Қылмыстық-құқықтық саясаттың негізгі мақсаттарының бірі – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау және әділ сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, адамды түзелуге ынталандыру және оның қоғамға қайта оралуына мүмкіндік жасау.
Осы тұрғыдан алғанда, амнистия институтының құқықтық және әлеуметтік маңызы ерекше. Амнистия – мемлекет тарапынан ізгілік қағидатына негізделген, белгілі бір санаттағы адамдарға қатысты қолданылатын құқықтық шара. Оның басты ерекшелігі – нақты бір адамға емес, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін адамдардың белгілі бір тобына қолданылуында.
Амнистия жариялау мемлекеттің қылмыстық саясатындағы маңызды шешімдердің бірі болып табылады. Бұл ретте оның қолданылуы заң талаптарымен қатаң шектеледі. Сондықтан амнистияны сот та, өзге де мемлекеттік орган да өз қалауынша қолдана алмайды. Тұлғаның амнистияға жататыны заңда көзделген нақты өлшемдерге сәйкес анықталады.
Сот үшін мұндай істерді қарау кезінде ең алдымен заңдылық пен әділдік қағидаттары басшылыққа алынады. Амнистия туралы заңның талаптары мұқият зерделеніп, сотталған адамның жасаған құқық бұзушылығының сипаты, қылмыстың санаты, жазаның түрі, сондай-ақ заңда көрсетілген өзге де мән-жайлар ескеріледі.
Амнистияның әлеуметтік маңызы да айрықша. Қылмыстық жазаның мақсаты тек жазалау емес, сонымен бірге сотталған адамның түзелуіне жағдай жасау болып табылады. Егер адам өзінің жасаған әрекетіне өкініп, заң талаптарын сақтап, қоғамға қайта бейімделуге ұмтылса, заңда көзделген жағдайларда оған ізгілік шарасының қолданылуы маңызды тәрбиелік мәнге ие.
Сонымен бірге амнистияны жазадан толық және автоматты түрде босату ретінде түсінуге болмайды. Оның құқықтық салдары әрбір амнистия туралы заңда жеке белгіленеді. Бір жағдайда адам жазаны өтеуден толық босатылуы мүмкін, басқа жағдайда жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылуы немесе неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылуы мүмкін. Мұның барлығы нақты заңның мазмұнына байланысты.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылады. Қылмыстық процестің барлық қатысушыларының құқықтары заңмен қорғалады, ал амнистия қолданылған жағдайда да жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеуге қатысты заң талаптары сақталуға тиіс.
Амнистияның тағы бір маңызды қыры – оның құқықтық мәдениет пен қоғамдағы әділеттілік түсінігіне әсері. Ізгілік пен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау – құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тепе-теңдік сақталған кезде ғана амнистия өзінің әлеуметтік және құқықтық мақсатына қызмет етеді.
Судья ретінде айтарым, сот төрелігінің негізінде әрдайым заңдылық, тәуелсіздік, бейтараптық және әділдік қағидаттары тұрады. Амнистия институты да осы қағидаттар шеңберінде іске асырылғанда ғана өзінің мәнін толық ашады.
Адам тағдырына қатысты кез келген құқықтық шешім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан амнистия нормаларын қолдану кезінде заңның әрбір талабы мұқият сақталып, нақты істің барлық құқықтық мән-жайы ескерілуі қажет.
Амнистия – мемлекет пен қоғамның ізгілікке ұмтылысын білдіретін құқықтық институт. Оның түпкі мақсаты – заңдылықты әлсірету емес, керісінше, заң шеңберінде адамды түзелуге, жауапкершілікті сезінуге және қоғамға қайта оралуға мүмкіндік беру.
Құқық үстемдігі мен ізгілік бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олар әділетті қоғам қалыптастырудың өзара сабақтас құндылықтары. Амнистия институтының мәні де осында.
Алмабекова Кулмира Абиловна, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы


