12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Айна Шорманбаева, «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті: «Адамды өмір сүру құқығынан айыру – үлкен қылмыс»

– ҚР Конституциясында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, адамның құқығы мен бос­тандықтары» екені көрсетілген. Құқық қорғаушы ретінде біздегі адам құқықтары жайлы не айтар едіңіз? Бізде адам құқығы қалай қорғалады?
– Менің ойымша, бізде адам құқық­тарын қорғау жайы мәз емес. Әсіресе, осы қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың қорғалу құқығы, өмір сүру құқығы, азаптауға ұшырамау бостандығы көптеп, тіпті, жаппай бұзылып жатыр.
Құқық қорғау жүйесінде адам құқығын қорғау мәселесінің мәз болмауының негізгі бір себебі – күштік құрылымдардың кеңестік жүйе негізінде қалып қоюы дер едім. Репрессивті жолмен жұмыс істеу тәсілдері де сол күйінде бүгінгі жүйеге ауыса салды. Қазіргі қоғам осының бәріне куә болып отыр. Негізсіз, дәлелсіз адамды қамау, оны ұрып соғып жасамаған қылмысын жасадым деп қол қойдыруды жүзеге асырып жатыр. Ол бірақ заң бойынша ешқандай дәлел емес.
– Мұндай жағдайда сіздер қалай жұмыс істеп жатырсыздар?
– Бүгінгі жағдайлар кезінде бізге әртүрлі шағымдар түсуде. Біз әуелі мән-жайды, қандай құқықтарының бұзылғанын анықтап, егер мүмкіндік болса адвокат жалдап беріп қолдан келген көмектерді көрсетіп жатырмыз. Кей азаматтарға құқықтық, психология­лық кеңес беріп, осы саланың маманымен жолықтырып отырмыз. Азаптаудан шыққан адамның тек қана тәні емес, жаны да жаралы. Бірақ оны бүгін елеп жатқан ешкім жоқ. Негізі осы жұмыс­тың барлығы мемлекеттің жұмысы. Осының бәрін мемлекет істеуі тиіс болатын. Яғни, ол ең бірінші азаптауға жол бермеуі керек, азаматтарды қорғау, қорғану құқығымен қамтамасыз ету қажет, сонымен бірге, бұл жерде тергеу бейтарап жүргізілуі керек еді. Бізде өкінішке қарай, мұның бәрі жасалып жатқан жоқ. Ал ол мемлекет кепілдік берген, Президент кепіл болған Конс­титуциядағы жүзеге асырылуы тиіс тікелей міндеттер. Біз тек қажет кезінде көмектесуге тиіс болсақ, мемлекет мұнымен жүйелі түрде айналысуы керек еді. Себебі, Қазақстан халықаралық деңгейдегі адам құқығын қорғауға қатысты көптеген құжаттарға қол қойды, әлем алдында халықтың құқықтық мәселедегі жауапкершілігін өз еркімен мойнына арқалады. Енді оны сақтау керек, орындау керек. Егер оны орындай алмаса, ол жауапкершілікті мойнына алудың керегі жоқ еді. Дұрыс мемлекет, демократиялы мемлекет өз сөзінде тұрады.

«Адамдардың бәріне заңгер болудың қажеті жоқ»

– Қазақстандағы құқықтық жүйе­ге түбегейлі өзгеріс керек екен­дігі айтылып жатыр. Ел заң­дары осындай өзгерістерге дайын ба? ҚР заңдарында адам құқығына қатысты мәселелердің бәрі толықтай таратылып жазылған ба?
– Адам құқықтары жағынан алып қарастырсақ, біздегі заңдарда көптеген қайшы тұстар бар. Біз мысалы, оны талай мәрте Парламенттік талқылауларда айттық. Мен өзім мәселен, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша Парламенттің жұмыс тобына қатыстым, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс пен ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі жұмыс тобында болдым. Бәрінің талқылауына қатыстым. Соның бәрінде құқық қорғаушы ретінде өз позициямды айттым. Мысалы, біздің заңдар анық емес. Заң анық болмаса ұстанымдар бұзылады. Адамдардың заңды түсінуі үшін оның заңгер болуы міндетті емес. Ол азамат кім болса да, ең бастысы заңдар адамға түсінікті болуы қажет. Өкінішке қарай, біздің заңдарда ондай дәлдік, ұғынықтылық, нақтылық жоқ. Сондықтан заңдарға қарап отырып, оны сіз «былай да, былай да» түсіне беруіңіз мүмкін. Бұл екіұшты жазылғанның кесірі.
– Сіз жаңа біраз заңдарға қатыс­ты жұмыс тобында болдым деп қалдыңыз. Сол кезде осы мәселелерге қатысты ескертуіңізді айтпадыңыз ба?
– Өте көп айттық. Бірақ ешкім елемеді. Міне, қазір енді қоғамдық пікірмен санасатын кез келді. Өйткені, қазір осы қарама-қайшылықтардың кесірінен қаншама құқықтардың бұзылып жатқанын көріп отырмыз. Және мұнда бір қатты ескеруі тиіс нәрсе – заңдарға қатысты өзгерістерді сот жүйесінен бастауымыз керек. Егер елде әділ сот болмаса, ешқандай құқық қорғалмайды. Онда бұл төңіректегі әңгіменің бәрі бекер. Әділетсіздік көрген азамат соттан қорған таппаса жалпы жүйеде әділет, құқық жоқ деген сөз.
– Арада біраз уақыт өткеннен кейін қаңтар оқиғасына әркім әртүрлі баға беріп жатыр. Құқық қорғаушы ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Қаңтар оқиғасын адам құқықтарының жаппай бұзылуы деп баға беремін. Бұл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс. Ескертусіз оқ ату, адамды өмір сүру құқығынан айыру – үлкен қылмыс. Біз әлі күнге өлген адамдардың тізімі мен аты-жөндерін білмейміз. Мемлекет қоғамды ондай ақпаратпен қамтамасыз етпей отыр. Оны қарапайым адамдар өз бастамаларымен жинап жатыр. Қоғамға ақиқатты білу парыз. Әрбір қаза болған, азапталған адам бойынша бөлек бөлек, жеке тергеу жүргізілуі тиіс. Ол қандай жағдайда қаза тапты, кім оқ атты? Оған сол қаруды кім берді, ол қызмет бабын асыра пайдаланды ма? Тергеудің міндеті осы сауалдарға нақты жауаптар алу.

«Адвокаттардың жұмысы балаға бір рет жолығып шығумен ғана шектеліп жатыр»

– Қаңтар оқиғасынан кейін азапталып жатқан, қамауда отырғандардың туыстары қазір жаппай адвокат іздеп кетті. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан адвокаттарға халық сенімсіздік білдіріп жатыр. Неге?
– Адвокаттың міндеті өз кәсібінің маманы болу ғана емес, сонымен бірге ол өз жұмысына адал болуы керек еді. ҚР Қылмыс­тық-процессуалдық кодексінде қорғаушы­ның көптеген құ­қық­тары да, мүмкіндіктері де бар. Алайда, бүгінгі жағдай барлық адвокаттың бірдей емес екендігін көрсетті. Бізге қазір мемлекет тарапынан ұсынылып жұмыс істеп жатқан ад­вокаттарға қатысты көптеген адамдар шағым айтып жатыр. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдайдағы олардың жұмысы балаға бір рет қана кі­ріп-шығудан әріге аспай тұр. Егер олардың жұмысы сол ғана болса, айыпталушыны ұрып-соққан жағдайға байланысты арызды кім жазады, тергеудегі хаттамаларды кім салыс­тырып оқып шығады? Күдікті, дәлелсіз тұстарын анықтап қарсы шағымды кім жазады? Адвокаттың міндеті әрбір дұрыс емес әрекетке шағым жазу, қорғауындағы азаматтың құқықтарының бұзылмауын талап ету. Қазіргі істерде мемлекет тарапынан берілген адвокаттар осындай міндеттерді адал атқарып отырған жоқ. Ондай өз жұмысын атқармайтын адвокат неге керек?
Тағы бір мәселе, ешбір адвокаттың «қамаудан шығарып берем» деп сенімді түрде айтуға қақысы жоқ. Өйткені, оны адвокат емес, судья шешеді. Адвокат мүмкіндігінше ол азаматтың сотта қорғалу құқығын дәлелдермен қамтамасыз етіп беруші ғана.
– Қаңтар оқиғасына байланысты ақпараттарда көптеген БАҚ өкілдері «бүлікшілер, содырлар» деген тіркесті қолдануда. Осы қаншалықты дұрыс?
– Сот үкімі шықпай біз ешкімді содыр, бүлікші дей алмаймыз, оған қақымыз да жоқ. Мысалы, біздің ұйым 5-6 қаңтар оқиғаларына дәл сол кезде мониторинг жүргізді. Ол жерден біз ешқандай содыр көрген жоқпыз. Біз керісінше бейбіт наразылықтарды ғана көрдік. Атылған да сол бейбіт адамдар. Тонау, өртеу істерімен айналысқан белгісіз қылмыстық топтарды табу полицияның міндеті. Қазір біз бұл іске қатысты сезікті немесе айыпталушылар деген сөздерді ғана қолдануымыз керек. Біреуді алдын ала содыр деп айыптау кінәсіздік презиумпциясын бұзу. Әрбір сөздің салмағы бар.
– Полиция мен халық бөлінісі бүгін үлкен мәселеге айналғандай. Тұтас бір халықтың мұндай аражігін қайта бітістірудің жолдары қандай?
– Құқық қорғау органдарында түбегейлі өзгеріс қажет. Қазір полиция халыққа қарсы шығып, оларды жаппай азаптап, негізсіз қамап жатыр. Халық мұндай әділетсіздікті құптамайды және оған төзбейді. Осындай мысалдардан соң құқық қорғау органдарының атына заты сай болмай тұр. Олар бүгін құқық қорғау емес, құқық бұзу органдары болуда. Оған мысалдарды бәріміз күн сайын жаңалықтардан көріп жатырмыз. Мәселен, Талдықорғандағы Азамат Батырбаевты қинағандарды «менің құқығымды қорғаушы» дей аламыз ба?! Ондай адамдар заң алдында жауапқа тартылуы керек. Ол ешқандай да тәртіп сақшысы емес, ол психикасы бұзылған садист.
– Президент Қ.Тоқаев көпшілікке «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын ұсынды. «Жаңа Қазақстанның» жаңа заңдары қалай болуы керек?
– Конституцияға негізделген, шын мәнінде адам құқығын қорғайтын заңдар болуы тиіс. Бізде қазір екі паралельді құқықтық жүйе бар. Бірі орыс тілінде жазылатын заңдар, екіншісі қазақ тіліне аударылған заңдар. Кей кездері оларды бірдей заңдар дей алмаймыз. Екі тілдегі заңның мағынасы екі түрлі, аутентивті емес. Еш елдің практикасында ондай жоқ. Бізде де ондай болмауы керек. Біз – Халықаралық құқықтық бастама ұйымы – 2012 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің осындай олқылықтары бойынша жұмыс жасап, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне 500 беттік нұсқа дайындап ұсындық. Ол кезде комитеттің төрағасы Нұрлан Әбдіров болатын. Ол құжатта ескі мәтін мен жаңа нұсқаны салыстыра отырып кесте жасалған. Мәтіндер салыстырылып талданады. Бірақ одан еш нәтиже болмады, комитет ешқандай жауап бермеді. Нұрлан Әбдіров қазір Орталық сайлау комиссиясына төраға боп барды.

