25 C
Алматы
Среда, 13 июля, 2022

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН ТІРЕСКЕНДЕР

Өмір мен өлім келген қас қағым сәтте қырағылық көрсетіп, қара басын қатерге тігетін құтқарушылардың әрбір күнін ажалмен бетпе-бет келу десек, еш қателеспейміз. Десе де тілсіз жаумен арпалыс үстінде өзінің емес, өзгенің өмірін арашалауға ант еткендерін құтқару қызметкерлері қаһармандыққа емес, алдымен азаматтық деп есептейді.

Осындай антына адал жанның бірі – ақтөбелік өрт сөндіруші Мұңалбек Құлымбай. Әдеттегідей демалыс күні отбасымен сыртта жүрген ол қаладағы Прохоров көшесіндегі бес қабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, балкон терезесінен шығып жатқан түтінді көреді. Санаулы секундтың ішінде қою түтінге оранған үйге қойып кеткен Мұңалбек ең алдымен кіреберісте қолында баласы бар үрейленіп тұрған жас әйелге көмек қолын ұсынады. Сол сәт балалы әйелдің жалаңдаған қызыл жалын мен қою түтіннің ішінде қалуын елестетудің өзі қорқынышты болатын. Жүректі жігіт анасы мен баласын лезде далаға шығарған соң кіреберіске қайта оралып, төменнен жоғарғы қабатқа жүгіре жөнеледі. Әрбір үйдің есігін қағып, тұрғындарға үйді өрт алып бара жатқанын ескертеді. Мұңалбектің жанұшыра айғайлаған даусынан тұрғындар пәтерлерін асығыс тастап кетуге мәжбүр болды. Алайда Мұңалбек жалғыз өзі жалындаған қызыл жалынға қарамастан қалып қойғандар болса қол ұшын беруге жоғарыда қалып қояды. Осы кезде екінші қабатта айқара ашылған есіктен түтін будақтай шығып, ішінде ашық от жанып жатқан екен. Кіреберісінде ешкімді көзі шалмаған соң ентелей ішке енген ол қорқып қалған дәрменсіз кейуананы көреді. Жалма-жан әжені арқасына салып аулаға шығарады. Тұрақты спорттық жаттығуларын сын сағатта пайдасына асырған сардар сол сәтте өзіне келетін қауіп-қатерді емес, тұрғындарды қауіпсіз жерге қалайда көшіріп үлгеру керек екенін ғана ойлаған. Тілсіз жаумен алыса жүріп, адамдарды ажалдан құтқаруға асыққан жігіт арасында әріптестеріне қоңырау шалып та үлгерген. Қоңырау шалынған соң жеті минут ішінде 1-МӨСБ екі өрт сөндіру бөлімі мен ӨСКҚ жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау майоры Қалихан Бақытжанов та оқиға орнына келіп жеткен еді. «Осындай сәтте құтқарушы жаныңда болған қандай бақыт! Жанып жатқан пәтердің түтіні менің кіреберіс бөлмемді тез шарпып кетті. Ас үйде қызым бірнәрсеге бөгеліп қалды, ал мен көзді ашытқыш түтіннен қалай сақтану керектігін білмедім. Көзім де көрмейтін, оның үстіне ауру аяғым бар. Ажалым келген екен ғой деп тұрғанымда есіктен мынау балам, Мұңалбек шыға келді. Еш ойланбастан, салмағымның ауырлығына да қарамай арқасына салып, баспалдақпен төмен қарай түсірді. Мені даладағы орындыққа отырғыза сала, қайтадан үйге қарай жүгіре жөнелді. Ол – нағыз батыр! Алтын жүрек!», – дейді сол оқиғаны еске алған Алтын Ілиясова әже қайта-қайта алғысын жаудырып. Алайда Ақтөбе қаласы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Мұңалбек Құлымбай өз әрекетін батырлыққа емес, азаматтық іс деп санайды екен. Айтуынша, адам қауіпсіздігі – құтқарушының басты қағидасы. Ол үшін қағида болғанымен, біз үшін қайсарлықпен бірдей.

Санаулы минуттың ішінде он екі адамның өмірін сақтап қалған Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының Қапшағай өңірінің құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Қанат Қалиевтің көзсіз ерлігін де ерекше айтуға болады. Аптап ыстықта жағажайда демалуға келушілердің қарасы әдеттегідей көп болған. Оқиға болған күні қайсар Қанатпен бірге қызметте болған құтқару жасағы 61 адамды ажалдан аман алып қалыпты. Жағадағы толқынның қауіп-қатерін құлаққа ілмей, қауіпсіздік дегенге қарап жатпайтын демалушылар сол күні де сақтықта қорлық жоқ екенін ұмыт қалдырған секілді. Демалушыларды кенеттен көтерілген екі метрлік толқын су түбіндегі терең шұңқырға қарай тарта жөнеледі. Жағажайдағылар әп-сәтте әбігерге түсіп, суда қалғандарға қол ұшын беруге шарасыз қалғандардың шуылынан құлақ тұнатын еді. Алайда абдырап тұратын уақыт жоқтығын ұққан құтқарушы еш ойланбастан су түбінде ес-түссіз қалған он екі адамды құтқару үшін сүңгіп кеткен еді. Өз өмірін басқалардың бас амандығы үшін бәске тіккен Қанат Қамалбекұлының өжеттілігін өскелең ұрпаққа үлгі етеміз.

Апат айтып келмейді. Бейбіт күні әскери қоймада болған жарылыс талайлардың жүрегін қарс айырған еді. Алаңсыз жатқан халықты әп-сәтте әбігерге түсіріп, ана мен баланы шырылдатқан Арыс оқиғасын ұмыту мүмкін емес. Сол кездері бас амандығын ойлап қаладан үдере қашқан халықта ес болмады. Гүрсілдеген снарядтардың даусынан құлақ тұнып, жан-жақтың барлығын жалын шарпып жатқан еді. Аласапыран басталған алғашқы күні алдымен оқиға орнына өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жетті. Дәл солар шуылдаған елді сабырға шақырып, анасын баласымен, баласын әкесімен қауыштырды. Бірінші болып оқиға орнына жеткен өрт сөндіруші-құтқарушылар тобында болған Жұмағали Құдайбергеновтің жанқиярлығын айтпауға болмас. Жарылып жатқан снарядтарға қарамастан халықты қауіпсіз жерге көшіріп, тілсіз жауды сөндіруге кіріскен, өрт сөндіруші арасында абдырап қалған халыққа моральдық көмек көрсетіп те үлгереді. Сол күндері Жұмағали аға секілді жанқиярлық ерлік көрсеткен құтқарушылар сәт сайын ажалмен бетпе-бет келсе де, антына адалдық танытып, адамдық деген абыройлы міндетке мінсіз екендіктерін дәлелдеп берді. Өрт өтінде өткен он бес жылында Жұмағали аға күн сайын тілсіз жаудың жалынында қалған талай жанды ажал аузынан арашалап келеді. «Біздің топ Арыста 7 күн жұмыс істедік. Күнімен, түнімен жойқын жарылыстан туындаған өртпен алыстық. Аузынан от шашқан ертегідегі алып аждаһадай қызыл жалын дес бермеді. Дегенмен адамдардың бас амандығы үшін шаршау дегеннің не екенін ұмытып та кеттік», – деп еске алады сол күндерді Жұмағали Рахымұлы.

Сын сағатта құрал-саймандары сақадай сай жүретін құтқарушы сардарлардың саны мұнымен шектелмейді. Бейбіт күні батырлық көрсетіп, қызмет барысында қаза тапқан қаһармандар да бар. Өрт өтінде жалынмен алысып, тентек судың толқынымен тірескен құтқарушылардың қайсарлығына қайран қалмасқа лаж жоқ. «Ерлік көрсеткенге оқ та дарымас» деп қазақ осы үшін айтса керек.

Жадыра МҮСІЛІМ

[ratings]

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости