Жалпы, адам саудасы (траффикинг) әлі күнге дейін өзектілігі жойылмаған жаһандық мәселе. Ол адамды пайдалану мақсатында сатып алу, сату, зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту және басқа да мәжбүрлеу әдістерін қамтиды.
БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі траффикинг құрбандарының 70 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Ал ондағы барлық құрбандардың үштен бірі балалар болып отыр. Адам саудасы әлемде қару-жарақ пен есірткіні сатудан кейінгі қылмыстық кіріс бойынша үшінші орында тұр. Бұл қылмыстық бизнестің әлемнің барлық мемлекеттеріне, оның ішінде Қазақстанға да әсері бар.
2019 жылы Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы туралы жыл сайынғы баяндамасында осы проблемаларды шешу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігіне байланысты екінші деңгейдегі бақылау тізіміне енді. Баяндама авторлары Қазақстанға позициясын жақсарту үшін 11 ұсыныс ұсынды. Ал 2020 жылғы пандемия кезінде «адам саудасы» бабы бойынша елде антирекорд орнатылды. Бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Кінәлілердің барлығының дерлік орта немесе орта арнаулы білімі бар жұмыссыздар. Сол жылы Бахрейнде 20-дан астам қазақстандық азаматшаның сексуалдық құлдықтан босатылуы резонанс туғызды. Былтыр Қазақстанда адам саудасына байланысты 141 қылмыстық іс қозғалды. «11616» адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел желінің деректері бойынша бірінші жартыжылдықта оларға 837 өтініш келіп түскен.
«Social Development Center» қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғановтың сөзіне қарағанда, 2018 жылы жарияланған ең соңғы адам саудасының ғаламдық индексінде Қазақстан 86-орынды алған болатын. Сондай-ақ, Еуропа мен Орталық Азиядағы 50 мемлекеттің арасында 25-орыннан көрінді. 2020 жылмен салыстырғанда былтыр елдегі адам саудасы біршама азайғанымен, мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Мәселен, 2021 жылы адам саудасына қатысты 60 адамның 56-сын Өзбекстаннан келген мигранттар құрады. Ал биыл жыл басынан бері елімізде адам саудасының құрбаны болған 4 адамның екеуі Өзбекстан, екеуі Тәжікстан азаматы болып отыр. Ал «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қоғамдық қорының директоры Нина Балабаеваның айтуынша, олардың статистикасы бойынша 2005 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 588 кісі адам саудасының құрбаны болды. Оның 322-сі әйел, 266-ы еркек. Мәселен, биыл жыл басынан бері олар адам саудасының құрбаны болған 4 кісіні анықтап отыр. Қазақстанда адамдарды көбінесе жыныстық және еңбекке пайдалану мақсатында сатады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға табыс табу үшін басқа елдерден келген мигранттар.
– Аzattanu.kz ақпараттық ресурсы адам саудасына қарсы. Ол қазақ, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Сайттан қауіпсіз көші-қон, шетелде жұмыс істеу және адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың жадынамаларын табуға болады. Жеке блок Қазақстандағы және әлемдегі адам саудасы мәселелері тақырыбындағы жаңалықтарға арналған. Ресурс үнемі өзекті ақпаратпен жаңартылып отырады, – дейді Біржан Қазтұрғанов. Оның сөзіне қарағанда, сайттың маңызды бөлімі ретінде зардап шеккендер мен олардың жақындары үшін көмек ресурстары көрсетілген парақша болып саналады. Бұл бөлімде еліміздің әртүрлі өңірлерінде адам саудасының құрбаны болғандарға кәсіби көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының байланыстары және мекенжайлары көрсетілген. Байланысуға арналған контакті формасы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел желінің қысқа нөмірі – «11616» ұсынылды.
Е.Кебекбай,
«Заң газеті»