12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі: «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ – МІНДЕТ»

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы облысында сүйінші хабарлар көбейді. Талай тұрғын көптен армандаған баспанасына қол жекізіп, талай студент жаңа ашылған жатақханаларын көріп мәз болды. Мемлекеттік құрылымдар жаңа ғимаратқа көшіп, қызметтік көлікпен, қызметтік баспанамен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік әлсіз топтарға жасалып жатқан қамқорлық тіпті ерекше. Осындай игілікті істердің басы-қасында жүріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды басты ұстанымына айналдырған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВҚА тұрғындардың ризашылығы шексіз. Қос колледждің студенттеріне арнап жасалған жатақханының ашылуына барған сапарымызда облыс әкімі «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарына арнайы сұхбат берген еді. 

– Амандық Ғаббасұлы, Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу барысындағы талабы сіз басқарып отырған Алматы облысында қалай орындалуда? Алдағы жылға қандай жобаларды жоспарлап отырсыздар?
– Биыл өңірге 701 млрд теңге инвестиция тарттық. Өндірістің ауқымы триллион теңгеден асты. Аграрлық сектор бойынша өндірілетін өнім мен өңделетін тауарды 20 пайызға көбейтіп, 941 млрд теңгеге жеткіздік. Бұл ауқымды жұмыс. Келесі жылы миллиардқа жеткіземіз деп ойлаймын. Жақында Мемлекет басшысы Германияға барған сапарында немістің ұсақ мал етін өңдейтін Бауман компаниясы басшыларымен кездесті. Жалпы, «BaumanGmbh&COKG» компаниясының тоқсан жылдық тарихы бар. Қой етін өңдейтін Еуропадағы ең ірі компаниялардың қатарында тұр. Қазіргі кезде қозы етін саудалауда Германиядағы нарықтың 25 пайызын, Еуропаның елеулі бөлігін етпен қамтамасыз етеді. Ал біздің елімізде жиырма миллион қой өсірілгенімен, етін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Соған орай, бізге ұсақ мал етін өңдеу саласын дамытуды тапсырды. Негізі Араб Әмірлігі секілді өркениетті елдерге экспортқа ет шығару үшін халықаралық стандартқа сай келуі керек. Қазақшалап іліп қойып, жіліктеп жіберетін етті ешкім шекарадан өткізбейді. Барлық нормалар сақталуы шарт. Сондықтан германиялық «BaumanGmbh&COKG» компаниясының бас акционері Райнер Бауман бастаған компания өкілдерімен кездестім. Онда қосымша азықтандыру, мал сою, жан-жақты өңдеу, ұсақ мал етінен жартылай дайын өнім мен дайын өнім шығарумен айналысатын ірі ет өңдеу кешені жайлы сөйлестік. Нысан құрылысына бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы мәселелерді талқыладық. Біз осы компаниямен бірлесе «Жетісу қой» компаниясын құрдық. Шетелдік компанияның тиімді жұмыс істеуіне қажетті электр қуаты, жылу, газ, кәріз жүйелерін біз тартамыз. Олар келесі жылдан бастап ұсақ мал етін қайта өңдейтін Азиядағы өте қуатты ет комбинатының бірін салады. Нәтижесінде мол тәжірибе жинаған Бауман компаниясымен бірлесіп қой етін экспортқа шығарып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаймыз. Сондай-ақ мүйізді ірі қара етін өңдеу бағытында америкалық трансұлттық «Tyson Foods» компаниясының Қазақстандағы серіктесі «Kusto Group» компаниясының өкілдерімен кездестім. Дүниежүзіне танымал компанияның Америкадағы алты ет комбинатында жылына 7,5 млн бас ірі қара еті өңделіп, әлемнің 80 еліне экспортқа шығарылады екен. Компанияның Алматы облысында салуға ниеттеніп отырған зауыт екі ауысыммен жұмыс істеп, жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдейді деп болжанып отыр. Мұндайда жағдайда 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Жобаның жалпы құны 300 млн АҚШ долларына бағаланған. Егер осы жобаларды сәтімен жүзеге асырсақ, онда Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын үлкен орталыққа айналады. Әрі алдын ала зерделеніп, ойластырылып жасалған жобалардың өзін-өзі толық ақтарына сенімдімін. Аймақтың бүгінгі ұстанымы – ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шикізат түрінде емес, дайын өнім етіп шығару. Негізі, еліміздегі трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 11 жобаның 9-ы – біздің облыста. Ет өңдеу өндірісін дамыту басты бағыттарымыздың бірі болып саналады. Сондықтан өз тарапымыздан инвесторларға қажетті қолдау көрсетеміз.
Кезінде біз ресейлік және вьетнамдық компанияны Қазақстан бидайын шикізат ретінде емес, жан-жақты қайта өңдеп экспортқа шығаруға келістірген едік. Нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстанда өсірілетін бидайдың 80 пайызы дайын өнім болып экспортқа шығарылуда. Жалпы, құс етінен бастап қайта өңдеп экспортқа шығарылып жатқан өнімдеріміз көптеп саналады. Жақында майбұршақты қайта өңдеу бойынша америкалық компаниямен бірлесе ашылған зауыт бүгінде жылына 35 мың тонна майбұршақ өнімін өңдеп, 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізі республика бойынша майбұршақтың 95 пайызы Алматы облысында өсіріледі. Майбұршақ пен өсімдік майы бойынша Қытай бізге үлкен тұтынушы саналады. Биыл 16 мың гектар жерге қызылша егіліп, 500 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналды. Қант зауытын қалпына келтірдік. Онда 500 жұмыс орны бар. Жүгері егуді 86 мың гектар жерге жеткіздік. Нарынқолдың әйгілі картобын әлемдік рынок стандартына сәйкестендіріп, қайта өңдеу өндірісін өркендету үшін голландиялық және тағы басқа фирмалармен жұмыс істеудеміз.
– Өңірдегі оқушыларды үш ауысыммен оқыту мәселесі шешілді ме? Бүгінгі күннің өзекті мәселесі онлайн оқуға байланысты болып отыр. Қашықтан білім алып жатқан балаларға қандай жағдай жасалуда?
– Облыста жалпы 760 мектеп бар. 41 елді мекендегі 48 мектепте балалар үш ауысыммен білім алады. Биыл 1500 орындық 4 мектеп салынды. Келесі жылы 16650 орындық 13 мектеп салу жоспарлануда, оның жетеуін 2021 жылы бітіріп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің аймақта білім саласына, балалардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын көрсетсе керек. Уақыт талабына сай мектептерді келер жылдың бюджетіне енгіземіз. Сөйтіп, үш ауысыммен оқыту мәселесі бірте-бірте шешімін тауып келеді. Негізі үш ауысымды оқытудың екі себебі бар. Біріншісі, Алматы облысында халықтың тұрмысы жақсы болғандықтан, бала туу көрсеткіші өте жоғары. Мысалы, 2018 жылы – 50391, 2019 жылы – 50503 сәби дүниеге келді. Сондықтан оқушылар саны жыл сайын 20 пайызға өсуде. Екінші себеп, ішкі көші-қонға байланысты. Кейбір аймақтардан азаматтар үдере көшіп кетіп жатса, бізге керісінше, қоныс аударушылар көп. Тұрғындар саны көбейген сайын әлеуметтік мәселелер ауқымы да көбейе түседі. Дегенмен, мұндай түйткілдің бәрі ретімен өз шешімін табуда. Бұған дейін ауылдар мен қалаларды балабақшалармен, мектепке дейінгі оқу орындарымен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып, республикалық көрсеткіште төменгі орында болғаны жасырын емес. Қазір саладағы мәселелер 98,4 % шешілді. Демографиялық өсімнің көтерілуіне орай тағы да жаңа жобалар жасап, ауылдар мен қалаларда балалардың талапқа сай білім алуына қажетті мүмкіндіктер толық қарастырылып келеді. Ауыз сумен бірінші кезекте елді мекендер түгел қамтылуда. Бүгінде бұл мәселе 98% шешімін тапты.
– Алматы облысында туризмді дамыту бойынша да біраз шаруалар атқарылып жатқанын естиміз. Нәтиже қалай?
– Биыл облыста 800 нысан туристерді қабылдады. Алдағы уақытта 27 туристік кешендердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Алакөлдің жағалауында 4 млрд теңгеге «Alakol Apartments» жазғы амфитеатры мен коттедж қалашығының жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Ал Балқаш көлінің жағалауын дамыту мақсатында Балқаш туристік рекреациялық демалыс аймағының бас жоспары бекітілді. Жобаның жалпы сомасы 24,3 млн теңге. Бүгінгі күні демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу жобасы әзірленуде. Туризмді дамыту демалыс аймағына апаратын жол сапасына да тәуелді. Биыл 1,8 млрд теңгеге Жалаңаш-Саты-Күрметі-Көлсай көлі автожолына күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде Көлсай көлдеріне 80 мың адам барып демалды. Алматы-Нарынқол күрежолынан Шарын шатқалына дейінгі ұзындығы 18,5 шақырымдық облыстық маңызы бар автожол жөнделді. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 600 млн теңге бөлінбек. Саты-Қайыңды автожолын күрделі жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 14 млн теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, көлік қатынасын жақсарту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, инвесторлар тарту, орналастыру, цифрландыру, бірыңғай маркетингтік стратегияны әзірлеу жөніндегі іс-шараларды қамтитын болады. Жол картасы аясында жеке инвестициялар көлемі 25 млрд теңгеге ұлғайды. Мұның барлығы ішкі туризмді дамыту үшін жасалған қадамдар. Экологиялық туризм де назардан тыс қалмайды. Әрине, Дубай, Араб Әмірлігі, Түркияға шығуға барлық уақытта мүмкіндік бола бермейді. Бірақ біз Табиғат-Ана берген теңдессіз
сыйымыз – Алакөл, Балқаш, Шарын, Қайыңды, Көлсай сынды құндылықтарымызды бағалап, әлемдік деңгейдегі туристік нысанға айналдыруымыз керек.
– Журналистер шалғай ауылдарға іссапарға жиі шығып тұрады. Сонда байқағанымыздай Жетісу өңіріне тұрғындар көптеп көшіп келіп жатыр екен. Мұның басқа себебі бар ма?
– Алысқа бармай-ақ шекарамен шектесіп жатқан Нарынқол өңірін алайық. Арнайы барып аралап, перзентханаға кіргенімде, босанып жатқан әйелдер аз екен. Ауыл ақсақалдары жастардың барлығы Алматының айналасына кетіп қалғанын айтып жатты. Әрине, саяси-экономикалық, мәдени жағдайларға орай мегаполиске кетіп, жақсы өмірге ұмтылғаны үшін
жастарды айыптай алмаймыз. Бірақ Қытаймен шекаралас жатқан ауданда тұрғындардың азаюы – үлкен мәселе. Бұл проблеманы мен Елбасына жеткіздім. Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Райымбек ауданы қайта құрылғанын білесіздер. Мұны елге, жерге жаны ауырғандықтан жасалған көреген шешім дер едім. Нарынқол жеке аудан болғалы бері халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд теңге қаржы жұмсалды. Райымбек ауданы Нарынқол ауылында жақында 40-тан астам тұрғынға баспана кілтін тапсырдым. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» жəне аудандық прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттары пайдалануға берілді. Жастардың санын көбейтіп, қалаға көшетіндерге тосқауыл қоюдың басты кілті жайлы жағдай жасауға байланысты. Ал ауылды көркейтсем, елге қызмет етсем деген жастардың бетін қайтармай, қолдау көрсетіп, үй салып беріп, отбасын құруына қамқорлық таныту – біздің мақсатымыз. Нарынқолда салынып жатқан 83 үйдің құрылысы жылдам аяқталды. Бұл үйлер көп балалы отбасыларға, жетім балалар мен мүгедектерге, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Жалпы, Нарынқолда 110 тұрғын үй салынады. Алматыда жүрген жоғары білімді бір жігіт ауылға барып мемлекеттік қызметке тестілеуден өтіп, қазір аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде маман болып қызмет істеп отыр. Біз оған үйлен, пәтер береміз деп уәде бердік. Ауылдың реңін келтіретін – жастар.
