12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бұқараның үні билікке жетті

Қазақта «тыңдалмаған сөз жетім» деген бар. Соның ішінде халықтың базынасына, ұсынысына құлақ түрудің жөні бөлек. Айтылған сөзге құлақ асып, сөзді жетімсіретпеу­дің үлгісін Мемлекет басшысы көрсетіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған.

Шын мәнінде бұл дер кезінде айтылған ұсыныс болды. Өйткені, мәселесі шешілмей, арыз-арманын кімге айтарын білмей, үні тиісті жерге жетпей жүргендер жетерлік. Мемлекет басшысының атап айтып, нұқып көрсеткен тұжырымдамасынан соң жергілікті басқарушы орындар халық үніне құлақ аса бастады. Тұжырымдама арқылы міндеттегені аздай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің қызметі негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланатынын ескертті. Сондықтан, жергілікті басқарушы орындар да халықтың үніне құлақ түріп, мәселесін шешуге ұмтылып, барынша халыққа жақындай бастады.

Әлеуметтік желідегі белсенділік артты

Жалпы, соңғы жылдары барлық са­ладағы бастамалардың бір бағытта өрбуі еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын аңғартса керек. Мәселен, қоғамның сандық дәуірге бет бұруымен бірге, елімізде әлеуметтік желілер де жедел дамыды. Сәйкесінше, қоғамның барлық саласына әлеуметтік желіде ашық болу, халықпен кері байланыс орнату талабы қойыла бастады. Мемлекет басшысының да «Шенеуніктердің әлеуметтік желіде белсенді болуы – интернет дәуірінде міндет» деуі мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігін арттырды. Нәтижесінде, мұндай жұмыс стилі уақыт үнемдеу тұрғысынан өте тиімді екенін көрсетті. Себебі, берілген тапсырмалар дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін таба бастады. Қазір еліміздегі барлық соттардың, мемлекеттік органдардың, құзырлы мекемелердің әлеуметтік желіде парақшалары бар. Олардың барлығы саланың жаңалықтарымен өз парақшаларында бөлісуде. Мәселен, судьялар сот шешімдерін желідегі парақшаларына бөлісу арқылы халықты істеп жатқан жұмыстарынан хабардар етуде.Сала жаңалықтары, кейбір қоғам назарын аударған сот істері, тіпті, әрбір соттың байланыс телефондары да қазір парақшаларынан оңай табылады. Халық та заман сұранысына сай бейімделіп сот игіліктерін пайдалануда. Мәселен, кейбір сот шешімдеріне наразы халық оны әлеуметтік желіде бөлісіп, қажетті құзыретті органды сол жазбасында белгілеу арқылы, өз мәселесіне назар аудартуға шақыра бастады. Сол секілді кез келген органның қызмет көрсетуіне наразы тұлға әлеуметтік желіде тіркелген парақшасына базынасын жазып, белгілеу арқылы мәселенің тез шешімін табуына ықпал ете бастады. Қазір осындай жолмен әділдікке жетіп жатқандар жетерлік. Бұл да болса «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір игілігі дей аламыз.

Президент жедел жауап береді
Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр мәселені естіп, біліп, көріп отырғанын байқаймыз. Өйткені, кейбір жаппай халық наразылығын туғызған мәселелерге қатысты твитерде жедел үн қатады. Оған жақында ғана бүкіл Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында қайтыс болған маңғыс­таулық сарбаз Әлібек Саламатұлы Қалбайдың қазасы мысал. Әлеуметтік желіде талай жан өз пікірлерін білдіріп, бейбіт күндегі сарбаздар қазасына қатысты ойларын жарыса жазған. Артынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған сарбаздың қаза болуына байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтып, мәселеге орай өз ойымен бөлісті. «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-­ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті» дей келіп, осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министр­лігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және қазаның шынайы себебін анықтауды тап­сырды. Бұл көп мысалдың біреуі ғана.
Президент Көбейтұз көліне келтірілген зиянды әрекеттерге алаңдаушы­лық білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма беріп, артынша көрікті жердегі келеңсіз әрекеттердің дер кезінде тоқтатылуының куәсі болдық. Сол кездері Көбейтұзға жаны ашып, желіде пікір білдіргендер өте көп болған еді. Президенттің тікелей араласуымен Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысы да қайта қаралды. Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдай да әлеуметтік желіде көтеріліп, халық назарын аудартқан соң Президентіміз көңіл бөліп, қызметтік тексеру жүргізіліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылған болатын.
Жалпы, бүгінгі күні Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастаманы одан әрі дамытып жатқаны байқалады. Жақында ғана Президентіміз мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлылығын айқындайды. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатып, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады, мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Демек, алдағы уақытта – мемлекеттік органдар бюрократиядан арылып, халыққа қалтқысыз қызмет ету бағытындағы жұмыстар жетілдіріле береді деп сенуге болатындай.

Кәрібай Тасшабаев, заңгер:
«Мемлекеттік қызметкер – биліктің айнасы»

– «Еститін Үкімет» мемлекет басшысының дер кезінде қолға алған ұтымды шешімі болды. Өйткені, мемлекеттік қызметкер – биліктің айнасы. Алайда, түрлі бюрократиялық кедергілердің салдарынан, жауапкершіліктің төмендігінен алдына келген қарапайым халыққа жөнін айтпай, бір-біріне сілтеу оқиғалары көп кезігетін. Сондай-ақ, мемлекеттiк қызметкерлердің күнделікті қызмет барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін қылықтары да халықтың наразылығын туғызып жататын. Кейде олардың мұндай қылықтары әлеуметтік желілер арқылы халық арасында таралып, нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер көпшілік тарапынан сынға ұшырайтын. Бұл белгілі бір дәрежеде халықтың билікке деген сенімін де төмендетуге алып келгені рас.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы олқылықтың орнын толтырып, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға ықпал етті, оның ішінде мемлекеттік қызметкердің сөйлеу әдебі, бұқара алдында өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілігін көтерді. Халық осы тұжырымдамаға сүйеніп, өз құқығын талап ете алатын болды. Сондықтан «Еститін Үкіметтің» қоғам тек жақсылығын, игілігін көріп жатыр.

Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы:
«Бұл қоғам дауысы»

– Халық қазір желіде белсенді. Әлеуметтік желі арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра алатын болған. Билік те әлеуметтік желіде көтерілген, халық алаңдаушылық танытқан мәселелерге орай түсініктеме беріп, кейбір мәселелердің шешілуіне атсалысып отыратыны байқалуда. Кейбір мәселелерге орай Үкіметтің тез кері реакция беруі халықтың әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыра түсті. Халықтың үнін естіртуде әлеуметтік желілер таптырмас құралға айналып отыр. Сондықтан қазір кейбір мәселелерді халықтың петиция арқылы, қол жинап жеткізуге тырысатыны байқалады. Өз басым желі талқысына түскен бірнеше құқықбұзушылыққа орай халықтың наразлығынан соң құқық қорғау орындарының жедел әрекет етуіне куә болдым. Халық тарапынан қадағалау көбейгендіктен қазір құзырлы мекемелердің де жауапкершілігі артты. Билік пен халық арасында байланыс орнату жұмысы жүйелі жүре бастады. Басты мақсат та осы болатын. Ең маңыздысы халықтың үні «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеннің кері емес, жетер жеріне жете бастады. Демек ел бұл тұжырымдаманың игілігін сезінуде.

Нұрсұлтан Орыналыұлы, саясаттанушы:
«Талай шаруа атқарылып жатыр»

– Президент тарапынан бастау алған бұл тұжырымдаманың мақсаты өте жақсы. Дегенмен, оны жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға да көп нәрсе байланысты. Сондықтан әлі де болса бұл бастаманың орындалуын айқындай түсетін болсақ нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, көп жағдайда халықтың хат жүзінде келіп түсетін өтініш, арыздары формальді, ресми жауап күйінде қалып кетіп жатады. Яғни, естиді, жауап береді, бірақ оны халық қанағаттанатындай деңгейге жеткізіп, жүзеге асыру деңгейін жетілдіре түсу керек. Рас, талай шаруа атқарылып жатыр. Бірақ аталмыш тұжырымдаманың деңгейін көтереміз десек, халық пен билік арасында әлі де болса шынайы алтын көпір орнатқымыз келсе оны жетілдіре түсуіміз керек. Халықпен тікелей жұмыс істеуге құлқы жоқ құзырлы орындардың жауапкершілігін көтеретін тетіктер керек. Жалпы бұл бастаманың мән мағынасы, мақсаты, атауы да өте жақсы. Келешекте осыны негізге алып, халықтың үнін өз дәрежесінде орындауға күш салуымыз керек.

Серік Жұмабаев, ұстаз, Алматы қаласы, Наурызбай ауданының тұрғыны:
«Мәселеміз бұрынғыдан тез шешіле бастады»

– Расында да, әлеуметтік желі халықтың үнін билікке естіртуде таптырмас құралға айналды. Бұрын қандай да бір келеңсіздік орын алса арнайылап әкімдікке бару керек болса, қазір үйден шықпай-ақ, әлеуметтік желідегі құзырлы орындардың парақшасына барлық базынамызды жазу арқылы, санаулы уақыт ішінде мәселеміздің оң шешімін табуына ықпал ете алатын болдық. Мәселен, осы күзде үй жағымызда қаңғыбас ит көбейіп кетті. Көшеде тіпті балалар емін-еркін жүре алмайтын жағдайға жетті. Әкімдікке арнайылап баруға уақытым болмай жатқан соң, иттерді суретке түсіріп, жазба жариялап әлеуметтік желіде қажетті құзырлы мекемені белгілеп қойдым. Арада үш-төрт сағат өткен соң арнайы мекеме келіп, иттерді жинап алып кетті. Сол секілді уақытылы жиналмайтын қоқыс, көшеде жарылған құбыр мәселелерін де осылай оңай шешіп алатын болдық. Осы орайда шенеуніктерді әлеуметтік желіде белсенді болуға шақырған мемлекет басшысының бастамасына разы болдым. Азаматтық қоғам құру жолындағы мұндай бастамалар өз тиімділігін дәлелдеуде. Мәселеміз бұрынғыдан тез шешіле бастады.

Қуаныш Ермекова

Олжас Бектенов су тасқынына қатысты тексерулер туралы айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.

Алматы тауларында 20-дан аса заңсыз салынған ғимарат сүрілуі мүмкін

Алматы мәслихатының шешімі бойынша, 2022 жылы 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл түзетулер қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген, онда тау бөктеріндегі 4270 гектардан аса жер рекреациялық аймақтарға ауыстырылуы тиіс.

Нүкенованың ағасы Салтанат Бишімбаевтан қанша рет кеткісі келгенін айтты

Прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевты қанша рет тастап, қайтып келгенін біле ме деп сұрады.

Жел, найзағай және жаңбыр: Елімізде ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 29 наурызда Қазақстан тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Боао Азия форумы сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі.