spot_img
spot_img

Алқабилер сотының кеңеюі көптеген мүмкіндіктерге ие

Кез келген адамның құқын әділ қорғау – мемлекеттің міндеті. Оны заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізу тәжірибеге енді. «Алқабилер туралы» заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Жалпы, алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда, бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол ерекше әлеуметтік институт. Алқабилер сотының тәжірибеге енгізілуінің өзі осы елде жарыспалы сот төрелігінің бар екендігін білдіреді.

Сот жүйесін реформалауда оң нәтиже берген іс-шаралар баршылық. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданды. Сот жүйесі толықтай атқару органдардың ықпалынан босатылды. Сот қызметіне «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі» енгізілді. Судьялардың беделін көтеріп, тәуелсіздігін нығайтуға ерекше назар аударылды. Сот жүйесін жетілдіруде сот ісін ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды қамтамасыз ететін нормалар көрсетілген Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Республика аумағында мамандандырылған соттар құрылды. Тағы бір ерекше даралайтын өзгеріс – аса ауыр қылмыстық істерді қарау­ға, оның ішінде қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарауға мамандандырылған соттардың құрылуы.

 Олай дейтініміз, алқабилер институтының сот жүйесінде кең қолданысқа ие болуы – қазақ елінің салт-дәстүрі, ғұрыптық ережелер жолымен құқықтық жүйені енгізген билер сотының жалғасын тауып, бүгінде қайта жаңғырып, заман талабына сай, уақыт көшіне қайта ілесуін көрсететіндей. Бұрын әр істі байыптап шеше білген би-шешендерге деген халық сенімі қандай жоғары болса, бүгінгі алқабилер соты да  халықтың тура төрелікке деген сенімін арттыра түсетін аса ірі демократиялық өзгеріс болмақ.

Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойылатын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге; iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланыс­ты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ, кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан заңында белгіленген жа­уаптылықта, төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

Алқабилер соты қолданысының кеңеюі қылмыстық іс жүргізудің жалпы жағдайлары мен негізгі принциптерін сақтай отырып, мынадай мүмкіндіктерге жол ашады:

— тараптардың өз мүдделерін қорғауына себепкер болып, олардың алқабилер соты мен кәсіби судьялар алдында өз көзқарасын ашық білдіруіне мүмкіндік бере отырып, сот ісін жүргізуде жіберілетін қателіктердің жойылып, істің әділ шешім табуына ықпал етеді;

— алқабилер мен процеске қатысушылардың араласуымен іске қатысты кез келген дәйектер зерттеліп, сот залындағы зерттеу нысаны болған деректер негізінде қорытынды жасалады;

— алқабилердің сот отырысына қатысуы тараптардың құқығын қорғай отырып, қарама-қарсы тарапқа қолайлы болар шешімнің шығуына, іске қатыстылардың даулы әрекеттерінің оңтайлы шешім табуына әсер етеді;

— алқабилердің қатысуы қылмыс­тық іс жүргізу нысанының қатаң сақталуына жағдай жасайды, яғни, алқабилер құрамындағы кәсіби судья емес мүшелер жауапкердің кінәлі не кінәлі еместігін істің барлық мазмұнын қарау нәтижесінде байыптай отырып, шешім шығару жүйесін қылмыс­тық іс жүргізу заңнамасына сәйкес реттейді. Ал кәсіби судьялар алқабилер сотына дейін істің мән-жайымен таныс болғандықтан, оларда қаралатын мәселе төңірегінде өз пікірі қалыптасып қояды;

— алқабилердің қатысуымен сот төрелігін жүргізу арқылы халықтың сот жүйесімен танысуына мүмкіндік туады.

Бүгінде алқабилер сотына азаматтарды таңдаудың оңтайлы жолы қарастырылып келеді. Бұл институт қызметінің бірізге түсіп, кең қолданысқа ие болуының мәнісі өте зор. Алқабилер сотының қолданылу аясының кеңеюі әділетті сот жүйесінің биік деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізері де сөзсіз. Осылайша, алқабилер сотының сот жүйесіндегі қолданысының кеңеюі ұлттық қылмыстық іс жүргізу құрылымының гуманистік тұрғыда өзгеруіне, демократиялануына, сондай-ақ, заң жүйесінің нығаюы мен бәсекеге қабілетті болуына әсер етеді.

Маңғыстау облысының қылмыстық

істер жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының судьясы А.Э.Медиев

Еңбек дауларын қарау тәртібі

Еңбек даулары бүгінде ең өзекті және күнделікті мәселелердің қатарында....

Түркістанда «Заң және Тәртіп — қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына...

Қызылордада сотталғандарға «Дін және тарих тағылымы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №68 мекемесінде тәрбие бөлімінің...

Мектеп оқушылары және колледж студенттерімен кездесу

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай...

Қызылордада сотталғанға есірткі жеткізбек болған азамат анықталды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ның №60 мекемесінде тыйым салынған заттарды...