– Соңғы жылдары Алматы облысы шалғайдағы ауылдарға дейін тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз етуді қолға алуда. Ел шекарасындағы Нарынқол өңіріне газ құбыры тартыла ма?
– Нарынқолға дейін жобаланған Шелек – Кеген ауылдарына жоғары қысымды магистральді газ құбырын тарту жобасын аяқтап қалдық. Оны толық бітірген соң бұл мәселеге Үкіметтен қолдау сұрап, жергілікті бюджеттен ақша бөлу ойымызда бар. Демеушілік көрсетуге ұсыныстар да түсуде. Нәтижесі жақсы болады. Өйткені елді мекендерді газдандыру – басты
стратегиямыздың бірі. Естеріңізде болса, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында да бұл мәселе айтылған болатын. Жалпы, облыс бойынша қазір газ жеткізілмеген бес аудан қалды. 15 ауданда табиғи газ бар. 741 елді мекеннің 474-і газбен қамтылды. 2014 жылы бұл көрсеткіш 73 елді мекен, яғни 14 % еді. 2020 жылы 144 елді мекенге газ кірді. Осылай жылдан жылға өңірдің әлеуметтік жағдайы оңалып келеді. «Алматы – Талдықорған», «Талдықорған – Текелі» жоғары қысымды газ магистральді құбыры салынды. «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырынан төрт ауданның орталықтары – Бақанас, Сарыөзек, Балпық би, Үштөбеге арнайы бұрмалар қалдырылып, табиғи газ тартылды. Осы жылы бюджет қаражатымен 10 ауылға газ жеткізіліп, 52 елді мекен қамтамасыз етіледі деп жобаланды. Жоспарымыз үлкен. Сол жоспардың барлығы тұрғындар қажеттілігін өтеп, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына арналған қондырғылармен жобалануда. Табиғи газды Ақсуға апарсақ, қант зауыты да табиғи газға көшіп, саланың экономикалық тиімділігі артып, үнемді болар еді. Көксу қант зауытын газға көшіріп едік, бір маусымда 100 млн теңге пайда тапты. Бұрын мазутпен жұмыс істегендіктен, газға қосу арқылы бірталай қаржы үнемделді. Талдықорғандағы екі қазандық көмірді жаққанда 30 пайыз қалдығы ортаға үйіліп, қап-қара
түтіні ауаны бұзатын. Қазір екі қазандық газға ауыстырылды. Келесі жылы тағы екеуін газға ауыстырамыз.Экологиялық залалды барынша азайтуға тырысып отырмыз. Жаңа технологияның тиімділігі де жоғары. Бұл саланы дамытуға рұқсат сұрап, демеушілік етуге ұсыныс білдірушілер де бар. Өйткені бұл жұмыс өте пайдалы. Барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, Алматы облысы тұрғындарының бай-қуатты өмір сүруіне еңбек етеміз.
– Ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне орай тілегіңізді білдірсеңіз.
– Негізі, мен жұмыс туралы айта беремін. Айналамда атқарылып жатқан жақсы істерді көпшілік білсе, ел игілігіне қызмет етіп жатқан қарапайым азаматтардың еңбегімен танысса деймін. Белсенді, іскер адамдар жастарға керемет үлгі емес пе? Тәуелсіздік – біз үшін ең қастерлі, ең қымбат құндылық. Барша халықты Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің іргесі мықты, бірлігі бекем болсын! Егеменді елдің ертеңін жарқын ету жолында қызмет ете берейік!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»
Суреттерді түсірген
Жұмабай МҰСАБЕКОВ

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...