12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алаяқтық азаймай отыр

Алаяқтық – соңғы жылдары ең жиі кездесетін қылмыстың бірі. Әсіресе, халықтың сеніміне кіріп, алдау жолымен ақша табуға нәзік жандылар бейім. Алаяқтардың арбауына түсетіндер жеңіл жолмен пайдаға кенелемін, төте жолмен табысты боламын деп жүріп барынан ажырағандарын байқамай да қалады.

Ең өкініштісі, «аңқау елге арамза молда» болғандар алдаудың жаңа тәсілін, әдісін тауып әуреленіп жатпайды. Әлі күнге дейін алаяқтардың «Кезексіз үй алып беремін, жалақысы жоғары жұмысқа тұрғызамын, қомақты көлемде несие алуға көмектесемін, балаңызды мемлекеттік грантқа оқуға түсіруге ықпал ете аламын» деген сөзіне сенетіндердің азаймай отырғаны таңқалдырады. Сонымен бірге, «жедел үй сатылады, арзан бағаға көлігімді сатамын» деп жарнама беретіндердің қақпанына түсіп, қолжетімді дүниеге елден бұрын ие болу үшін алаяққа кепіл сомасын оңай ұстата салатындар да сақтық сақтау керектігіне мән бермейді. Тек ақшаны алған адам телефонын өшіріп, көзден ғайып болғанда ғана тақырға отырғандарын түсініп, құзырлы орындардың көмегіне жүгінеді.
Заман алға жылжып, жаңа технология жетіс­тіктері күнделікті өмірімізге дендеп енген са­йын алаяқтардың әдіс-тәсілі де түрлене түсті. Қылмыскерлер енді туристік, банк және басқа да салалардан қармақтарына түсетін аңқау жандарды іздеуде. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты жолдауында жеке меншік құқығын қорғауды еліміздің басты басымдығы ретінде белгілеген болатын. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот та алаяқтық бойынша қылмыстық заңнаманы қолдану жөніндегі бірыңғай сот практикасын қалыптастырды. Бұл соттардың қылмыстық істерді зерделеуде қателікке жол бермеуіне ықпалын тигізеді.
Алаяқтарға белгіленетін жаза Қылмыстық кодексте көрсетілген. Заңнаманың 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес алаяқтық, яғни, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденген жандардың мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл қылмысты жалғыз жасайтын қылмыскерлер жазасы. Ал алаяқтықты бірнеше адам алдын ала ақылдасып жасаса, азамат өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып жасаса; алаяқтық мемлекеттік сатып алу саласында жасалса жаза жоғарыдағыдан қатал. Мұндай қылмысы дәлелденген жандардың мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 4000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Азаматтар күнделікті өмірден көріп, біліп отырғандай қазір бірнеше адамды алдайтын, ірі мөлшерде залал келтіріп, жеңіл ақша үшін бірнеше рет заңсыздыққа баратындар қатары қалың. Ал осы заңсыздықты қылмыстық топ жасаса және аса iрi мөлшерде жасаса мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әрине, қылмыскерлердің өз әрекетіне қарай жазасын алғаны дұрыс. Бірақ алаяқтар өзіне берілген жазаны өтегенімен, жәбірленушілердің өз қаржысын қайтарып алуы сирек. Өйткені, алаяқтар табысын жасырын ұстап, мүлкін туыстарының атына рәсімеуді жөн көреді. Мұндай жағдай қарапайым халықтың алаяққа берген қаржысының қайтуына кедергісін келтіреді. Сондықтан алдағы уақытта жәбірленушілердің ақшасын өндірудің жаңаша әдісі енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

А.Тілепова,
Алматы қаласы Жетісу аудандық
№2 сотының судьясы

Сауаттылық сергелдеңнен құтқарады

Кез келген даудың түйіні сотқа келіп тарқатылады. Сондықтан Ата...

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...