Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі қоғамда біраз уақыттан бері қызу пікірталас туғызып келеді. Энергетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында үкімет бірнеше маңызды шешім қабылдады. Бұл шешімдер еліміздің энергетикалық саясатына әсер етумен қатар, экономикалық және экологиялық тұрғыдан да кеңінен талқыланып жүр.
Қазақстан – уран қоры бойынша әлемде жетекші орын алатын мемлекет. Еліміздегі уран қорының мол болуы және оны өндіру саласындағы тәжірибе Қазақстанды атом энергетикасы үшін табиғи серіктес етеді. Осы ретте бұл мәселедегі қоғам пікірі сан түрлі. Солардың бір парасы, елдегі энергетикалық қажеттіліктерді ескере отырып, атом энергетикасы экономикалық тиімділік тұрғысынан қолайлы нұсқа дейді. Сонымен қатар, атом энергетикасы климаттың өзгеруімен күресудің бір жолы ретінде қарастырылады. Көмір мен газ сияқты дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайту қажеттілігі туындаған жағдайда, атом энергетикасы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ете алады дейді бұл идеяны қолдаушылар. Олар мысалға Франциядағы атом энергетикасын келтіреді. Оның үлесі елдің көмірқышқыл газы шығарындыларын төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қазақстан осы үлгіні өз елінде де қолдануды мақсат етсе болады деген пікір де бар. 2024 жылы Қазақстанда АЭС салу бойынша нақты шешімдер қабылданды. Үкіметтің бұл қадамы атом энергетикасын дамытуға бағытталған жаңа стратегияның бір бөлігі болып табылды. Алдағы бірнеше жыл ішінде АЭС құрылысына арналған алаңдар қарастырылып, экологиялық және техникалық сараптамалар жүргізілмек. Қазіргі таңда Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңы, Маңғыстау облысы және Түркістан облысындағы кейбір орындар АЭС салуға қолайлы деп танылып отыр. Президент Қ. Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесіне байыппен қарауды, барлық тәуекелдерді мұқият бағалауды және қоғам пікірін ескеруді тапсырды. Президенттің айтуынша, атом энергетикасы Қазақстанның болашақтағы энергия тәуелсіздігіне кепілдік бере отырып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық серіктестермен атом энергетикасы саласында ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған қадамдар жасап жатыр. Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сынды атом энергетикасында озық технологияларға ие елдермен келіссөздер жүргізілуде. Мақсат – заманауи, қауіпсіз әрі тиімді технологияларды тарту және Қазақстанда ядролық инфрақұрылымды дамыту. Бұл Қазақстанда АЭС салуды құптайтындардың уәжі. АЭС құрылысына қарсы шыққандар оның қауіпсіздігіне және экологиялық әсеріне қатысты алаңдаушылықтарын білдіруде. Чернобыль мен Фукусима секілді атом электр станцияларындағы апаттар қоғамның санасында терең із қалдырғаны белгілі, сондықтан бұл салада сақтық шараларын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Экологиялық белсенділер АЭС құрылысының қоршаған ортаға әсерін ескеріп, жанжақты зерттеу қажеттігін алға тартуда. Атап айтқанда, су ресурстарына, жер сілкінісі белсенділігі жоғары аймақтарға және радиациялық қауіп-қатерлерге қатысты сұрақтар туындап отыр. Мысалы, Жапониядағы Фукусима-1 АЭС апаты кезінде болған цунами мен жер сілкінісінің салдарлары әлі күнге дейін әлем назарында. Қазақстанның экологиялық белсенділері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жан-жақты талдау қажеттігін талап етеді. Үкімет болса, халықтың пікірін ескеретінін және экологиялық сараптамаларға баса назар аударатынын мәлімдеді. Атом энергетикасына қатысты кез келген шешімнің халықтың қолдауына ие болуы маңызды, сондықтан бұл мәселені ашық талқылап, халықтың күдіктерін сейілту қажеттілігі туындап отыр. Үкімет өкілдері атап өткендей, экологиялық қауіпсіздік стандарттары қатаң сақталып, халықаралық тәжірибеге сүйенетін болады. Атом энергетикасын дамыту жолында халықаралық тәжірибеге жүгіну маңызды рөл атқарады. Франция мен Корея секілді елдерде атом энергетикасы ұзақ жылдар бойы сенімді және экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзі ретінде қолданылып келеді. Францияда, мысалы, электр энергиясының 70%-дан астамы атом электр станцияларынан өндіріледі, ал бұл елдің көмірқышқыл газы шығарындылары Еуропадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қазақстан осындай тәжірибелерді зерттей отырып, өз қажеттіліктеріне бейімдеуге тырысуда. Алайда, Қазақстандағы АЭС құрылысының болашағы қоғамның қолдауына, халықаралық стандарттарға сай келуіне және қауіпсіздік шараларының тиімділігіне байланысты болмақ. Ел үкіметі халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздеп отыр. Сонымен қатар, қазақстандық инженерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру да маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылуда. Қазақстандағы атом энергетикасы саласындағы соңғы шешімдер елдің болашақтағы энергия қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және экологиялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Алайда, бұл мәселе терең зерттеуді, қоғамдық талқылауды және барлық мүдделі тараптардың қатысуын талап етеді. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – бұл саладағы басты басымдықтар. Қазақстанның атом энергетикасына көшу жолындағы қадамдары халықаралық тәжірибені қолдану және экологиялық қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау арқылы жүзеге аспақ.
Самал АСҚАР, «Заң газеті»


