқанда, шыдай алмай жаны шырқырап: «Бейімбет жау болса, онда мен де жаумын!» дейтіні бар ғой. Бұл ашынып, күйінгеннен шыққан халықтың адал ұлының ызалы үні, шерлі көкірегін қысқан күйік-наласы болса керек.
Жалпы, қазақ халқының үлкен трагедиясы сонда, он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезеңі мен жиырмасыншы ғасырдың басында өмірге келген жұртымыздың бағына жаратылған үлкен таланттарымыздың бұрын-соңды ел өмірінде болмаған нағыз саяси қатыгез кезеңге ұрынып, тарихи формация­ның ұйытқып, жойқын толқынмен соққан дүлей сойқанына тайқы маңдай тағдыры дөп келді. Алаштың біртуар перзенті Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Смағұл, Тұрар, Сәкен т.б. осылар тектес біртуар арыстарымыздың өкінішті, һәм қасіретті тағдыры мұңлы, салмағы ауыр ойларға жетелейді. Соншалық жарқын тұлғалардың ел тағдырына қабат араласуы қазақ халқы үшін қандай бақыт болса, өмірден бірге кетуі де елді өкіндірген ауыр трагедия еді! Олар, бейне бір, қазақ деген ұлы жұрттың шексіз дарындылығын, мүмкіндігінің биіктігін жалпақ жұртқа паш етіп, озық, іргелі жұрттар қатарына қосылуға лайық екенін дәлелдеу үшін ғана өмірге келген секілді. Ғажайыптығы сол, қысқа ғұмырларында сол арыстардың әрқайсысы ғасырға татырлық ұлы дүниелер жасап үлгеріпті. Сол үшін өмірден алар сыбағасы, көрер қызығының өлшемі тек ауыр азап, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін, ақыр аяғы жалған жаламен ажал құшу болыпты!
Бірақ, бір нәрсенің басы ашық, олардың өмірі – қасиет тұтуға болатын ардақты өмір, ғасырдан ғасырға жетер ұлағатты, тағылымды ғұмыр. Және олар өлімінің өзімен халыққа адалдығын, шынайы берілгенін дәлелдеп кетті. Осы айрықша қадір-қасиетімен олар тарихта «арыстар» деген атаумен айшықталып аталады. Халқының «арысы» атану – бірегей жоғары құрмет белгісі.
Осы орайда, кейбір мәселелерді қынжыла еске алуға тура келеді. Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандары дегеніміз нақты кімдер, солардың арасы айқындалған жоқ, бұл турасында ашылмаған көмескі, бұлыңғыр тарих сілемдері толып жатыр. Өйткені, кейде бұл тізімге 1937–1938 жылдарда репрессияға ұшырап, «халық жауы» деген жала жабылып, атылып кеткен арыстарымыз ғана енгізілетін сияқты. Яғни, тарихтағы нақты белгілі, танымал тұлғалар ғана аталады. Ал біздің пайымдауымызша, кеңестік геноцид кең ауқымда жүргізілді. Ол тек жоғарыда аталған репрессиямен ғана өлшенбейді. Қазақ тарихының ең қасіретті кезеңі – ашаршылық. Бұл – кеңестік геноцидтің ең алғашқысы болып айқындалуға тиіс. Осы ашаршылық тарихына әлі күнге дейін лайықты баға берілмей, зерттелмей келеді. Мәселен, тарихшы Т.Омарбековтің келтірген дерегінде бұл ашаршылықта қазақтың үштен бірі қырылды деп сеніммен айтылса, басқа тарихшылар дерегінен өзгеше цифрлар мен мәліметтерді оқып, тағы аңырып, қайсысына сенерімізді білмей, әрі-сәрі күй кешетініміз жоқ емес. Бір тарихшылар қазақтың жартысы қырылды дейді, тіпті, келесі біреулері бәрінен де асыра сілтеп, үштен екісі ашаршылыққа ұшырады деп жазады. Соған қарап қайсысына жіп тағарыңды білмейсің. Халықтың тағдыры осыншама ойыншық болғаны ма? Осы тарихи оқиғаларды айқындап, жеріне жеткізе халыққа танытып, нақты дерегін шығаратын уақыт жетті ғой. Сосын ашаршылық жылдары да әр деректе әртүрлі болып көрсетіліп келеді. Көп уақытқа дейін ашаршылық, алдын ала жоспарлы түрде тек 1932 жылы ғана болып өте шыққандай, жалғыз осы жыл ғана аталатын. Тіпті, логикалық қисынға келмейтін осы дерек ұзақ жылдар тарихымыздан орын алып келді. Сонда немене 1931 жылы елімізде азық-түлік қоры бітіп, немесе бітуге жақындағанда, келер 1932 жыл аштық жылы болып жарияланып, 1933 жылы түк болмағандай, халық әрі қарай бұрынғы бақуатты өміріне оралып жүре берген бе. Қандай бір қиял-ғажайыпқа толы ертегілеріміздің өзінде мұндай қисынсыз, кісі сенгісіз оқиғалар кездеспейді. Осыған сенген халық неткен аңғал? Бірақ, бұл жерде мәселе басқада секілді.
Ашығын айтқанда, кеңестік идеология шындықтың бұрмаланып, нақты деректің жарияланбауына жанын салып жұмыс істеген. Өзгеше ойлайтындардың тағдыры белгілі, итжеккенге айдалып, із-түзсіз жоғалып кеткен, қудалауға ұшыраған, түрмеге қамалған, ақыр аяғы атылған. Ал Қазақстандағы ашаршылық саясаты, кеңес үкіметі орнасымен көп ұзамай жоспарлы түрде іске асырыла бастағаны кейін ғана жария болды. Яғни, өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарында белгі бере бастаған ашаршылық репрессия қырғынына ұласып, жалғаса берген. Және арыстарымыздың бірінен кейін бірінің жазаға ілігуінің де басты себебі ашаршылық оқиғасы болған. Өйткені, сұрапыл аштық оты бүкіл қазақ даласын шарпи бастағанда, Алаш қайраткерлерінің үнсіз қалуы мүмкін емес. Мұны сол кезде Сталиннің алдына С.Сейфуллин, Т.Рысқұловтар, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар, С.Сәдуақасовтар мәселе етіп қойған. Қайран арыстар бұл белсенділігі үшін басы кететінін біле тұра жанкешті әрекеттерге барған, ұлт амандығы үшін, ұлтын ашаршылық апатынан сақтап қалу үшін басын қатерге тіккен.
Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін алаш арыс­тары тарихымыздан өзіне лайық бағасын алған жоқ. Не болмаса, олар өмір сүріп, қызмет еткен дәуірдің нақты ақиқаты сол қаны сорғалаған қалпында танылмай, ашылмай келеді. Ашаршылық, репрессия қырғыны тарихқа «Ұлы Отан соғысы» деген атпен енген әлемнің жартысынан астам елді қамтыған қаһарлы соғысқа ұласқаны белгілі. Бұл империялық соғыстың ақиқаты да әлі толық ашылған жоқ. Соғыстан кейінгі уақыттарда да қазақтың басына төнген қара бұлт сейілмегендігі белгілі. Қазақтың марғасқа ұлдарын ешқандай айыпсыз, тек ұлтына қызмет еткені үшін, тарихын қорғағаны үшін қиянатшыл үкімет жазаға іліктірумен, қудалаумен болды. Осылайша, мылтықсыз майданда Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Бекқожин, І.Есенберлин сияқты тарихшылар, ғалымдар, жазушылар жазаға ілікті. Көрнекті мемлекет қайраткерлері Ж.Тәшенов, І.Омаровтар қудаланды. Қазақстандағы тың игерудің де тізеге салумен, империялық үстемдікпен жүргізілгендігі белгілі. Осының бәріне қорытынды жасай келгенде, отаршылдық империялық саясат тұсындағы қуғын-сүргін оқиғаларын бірнеше салаға жіктеп, топтастырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының санын қазіргідей саусақпен санамалап атамай, мыңдап тізім құруға болар еді. Ал ашаршылық құрбандарының санын тізу, әрине, мүмкін болмайды, бұл тұтас халықтың репрессия тырнағына іліккен сұрапыл ашаршылықтың сабағы шындығымен әлі де айқындала түсуге тиіс. Халықтың осыншалық қасіретті оқиғалары із-түзсіз кетуінің өзі ел өміріндегі ақтаңдақ болып қалар. Онсыз да тарих белестерінде жоғалтқаны көп, тайқы маңдай жұртымыздың әділет пен адалдықты ту еткен жарқын, сәулелі ел болашағы үшін ендігі өмірі, келешек ұрпағының тағдыры алаңсыз болса екен!
Тарихтың ащы да болса өткен сабағын жаңғыр­тып, ұрпақ есіне салып отыру, сол қасіретті бастан кешкен ұрпақтың алдында тағзым ету – абзал борышымыз.

