20 C
Алматы
Четверг, 19 мая, 2022
spot_img

ХҚО-лар қолхат беруді тоқтатады

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін қағазсыз қызметке ауыстырмақ. Ол үшін  халыққа қызмет көрсету орталықтарында 8 қызмет бойынша қағаз түрінде берілетін қолхатты қысқартты. Жақын арада барлық мемлекеттік қызмет қолхатсыз көрсетілетін болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, қағазсыз қызмет көрсетуге көшу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. «Мемлекеттік аппаратты жалпы цифрландыру және бюрократиясыздандыру аясында миллиондаған тонна қағазды технологиялар мен онлайн-сервистерге ауыстыру қажет, біз осы бағытта жұмысты бастап та кеттік. Енді қазақстандықтарға құжаты дайын болғанда қай ХҚО-ға жүгіну керектігі және уақыты көрсетілген sms-хабарлама келеді. ХҚО операторына клиент қолхаттың электронды нұсқасын көрсетсе болды», – дейді Әбділдин.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қазақстандықтарға осы 8 қызмет бойынша жылына 6 млн-ға жуық қолхат береді (бұл қолхаттардың жалпы санының 40%-ын құрайды). Енді клиенттер құжаттарын алу кезінде қағаз түріндегі қолхатты көрсету қажеттілігінен құтылды. Қағаздың 2022 жылы күрт қымбаттап кеткенін ескеретін болсақ, қағаз түріндегі қолхаттан бас тарту мемлекеттік корпорацияның қағазға жұмсалатын шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.


Бюджетті оңтайландыру мақсатында Азаматтарға арналған үкімет жартылай ағартылған целлюлозадан жасалған эко-қағазды пайдалануға көшу туралы шешім қабылдады. Ол әдеттегі қолданатын қағаз түсінен сарғыш болғанымен, басылған мәтіннің сапасына әсер етпейді. Сонымен қатар, ол кез-келген принтер мен көшіру құрылғысына жарамды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың, университеттер мен банктердің көпшілігі осындай эко-қағазды пайдалануға көшті.
 
Қолхат берілмейтін қызметтер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу;
  2. Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу;
  3. Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару;
  4. Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру;
  5. Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру;
  6. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру;
  7. Жылжымайтын мүлік объектілерінің жоспарын (схемасын) қоса алғанда, тіркеу органы куәландырған тіркеу ісі құжаттарының көшірмелерін беру;
  8. Жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру.
     

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости