12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ, Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты: «АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАЗЫҚСЫЗ СОТТАЛУЫНА ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ КЕРЕК»

Сот жүйесінде реформа көп. Алайда, жүзеге асырылып жатқан шаралар сот төрелігіне қатысты мәселелерді толыққанды шеше алмай келеді. Мұны қоғамдағы сот саласына деген өкпе-реніштің азаймай тұрғанынан байқауға болады. Сот орбитасында екі тараптың бірі жеңіліп жататындықтан, мұны заңды деуге келетін шығар. Әйтсе де, жазықсыздардың да жалалы болып жататыны бұл салада олқылықтың аз еместігін көрсетеді. Соттағы түрлі қайшылықтармен бетпе-бет келіп жүретін көбіне адвокаттар. Адвокат Әлімжан Жұбатқанов сот жүйесіндегі біраз кемшілікті ортаға салған еді.

– Әлімжан Рәтұлы, елімізде адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында осыдан бес-алты жыл бұрын мамандандырылған тергеу соттары құрылған болатын. Бүгінде бұл институт өзіне артылған үмітті ақтады ма? Тергеу соттары қалай әрекет етуде? Тәжірибелі заңгер ретінде жалпы сот жұмысына көңіліңіз тола ма?

– 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі азаматтар құқығын қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде қамауға алуға соттың санкция беру құқығына ие болды. Ал, бұрын күдіктіні қамауға алуға санкцияны прокурор беретін. Яғни, барлық аудандық соттарда бір судья қарайтын тергеу соты институты қалыптасты. Қазақстан Республикасы Президентінің 10 қаңтар 2018 жылғы №620 Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары құрылды. Бұл соттарды азаматтар құқын қорғауда тиімді тетікке айналды деу қиын. Таратып айтып көрейін. Заң бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру органдары, яғни тергеуші күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын 2 ай мерзімге санкциялау туралы өтінішпен мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына жүгінеді.

Онда ол қылмыскердің тиісті заң бойынша бас бостандығынан айырылуы, оның қылмыстық қудалау органдарынан жасырынуы, тергеудің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін, қылмыстық іс-әрекетті жалғастыруы мүмкін секілді мән-жайларды көрсетеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодекстің 137-бабына сәйкес, айыпталушыға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат, жеке кепiлгерлік, әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру, кәмелетке толмаған адамды ұстауға, кепiл, үйқамақ, күзетпен ұстап бұлтартпау шараларын қолдануға болады Мәселен, Қылмыстық кодекстің 188- бабы 3-бөлігімен жасалған қылмыс құны айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомадағы 1 846 000 теңгені құраса, ірі мөлшерде жасалған қылмыс санатына енеді. Осыған ұқсас қылмыстар бойынша күдікті қамалмас үшін туған-туыстары үйден барып қатынап тұруға кепіл қоямыз деген өтініш жасап жатады. Өкінішке қарай мұны көптеген тергеу соттары назарға алмайды. Олар жаппай қамауға санкция беруді әдетке айналдырған. Егер күдіктінің адвокаты кепіл мөлшерін айқындап көрсетуді сұраса, сот оған құлақ асу керек. Себебі, заңда жаппай қамау керек деген ұғым жоқ. Ал бізде тергеу соты мемлекет ақшасын жымқырған кейбір лауазымды шенеуніктерге үйқамақ немесе кепілді қолданып жатады. Бұл әділетсіздік. Меніңше, осы мәселе заңнамалық негізде қатаң реттелуі керек.

– Неге?

– Мен тәжірибелі адвокат ретінде кейбір күдіктілердің ауыр қылмыс жасағанына дәлел болмай, ақталып жататынын айтқым келеді. Солар өмірін абақтыда қаншама ай босқа өткізеді. Тергеу соты күдіктінің ісі бойынша дәлелдің бар-жоғын біле алмайтындықтан, адамды бірден қамауға алуы дұрыс емес. Егер де Қылмыстық кодекстің бабында оған тек бас бостандығын шектеу жазасы болса, бірден үйқамаққа немесе кепіл мөлшерін айқындау тәжірибесін қолдану керек. Бізде бұл жоқ. Бірден қамауға санкция беріледі. Бұл азаматтар құқын бұзумен қатар, қамалған адамдар санын көбейтуде. Тек Астана қаласының өзінде қамалғандар тергеу изоляторларына сыймай жатыр. Олардың туған-туыстары күнде тамақ әкеледі. Келуші халық өте көп, тіпті кезекке тұру үшін, қоғамдық қорғаушылардың өзі таңғы 6-дан кезекке тұрады. Бұл жағдай адвокатты да кезек күттіруге мәжбүр етіп, уақытын алады. Кейбір тергеушілер күдіктілерді қорқытып, «қылмысты мойныңа ал, әйтпесе қамаймын» деп түрлі әдіс қолданады. «Мойындаған жағдайда үйге жіберемін, істі тез бітіремін не болмаса процестік келісім жасаймыз» деп үгіттейтіндері де бар. Мойындамаса тергеуші өзінің өкілеттігін пайдаланып, тергеу сотына күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын 2 ай мерзімге санкциялауға өтініш береді. Ал тергеу соты болса көбіне тергеушінің қамау туралы қаулысын қанағаттандырады.

– Бізде әділеттілікті қамтамасыз ету үшін істі қайта қарап, талқылау міндеті жүктелген апелляциялық сот алқасы бар емес пе?

– Иә, Қылмыстық-процестік кодекстің 107-бабына сүйеніп апелляциялық алқаға тергеу сотының санкцияларына шағым жасауға болады. Алайда бұдан да пайда аз. Өйткені, негізінен олар төменгі саты шешімдерін өзгеріссіз қалдырады. Осындай формальды қарайтын апелляциялық соттардың көзқарасын заңмен реттеп, өзгертетін уақыт келді. Адвокаттың уәжді сөздері ескеріле бермейді. Яғни, көп жағдайда адвокат пен тергеуші, прокурор арасындағы тепе-теңдік қағидасы сақталмайды. Бұл адам құқының өрескел бұзылуына алып келетін жағдай. Сондықтан Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізіліп, тергеу сотының құзыреті реттелу керек. Олай болмайынша тергеу соты қандай бұлтартпау шарасын қолдануды өз еркімен шеше беретін болады. Мұны мен өз тәжірибемнен де жақсы білемін. Мәселен, Ақмола облысы Целиноград ауданының сотында менің қорғауымдағы А. деген азаматтың қылмыстық ісі қаралған болатын. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеуші оған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған. Аталған соттың судьясы еш себепсіз жәбірленушінің арызы бойынша А-ны сот залынан қамауға алды. Осыған орай Ақмола облыстық апелляциялық алқасына шағым жасадым. Қуанышқа орай апелляциялық алқа сот қаулысының күшін жойып, А. деген азаматты қамаудан босатты. Тәртіп бұзбай, сотқа уақытылы келіп жүрген адамды негізсіз қамау сот тарапынан жіберілген өрескел қателік. Осындай негіздер болмас үшін, шетін шешім қабылдаған соттардың өзін жауапкершілікке тартып, қатаң шара қабылдау керек.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жыл сайын түзету енгізіліп жатады. Заңнамалық құжатты талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту немесе ізгілендіру бойынша өлшемдерді белгілеуге қатысты бірқатар мәселе көтерді. Бұған қатысты не айтар едіңіз? Жалпы, ізгілендіру шарасы керек пе? Сіздіңше ол қандай өлшемдерге қажет?

– Әрине, қажет. Біріншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608- бабы 1 және 3-бөлігін ізгілендіру керек. Себебі, онда қаралған әкімшілік шараны қылмыспен бірдей етіп, оған өте қатаң жаза қолдану қажеттілігі айқындалған. Әкімшілік істердің қылмыстық істерден айырмашылығы болуы үшін санкция төмен болуы шарт. Аталған заңның 608- бабы 1-бөлігінде жүргізушінің көлік құралын алкоголдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкоголдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруі – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Көптеген азаматтар осы баппен жауапкершілікке тартылып, 7 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылып жатыр. Олардың көбі жалғыз көлігімен бала-шағасын асырап жүргендер. Осындай жағдайда жазықсыз жауапқа тартылып, кейін ақталып жатқандар да бар. Ол үшін елімізде алдымен арақ сатуға тыйым салып барып, жазаны қатаңдатса болады. Ал енді 100 қадам сайын кафе, дүкен, ресторан болған жерде арақ-шарап ішіледі. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралын пайдалану қағидасын бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет үшін – белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мәселен, автобус жүргізушісі абайсызда бірнеше адамның өліміне себепші болып, аталған баппен кінәлі деп танылып 9 жылға бас бостандығынан және 7 жылға көлікті басқару құқығынан айырылған. Қарап отырсаңыз, автобуспен бірнеше адамның өліміне кінәлі болған тұлғаның өзін сот көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырып отыр. Ал енді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру әділетсіздік. Мұны 3 жыл мерзімге дейін төмендету керек. Бұл мерзімнің өзі жасаған әрекеті үшін үлкен сабақ алуға жеткілікті мерзім. Әкімшілік шарадан гөрі, қылмыстық жазамен шартты түрде соттау, жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату, рақымшылық деген сияқты жеңілдететін мән-жай көбірек қарастырылған. Демек, ауыр қылмыстар бойынша да кешірім мен рақымшылық беріліп жатады ғой. Онда неге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске рақымшылық нормаларын енгізбеске.

– Қазіргі таңда депутаттар бастамасымен заң жобасы әзірленді. Оның ішінде педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сонымен бірге ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді әкімшіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру және де жазасын әлдеқайда қатаңдату көзделген. Сіздіңше, бұл қаншалықты тиімді?

– Педофилдерді өмір бойына бас еркінен айыруға әлі ерте дер едім. Өйткені, ел ішінде жеңіл жүрісті қыздардың арасында еркектерден ақша талап ету ниетімен қоқан-лоққы жасап, жалған жала жабу оқиғалары орын алуы мүмкін. Біздің құқық қорғау органдарындағы жемқорлық та жазықсыз жандардың өмір бойына сотталып кетуіне алып келеді. Бұл індет жойылмай, мұндай өзгеріс өз тиімділігін бермейді. Ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызудың да маңызы жоқ дер едім. Өйткені, қылмыстық істің тергеп-тексерілуінің дұрыс жүргізілуі жалғыз тергеушіге не болмаса прокурорға, сотқа ғана байланысты емес. Бұл шара сараптама өткізетін мамандардың да біліктілігі мен әділдігіне тәуелді. Сарапшының дұрыс қорытынды шығармай, әдейі бұрмалауынан, қате сараптамасынан адам жазықсыз сотталуы не болмаса ауыр қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Немесе керісінше болуы да мүмкін. Мысалы, бір сарапшы денсаулыққа жеңіл жарақат келген деген қорытынды жасаса, басқа сарапшы денсаулыққа ауыр зиян келтірілген деп жазады. Сарапшыларға жаппай тексеріс жүргізіп, сараптаманың әртүрлі болуына байланысты қылмыстық жауапқа тарту мәселесін қарастырып, жазаны күшейту қажет. Себебі, олар адам тағдырын шешуге қатысатын жауапты тұлғалар. Мысалы, қыз зорлау ісін алатын болсақ, сарапшының қате қорытындысымен А. деген азаматты сот 15 жылға соттап жіберген. Ал басқа сарапшы «жәбірленушінің қыздық пердесі бұзылмаған» деп қорытынды берген. Осындай фактілерді Жоғарғы Сот көріп отырса да, істі қайта қарамауда. Жалпы елімізде жазықсыз сотталдық дегендер сарапшы қорытындысымен келіспейтінін айтып дабыл қағуда. Мұндай жағдайда Бас Прокуратура мен Жоғарғы Соттың кассация алқасы істерді қайта қарауы қажет. Міндетті түрде кешенді сараптама тағайындалып, адамдардың жазықсыз сотталуына жол берілмеуі керек. Жазықсыз сотталғандар тағдыры үшін кім жауап береді? Осылай сарапшылар білгенін істеп жүре бере ме? Осыған назар аударатын уақыт келді ғой. Үй болған соң ерлі-зайыптылар жанжалдасады, қайта татуласады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73, 73-1, 73-2-баптарында айыппұл және 10, 20 күнге әкімшілік қамау жазасы көзделген. Бұның өзі де адамға үлкен сабақ беретін ауыр шаралар. Ал әкімшілік істерді қылмыстық іске ауыстыра берсек, Қазақстанда екінің бірі сотталған болып шығады. Өздеріңізге белгілі елімізде сотталған адамды жұмысқа алмайды, жұмысқа тұра алмаған адамның құқығы шектеліп, психологиялық күйзеліске ұшырайтыны тағы бар. Олар да елдің азаматтары. Жазалаймыз деп өмірін бүлдірмейік. Сондықтан қандай жағдайда да таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпайық!

