Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алыс және таяу шетелдермен қарым-қатынаста бейбіт және теңгерімді саясат ұстанып келеді. Яғни, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсенді қатыса отырып БҰҰ Жарғысына сәйкес көпжақты ынтымақтастыққа ұмтылуда. Бұл ұстаным бірқатар бастамалармен, соның ішінде ядролық қаруды таратпау, жанжалдарды шешу үшін бейтарап келіссөздер алаңын ұсыну, халықаралық ұйымдардың қызметіндегі белсенді ынтымақтастық, гуманитарлық көмек және бітімгершілік операцияларға үлес қосу саласындағы бастамаларынан көрінеді.
Мəселен, Қазақстан тəуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ядролық қаруды таратпаудың белсенді жақтаушысы. Еліміз 1990 жылдардың басында ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл сол кезеңдегі əлемдегі төртінші ірі арсенал – 1410 ядролық оқтұмсық. Сонымен қатар оны халықаралық бақылаумен Ресейге оқтұмсықтар мен ядролық материалдарды беру жəне жеткізу жүйелерін бөлшектеу арқылы пайдаланудан шығарды. Ал, Семей ядролық сынақ полигонды жабуы да тəуелсіз Қазақстанның ең алғашқы жəне маңызды қадамдарының бірі. Бұл əлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірі болатын. Қазақстанның оны жабуы елдің ядролық қатерлерді жою арқылы əлемде бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылысын көрсетті. 2006 жылы Қазақстан көрші елдермен бірлесіп, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймағын құрды. Кейіннен оған қатысты шартты Орталық Азияның барлық бес мемлекеті ратификациялап, бұл құжат 2009 жылдың 21 наурызында күшіне енді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы Қазақстан ұсынған қарарды бірауыздан қабылдады. МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін Өскемен қаласында орналастыру осы халықаралық қауымдастықтың Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісінде сенімді жəне жауапты əріптес ретінде танылуының растауы. Қазақстан өзінің геостратегиялық орналасуын, бейбітшілікті сүйетін жəне теңдестірілген сыртқы саясатын пайдалана отырып, Қазақстан келіссөздер үшін бейтарап алаң ұсынып, өңірлік жəне халықаралық дауларды реттеуге де жан-жақты жəрдем көрсетті. Мəселен, еліміз 2013 жылы Иран мен 5+1 тобы (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі жəне Германия) арасындағы келіссөздердің екі раунды үшін Иран ядролық бағдарламасының проблемасын реттеуге бағытталған бейтарап алаң ұсынды. Алматыда өткен кездесулер 2015 жылға арналған бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын қабылдауға ықпал еткен диалогты ілгерілетуде өз рөлін атқарды. Сонымен қатар еліміз Астанада Сирия үкіметі, елдің оппозициялық күштері, сондай-ақ Ресей, Түркия жəне Иран қатысқан сирияаралық келіссөздер жүргізуді қамтамасыз етті. Ал, 2024 жылдың мамырында Қазақстан екі тарапты да бітімдестіру мақсатында Армения мен Əзірбайжанға бейбіт келіссөздер алаңын ұсынды. Қазақстан сонымен қатар түрлі секторларда бейбітшілікті, қауіпсіздікті жəне ынтымақтастықты қамтамасыз етуді қолдау мақсатында өңірлік жəне халықаралық ұйымдар құру жөнінде бірқатар бастамалар көтерді. Соны бірі Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК). Қазақстан 1992 жылы құрған көпжақты форум диалог пен сенімді нығайту шаралары арқылы бүкіл Азиядағы бейбітшілікке, қауіпсіздікке жəне ынтымақ тастыққа ықпал етуде. АӨСШК-ге мүше 28 мемлекет өңірдегі тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы елдердің бірі. Бұл алқалы ұйым қызметі саяси, экономикалық ынтымақ тастыққа жəне Еуразиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылы Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етіп, терроризмге қарсы күрес, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды алға тартты. Еліміз дамушы мемлекеттерге дағдарыс жағдайында қолдау көрсететін Қазақстандық халықаралық даму агенттігі (KazAID) арқылы жаһандық гуманитарлық күш-жігерге өз үлесін қосуда. Бұл орайда еліміздің Ауғанстан халқына Азық-түлік көмегін, білім беру стипендияларын жəне инфрақұрылымды дамытуға жəрдемдескенін атап көрсету орынды. Қазақстанның ядролық қарусыздануды, келіссөздер, гуманитарлық көмек жəне жаһандық бітімгершілік үшін бейтарап алаң беруді қамтитын бейбітшілік пен қауіпсіздікті құруға арналған саяси бағыты елдің неғұрлым қауіпсіз жəне тұрақты əлемдік тəртіпке деген құлшынысын көрсетеді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»