12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Омарта шаруашылығы қашан дамиды?

Тарихқа көз жүгіртер болсақ қазақ жеріндегі омарташылықтың гүлденген дәуірі өткен ғасырдың 90 жылдарымен тұспа-тұс келеді екен. Сол жылдары респуб­ликадан жылына 50 мың тоннаға дейін бал экспортталыпты. Қазақстандық бұл өнімнің тұтынушысы Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай болған. Яғни, омарташылық жалпы ішкі өнімнің басым бөлігін беретін ауыл шаруа­шылығын­дағы ең та­бысты саланың бірі болды.

Өндірілген өнім көлемі жағынан Қазақстан Кеңес одағында Ресей, Украи­на және Беларусьтан кейін 4-орында тұрды. Сыртқы сауда-саттықта бюджет қоржынына шетелдік валютамен кіріс кіргізіп тұрған бұл саланың қызметін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінде арнайы басқарма жұмыс жасады. Тәуелсіздіктен кейінгі қайта құру дәуірінде кеңшарлар мен ұжымшарлар жекешелене бастаған кезде омарта шаруашылығы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, сала дамудың орнына қайта кері кетті. Министрліктегі басқарма да қысқартуға түсіп, 2000 жылдары бал өндірісі 50 мыңнан 2,5 мың тоннаға дейін күрт қысқарды. Соңғы 20 жылда өндіріс қайта жанданғандай болғанымен, өнім көлемі 15 мың тоннаға әрең жетті.

Бал ұстаған бармағын жалайдының заманы өтті

Отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауынша, қазақ жерінде теория бойынша жылына 5 млн тонна бал өндіруге мүмкіндік бар. «Бал-­Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының мәліметтеріне қарағанда, елдегі омарташылар саны 10 мыңның айналасында. Олар негізінен Алматы, Жамбыл,Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Егер мемлекет тарапынан қолдау жасалса, республиканың барлық аймағында омарташылық кәсіпті жандандыру арқылы, бұл салада 100 мың адамға жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Сондықтан Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы кезінде денсаулықты жақсартуға ғана емес, адамның шығармашылық қабілетін дамытуға да зор әсері бары ғылыми түрде дәлелденген. Бал өнімдерін балабақша, мектеп, аурухана, қарттар үйі сияқты әлеуметтік нысандардың ас мәзіріне енгізуге ұсыныс жасап, сынақ жүргізілген болатын. Алайда атқарушы биліктегі өзгерістер кесірінен кезінде сәтті басталған бұл жоба өз жалғасын таппай, орта жолда қалып қойды.
Ауылды, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі бағдарлама, жоба-жоспарларға бөлінген миллиард­таған қаржыдан омарташыларға тиын-­тебен ғана бөлінді. Мамандардың 1 гектар жерге егілген астықтан 300 доллар ғана табыс табуға болатынын, ал егер оған түйебұршақ еккен жағдайда оның гүлінен жиналған балдан ғана мың доллар табыс табуға болатынын және түйебұршақтың өзін мал шаруашылығы азығы ретінде де кәдеге жаратып, тіпті егістікті 5-7 жылға дейін минералдық тыңғайтқышқа деген тәуелділіктен де құтқаруға болатыны туралы ұсыныстарын Ауыл шаруа­шылығы министрлігінен еститін жан табылмады.

Омарташылар көмегімен қант тапшылығын жоюға бола ма?

Омарта шаруашылығы арқылы елдегі қантқа деген сұранысты да азайтуға болатынына ең бірінші боп Қазақстан фермерлері қауымдастығы назар аударған болатын. Төраға орынбасары Ербол Есенеев бір сұхбатында өз талдаулары бойынша әрбір қазақстандық жылына 27-28 кг қант тұтынады. Қарапайым наннан бастап, түрлі тәттілер мен сусынға дейінгі сан алуан азық-түлік түрлерінде қант бар. Мәселен 2019 жылы елімізде тұтынылған 500 мың тонна қанттың 250 мың тоннасы 14 млн долларға шетелден экспортталған. Егер бұған құрамында қанты бар сырттан әкелінетін азық-түліктерді қосатын болсақ бұл сан бұдан әлдеқайда көбірек болып шығатыны баршаға түсінікті шығар. Ресейдің қант экспортына шектеу енгізуіне байланысты биыл Қазақстанда оның бағасы 240-тан 600 бен 1000 теңгеге дейін шарықтап кеткенін ескерер болсақ, омарта шаруа­шылығының әлеуетін дұрыс бағамдап, импортқа деген тәуелділікті азайту мүмкіндігіне Үкімет назар аударуы тиіс еді.
Қазақстан былтыр кедендік құны 32,6 млн теңге болатын 83,5 тонна балды шетелге экспорттаған еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда еліміз биыл алғашқы тоқсанда ғана Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдерден 50 млн доллардың қантын импорттап, 2 млн доллардың қантын экспорттаған. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде ондағы импорт 53 млн доллардан асып, экспорт 1,8 млн долларды құраған болатын.

Ғабит НҰРӘДІЛ,
«Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық
одағының және Еуропа омарташылары одағының вице-президенті:

– Бал өнімін ұлғайту үшін омарташылар саны да көп болу керек. Қазір бізде орта есеппен 10-12 мың ғана омарташы бар. 2015 жылы Асқар Мырзахметов Ауыл шаруашылығы министрі боп тұрған кезде Орталық компетенция ұйымы құрылып, жақсы бір бағдарлама қабылданған. Омарташылар санын көбейту үшін барлық облыстарда бұл кәсіпті игерем деген адамдарға мүмкіндік беріліп, біз оларды үйреткенбіз. Сол кезде мемлекет тарапынан инвестсубсидия деген болды. Павилон алып, ара ұяларының санын көбейтем десе ақша да бөлінді. Ке­йін министр ауысқан соң омарташылық ауыл шаруашылығының басым бағытының бірі ретінде қаралмайтын болды. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін омарташылықты дамытудың әлемде озық тәжірибесі көп. Мәселен, Бангладеш кәсібі жоқ адамдарға ара мен оның құрал-саймандарын беріп кедейшілікпен күресте жақсы нәтижеге жетті. Сол саясат нәтижесінде әр бангладештік қазір жылына 4 кг бал жейді. Бізде бұл көрсеткіш 60 грамм.
Қазір әлемде 7,5 млрд халық бар. Ол 10 млрд болған кезде жердің құнарлығы оны қамтамасыз етуге жетпей қалады. Ал біздің дастарқанымыздағы азық-түлік өнімдерінің 70 пайызы араны тозаңдандырудың нәтижесінде алынады. Ара өнімділікті 50-60 пайыз арттырады. Біздің одақ омарташылар санын 100 мыңға жеткізуді ұсынды. Егер омартаны ұстау мәдениеті дұрыс дамыса, елімізде қысқа мерзімде кемінде 1 млн тонна бал өндіруге мүмкіндік туар еді. Бұл қиял емес. Мемлекет қолдау көрсетсе, қолдан келетін шаруа.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Қазақстанда вейпке тыйым салынды: Тоқаев заңға қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Астанада жылу беру маусымы қашан аяқталады?

Астана әкімдігі жылу беру маусымының аяқталғанын хабарлады.

Қонаевқа жаңа әкім тағайындалды

Асхат Бердіханов Қонаев қаласының әкімі болып тағайындалды.

Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер алдағы демалыс күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.