Досжан Әмір,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Новый закон или ошибка?

В КАЗАХСТАНЕ ОБСУЖДАЮТ НОВЫЙ ЗАКОН «О ПРОФИЛАКТИКЕ ПРАВОНАРУШЕНИЙ», КОТОРЫЙ ОБЕЩАЕТ КАРДИНАЛЬНЫЕ ИЗМЕНЕНИЯ В СИСТЕМЕ ПРОФИЛАКТИКИ ПРАВОНАРУШЕНИЙ. С ОДНОЙ СТОРОНЫ, ЭТО ШАНС УКРЕПИТЬ БЕЗОПАСНОСТЬ В СТРАНЕ, С ДРУГОЙ – НОВЫЙ ЗАКОН ВЫЗЫВАЕТ СПОРЫ, В ТОМ ЧИСЛЕ О РОЛИ ОБЩЕСТВЕННЫХ ПОМОЩНИКОВ И БУДУЩЕМ БОРЬБЫ С БЫТОВЫМ НАСИЛИЕМ.

Қазақстанда жемқорлардың туыстарының мүлкін тәркілеу ұсынылды

Қазақстанда жемқорлардың туыстары мүліктің заңды жолмен алынғанын дәлелдей алмаған жағдайда тәркілеу ұсынылды. "Кеңейтілген тәркілеу" деп аталатын бұл норманы енгізуді Мәжіліс депутаты Марат Башимов ұсынып Бас прокурор Берік Асыловқа ресми хат жолдады.

Қазақстанда қанша блогер декларация тапсырды?

Қазақстандық салық органдары 850 блогерге хабарлама жіберді. Олардың жартысынан азы салық төлеген.

Синоптиктер бірнеше өңірде 40 градустан жоғары ыстық болатынын ескертті

"Қазгидромет" синоптиктері 20, 21 және 22 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Бүгін – Халықаралық музей күні

18 мамыр – Халықаралық музей күні. Халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы бекіткен.