– Сіздіңше құқық саласында қандай өзгеріс жасалуы керек?

– Сингапур елінің бұрынғы Премьер-Министрі Ли Хуан Ю билікке келе сала бірінші кезекте жемқорлықпен күресу үшін көптеген саяси реформалар жүргізді. Соның нәтижесінде Сингапур жемқорлықсыз, алдыңғы қатардағы дамыған озық елге айналғанын бәріміз білеміз. Ол судьялардың айлығын көтерді, тіпті жеке адвокаттарды судья қызметіне тағайындады. Біздің елімізде де судьялардың ұсталып жатқанын жаңалықтардан естіп жүрміз. Бұның барлығы соттың абыройына дақ түсіреді. Судьялық қызметке адвокаттарды көбірек әкелу керек. Мемлекеттік қызметке пайдасы жоқ, қазақша жаза алмайтын мамандарды ала бермеу керек. Әйтпесе аудармашыға қосымша ақша төлеп құжаттарды аудару белең алады. Бүгінде қоғамда мәселені тамыр-таныспен, ақшамен шешуге болады деген пікір қалыптасқан. Осындай ұғымнан арылып, халықтың билікке, әділдікке деген сенімін арттыру үшін жемқорлықты түбірінен жою маңызды. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза жеңіл ме деп қаласың. Көбіне ұсталған лауазымды тұлғалар айыппұлын төлеп, оп-оңай жазадан құтылып кетіп жатыр. Депутаттар біреудің отбасына белсеніп араласқанша, осындай мәселелерді шешсе, қоғам алға жылжыр еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

ЖАНАКОРГАНЦЫ ПРИНИМАЮТ АКТИВНОЕ УЧАСТИЕ В НЕДЕЛЕ «ЖАСЫЛ АЙМАҚ»

Жители Жанакорганского района приняли активное участие в неделе «Жасыл...

ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАР «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА

Өңірімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан»...

«Құқықтық тәртіп» түсіндірме жұмыстар өткізілді

Ағымдағы жылдың 26-28 сәуір аралығында Түрксіб ст.ЖПб-нің қызметкерлері Түрксіб...

Пробация қызметі — сотталғандарды қайта тәрбиелеуге үлесін қосу

Пробациялық бақылаудың мақсаты-заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау...

Жазаны өтеудің жеңілі – қоғамдық жұмыс

Аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің...