12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АРЗАН ПОЛИЦИЯ ҚОҒАМҒА ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының террористік агрессияның бетін қайтарудағы ерлігін атап өткім келеді. …Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ. …Құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. …Полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру. Билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет», – деді.

Шындығында Мемлекет басшысы аңғарғандай тәуелсіздік жылдарында құқық қорғау саласында аз реформа жасалмады. Бірақ бастаманың бәрі саланы жандандыруға, құқық қорғаушыларға деген құрмет пен сенімді нығайтуға қызмет етті дей алмаймыз. Саладағы кемшіліктерді осы ортада еңбек етіп жүрген жандардан артық ешкім білмейді. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңында құқық қорғау қызметкерлерінің құқығы шектеулі. Көрші Ресей Федерациясының «Полиция туралы» заңының 24-бабында «Қаруланған полиция қызметкерінің жеке қауіпсіздік кепілдіктері» деген құқықтық норма бар. Онда заңда көзделген жағдайлар туындайтын болса, полиция қызметкері атыс қаруын қолдануға құқылы.

Ал біздің заңда мұндай кепілдік қарастырылмаған. Заңдық тұрғыдан да, құрылым тарапынан да қолдау болмаған соң полиция қызметкерлері өз бетінше шешім қабылдауға, батыл қадам жасауға дәрменсіз. Оның үстіне, қызмет барысында әрекеті сыналып, көпшілік талқысына түскен қызметкерлерін қорғап, ақтап алмақ түгілі, басшылардың «алдын ала» жұмыстан шығарып, «керексіз» адамнан бас тартатынын талай көріп жүрміз. Осыдан кейін полиция қызметкерлерінен үлкен ерлік күту, жоғары рух дәмету қисынсыз. «Ішкі істер органдары туралы» заңның 4-бабының 1-тармағында «Қазақстан халқына қызмет ететін полиция» деп жазылған. Яғни, билікке, белгілі бір топтарға емес, қарапайым халыққа қызмет ететін полиция. Сол себепті де ең бірінші кезекте қоғамның полицияға деген сенімін арттыру қажет. Неге? Өйткені, осындай қысылтаяңда көзсіз ерлікке баратындар – полиция қызметкерлері. Осы заңның 19-бабының 3-тармағында: «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке адамдардың құқықтарын уақытша шектейтін әрекеттері «заң атымен» деген сөздерді айта отырып жасалады. Әрбір адам мұндай жағдайда белсенді әрекетін тоқтатып, ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарына мүлтіксіз бағынуға және оның қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты нұсқауларын орындауға міндетті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, «заң атымен» деген сөздерді естіген азамат полицияға сөзсіз бағынуы керек. Ал кешегі жаппай бұзақылық пен тәртіпсіздік кезінде осы «сөзсіз бағынудың» көрінісін көре алдық па? Жоқ! Керісінше, полиция қызметкерлерін қорлап, соққыға жыққанын көрдік.

Құқықтық саясаттың, құқықтық мәдениеттің, полицияға деген дұрыс көзқарастың қалыптаспағанын ғана көрдік. «Заң атымен» деген сөз кез келген полиция қызметкерінің негізгі қаруы болуы керек. Өйткені, бұл сөзде полицияның мәдениеті, адалдығы мен халыққа деген қызметі жатыр. Ал бірде-бір полиция қызметкері өзін заңнан жоғары қоя алмайды!». Жай күндері полиция қызметкерлерін сынайтын көпшіліктің кешегі тәртіпсіздік кезінде жанұшыра іздегенін байқадық. Егемендігіміз бен тәуелсіздігімізге қатер төнген сол бір сын сағатта полицейлер өзіне жүктелген міндетті адал орындады. Өкініштісі, бейбіт заманда полиция қызметкерлерінің қызмет бабында қайтыс болу жағдайлары тағы орын алды. Неге өзін қорғай алмады? Заң осал ма? Әлде дайындық төмен бе? Бұл сауалдарға бір ауыз сөзбен жауап беру мүмін емес. Мұның тамыры тереңде. Бізде ІІМ арнаулы оқу орнында 4 жыл оқитын курсанттың қызметтік қаруды атуға дағдылануы үшін шамамен «Макаров» тапаншасының 513 оғы, ал «Калашников» автоматының небәрі 243 оғы беріледі… Бұдан шығатын қорытынды жалғыз-ақ. Ол полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілік иеленбейді. Полицияның учаскелік инспекторлармен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысты ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерді дайындау мерзімі де қысқа. Салада еңбек етіп жүргендердің басым бөлігінде кәсіби біліктілік кем. Елді қорғайтын полиция қызметкерлерін дайындаудан қаржыны да, қолдауды да аямау керек. Өйткені, «мемлекеттегі арзан полиция қоғамға қымбатқа түседі». Сапасыз, бейіндік бағыты ішкі істер органдары қызметіне бағытталмаған, мемлекеттің тапсырысымен оқытылмаған, өз қаражатымен білім алғандарды полицияға қызметке қабылдауға жол аштық. Бұл қисынсыз шешім. Адамның жанын емдейтін маман-дәрігерді 9 жылға жуық дайындаймыз, ал қоғам мен мемлекеттегі құқықбұзушылық дертіне баға беретін полицияның учаскелік инспекторы мен жедел қызметкерін ағаштан мүсін жасағандай қырнап 3-6 айда дайындап шағару керек. Мұның соңы неге әкеп соғатынын «Қасіретті қаңтар» дәлелдеді. Күштік құрылымдардың ішінде реформадан көз ашпаған орган болса, ол – Ішкі істер министрлігі. Құрамы қырық қайтара жасақталып, кадр саясаты сан мәрте жетілдірілгенімен, бұл сала әлі күнге дейін сын мен міннен арыла алмай келеді. Ал кешегі «қасіретті қаңтар» қазақстандық полицияның жылдар бойы қордаланып қалған проблемасын бір-ақ күнде жайып салды.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,

отставкадағы полиция генерал-майоры, профессор

Прокурор Бишімбаевтың адвокатына Абайды тереңірек оқуға кеңес берді

Қуандық Бишімбаевтың сотында жарыссөз жалғасып жатыр.

Қазақстанда жеке куәлік өзгереді

Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгереді. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген.

«Сарыға» өткен көліктерге айыппұл. Қанша астаналық «ұсталды»?

Наурыздың басында Астанадағы камералар бағдаршамның сары түсіне өткен көліктерді түсіре бастады.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ертең, 4 мамырда еліміздің 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қазақстандағы су тасқыны: Атырау мен ШҚО-дағы жағдай қандай?

Шығыс Қазақстан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты елді мекендерге су тасқыны қаупі төнді.