«Әр ведомство заңды өздеріне лайықтап алған»

– Соңғы жылдары құқықтық саладағы заңдарға біршама өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ осы толықтырулар мен өзгерістер енгізілген заңдардың өзі неге заман талабына ілесе алмай отыр?
– Олардың бәрі ескі жүйемен жасалған, әлі де сол ескі ұстанымдардан арылған жоқ. Ол өзгерістер мен толықтырулар адам құқықтарын сақтау үшін емес, әр ведомствоның ыңғайы­на лайықталып қана жазылады. Әр құрылым заңды өзіне лайықтап алады. Мәселен, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-процессуалдық кодексті өздеріне ыңғайлы етіп жазады, Бас прокуратура Қылмыстық кодексті өзіне ыңғайлайды. Тіпті, қарап отырсаңыз, ҚР Қылмыстық кодексінде ұстанымдар жазылмаған ғой. Мен жұмыс тобында болғанда қаншама рет айттым. Қалай ұстанымы жоқ заң болады. Негізгі заңдылық бойынша ең бастысы ұстанымдар, сосын сол ұстанымдарды жүзеге асырудың нақты нормалары болуы керек. Ал біздің Қылмыстық кодексте ол жоқ. Өйткені, оған Иоган Меркель мырза қарсы болды. Сол кезде ол бас прокурордың орынбасары қызметінде болатын, қазір Конституциялық кеңесте отыр. Қылмыстық кодекстің ұстанымдарына қарсы адам қазір Конс­титуциялық кеңесте отыр. Мен қазір қалжыңдап бұл кодексті «Ұстанымсыз Қылмыстық кодекс» (безпринципный Уголовный кодекс) деймін.

«Халық оянды»

– Елдегі әлеуметтік теңсіздік мәселелері де соңғы кездері жиі айтылып жүр. Бұл тұрғыдағы пікіріңіз қандай?
– Әлеуметтік теңсіздіктің түп төркіні біздегі саяси режимде жатыр. Осы уақытқа дейін елдегі саяси жүйе қарапайым халықты ұмыт қалдырды. Оларға жұмыс орындарын ашпады, жұмыс орындарының бәрі бір ғана адамның қолында болды, ол монополияны өршітті. Жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға жол бермеді. Яғни, қарапайым адамдар өз талантын, қабілетін көрсете алмады.
Банктерге кредит алуға барсаңыз олардағы пайыздардың қандай екенін білесіз. Ондай пайызбен қандай қарапайым адам бизнес бастай алады?!
Кез келген демократиялық ел адамның дамуына, мүмкіндігін көрсетіп, оны жүзеге асыруына қолдау жасайды. Қарап отырсаңыз, демократиялы елдердің бәрі бай. Неге? Себебі, оларда монополия жоқ біздегідей. Банктік жүйе­лері азаматтарын біздегідей қарыз­ға белшесінен батырмайды, керісінше оны байытуға жол ашады.
– Ел болашағына қатысты қандай оптимистік болжам айтар едіңіз?
– Мен өзім негізі оптимист адаммын. Қазір халық оянды. Өз құқығын талап ете бастады. Қоғам талап етсе бәрі өзгереді. Азаматтық қоғам дами бастады. Халық қазір өте батыл, белсенді. Қай салада болса да талаптарын қоя бастады. Енді билік халықтың осы талаптарының бәрімен санасуы керек.
– Шынайы сұхбатыңызға рақ­мет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Шолпан Рақымқызы,
«Заң газеті»

Қазақстанда асыраушысынан айырылған қанша адам бар?

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 457,1 млрд теңге жұмсалды.

Көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің қандай түрлері бар?

Жолда көлікке арналған мемлекеттік нөмірлердің түр-түрін көреміз. Стандартты түрден басқа, қара, көк, сары, жасыл түсті нөмірлер бар. 

Астанада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

25 қазан күні елімізде ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден аса мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" синоптиктері дүйсенбі, 21 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.