12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«АТАМАННЫҢ АҚЫРЫНЫҢ» АСТАРЫ

– Сонымен, атаман Дутовты өлтірген қазақ барлаушыларының тағдыры ары қарай не болды? Алмағайып заманда басын бәйгеге тіккен тыңшы-барлаушылардың ары қарайғы тағдыры Бек үшін шынында да жұмбақ еді. Жұмбақ әрі қорқынышты… Өйткені, құпияны білгені үшін жазықты болғандар туралы талай оқыған. Бірақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері, қазір зейнеткер Мұқан аға оның сұрағына жауап беруге асықпады. – «Атаманның ақыры» фильмі тарихта болған оқиға жүйесімен түсірілгені рас. Мұқан ағаның өзіне тән байыпты қоңыр дауысында бір сұс бар. Өзіне сенімділік, сұрақ қойса, жауап берген жан бұлтара алмайтындай сес, көзге көрінбейтін бір қаттылық сезіле ме, қалай? Бек мұны «мамандықтан қалған белгі» деп топшылайтын. – «Атаманның ақыры» көркем фильмінің түсірілгеніне елу жылдан асты, ал оқиғаның болғанына жүз жылдың шамасы болады. Барлау қызметінің арнайы операциясы туралы кейбір құпия сәттерді журналист Қ.Төрежанов «Сыртқы барлау» кітабында жақсы көрсете білген. Белгілі де белгісіз сонау өткен ғасырдың 20-шы жылдары, Кеңес кезіндегі Қазақстан барлау қызметінің іске асырған операциясы кәсіби тұрғыдан өте жоғары деңгейде атқарылғаны белгілі. Ал тарихты білетін адам аталмыш кезең қазақ барлау қызметінің ең қайғылы да қасіретке толы жылдары екенін, әлі де болса жіті зерттеуді қажет ететінін түсінер еді. – Көркем фильмді қайталамай, оқиғаның қызық жерлеріне тоқталайын, – деді ақсақал жайласып отырып. – Ең қызығы, Жаркентте жасақталған барлаушылар қолынан мерт болған Александр Дутов 1879 жылы Сырдария облысы Қазалы қаласында ресейлік казак есаул отбасында дүниеге келген. Яғни, атаман қазақ даласы мен елдің ерекшелігін білді, осы елдің суын ішіп, нанын жеген. Ресейдің кейбір тарихшылары кейінгі кезде Дутовты большевиктерге қарсы күрескен демократ деп те жүр. Жарайды, бұл басқа әңгіме. Ал кинода көрсетілгендей тоғыз адамнан құрылған топ арнайы операцияны іске асыра сала шекараға қарай қашпай, керісінше Қытайдың Шыңжаң ауданының ішкі тұсындағы Құлжа қаласына қарай бет алыпты. Онда тұратын Қасымхан Шанышовтың (Шадияров) жақын туысы ауқатты әрі өңірге әйгілі, үйінен қонақ үзілмейтін жан еді. Сондықтан ешкім күмәнданбады. Ал атаманның қуғын ұйымдастырған адамдары оларды шекараға қарай бет алған деп пайымдап, сол жаққа дүрбелең салды. Оперативтік логиканың мықтылығы осында емес пе? – деп Бекке сұраулы жүзбен бір қарап қойды. – Ол аздай, барлаушы топ тапсырманың толықтай орындалғанының дәлелі ретінде Дутовты жерлеген жерінен қазып алып, НКВД-ның жетекшілеріне басын кесіп әкеткен. Бұл туралы орыс эмигранттарының естелігінен оқуға болады. Қандай жанкештілік, жүрекжұтқандық десеңізші! Топтың барлық мүшесі елге аман-есен жеткен, тұтқынға түспеген. – Осы белгілі тарихи оқиғаның ең аянышты және қасіретті тұсы – ол операцияны ұйымдастырушы, барлаушы Қ.Шанышев пен Дутовты атқан ұйғыр жігіті Махмұд Қожамияровтың кейінгі тағдырымен байланысты. Жасаған ерлігі мен сол кездегі «чекистердің» басшысы Ф.Дзержинскийдің өз атынан берген марапатына қарамай, өмірлері қайғылы аяқталды. Қ.Шанышев 1937 жылы белгісіз біреулердің жаласымен «халық жауы» деп аталып, атылып кеткен. Ал атаманды атып өлтірген М.Қожамияровты Дутовтың адамдары аңдып жүріп, бүкіл жанұясымен бірге жауыздықпен өлтірген деседі. Солай… Осыдан кейін алысқа көз тастаған зейнеткер әңгімесін қайта жалғады. – Ол арғы заман делік. Бірақ бертінде, Кеңес үкіметі тұсында да талай қазақ барлаушы КГБ-де қызмет етіп, қыл үстінде жүргендей өмір сүргенін білесің бе? – деп Бекке қарады. – Асанәлідей көрсете білетін актерлер болса, талай фильмге арқау болатын тарихи оқиға жетерлік. Мүмкін галстук таққан, тиянақты киінген, қолында таяғы бар анау кісі солардың бірі шығар? – деді Мұқан аға қарқылдап күліп. – Қойыңызшы, тым қатты кеттіңіз. Бәрінен қауіптеніп жүреді екенсіз. Түсінем, Кеңес үкіметі кезінде жетілдіңіз, қауіпсіздік жүйесіндегі тіс қаққан КГБ сарапшысы болдыңыз! Әлде, сол ескі заманды қатты аңсайтындардың бірімісіз? Әрине, Мәскеуде КГБ-нің 1-Бас басқармасында (Сыртқы барлау) қызмет еткен қазақтардың бірі болғаныңызға қанықпын, – деп Бек бұрынғы КГБ зейнеткерін әзілдеп бір кертіп алды. – Әй бауырым-ай… Мұқан аға айғыз-айғыз әжімі жиырылып, «енді тыңда мені» дегендей белгі берді. – Білесің ғой, КГБ-да ресми және бейресми қызмет бар. Бейресми қызметтегілердің сегіз сандықта сақталатын құпиясы – ол аты-жөні, өмірбаяны, қызмет еткен жері мен шені, тағысын тағы. Ресейдің ақпараттық басылымдарында кейінгі кезде небір құпиялар жарияланып жатыр. Теледидар, кітап, сұхбаттар сенсацияға толы, тек өкінішке орай қазақ басылымдарында ақпарат аз, – деді Мұқан аға реніш білдіргендей болып. – Қазақ арнайы қызметінің, оның ішінде барлау органының келешегі жас буынға байланысты. Жақында Израиль арнайы қызметі жетекшілерінің барлау туралы пікірін оқыдым. Онда ол «әрбір израильдік барлаушы бола алмайды, дегенмен әрбір барлаушы израильдік болуы қажет» деген екен. Мына әңгіме Бекті де біраз тебірентіп жіберді. «Неге біз сол Қазақстан барлаушыларының өмірін, жасаған ерлігін тәрбиелік мақсатта паш етпейміз» – деген ол бір қызық жәйтті еске алды. Мысалы 1919 жылы Ф.Дзержинский Стамбулдағы Кеңес үкіметінің постпредіне жазған хатында бейтаныс барлаушы Сұлтановқа қызметі бойынша мүмкіндігінше қолұшын беруін сұранған. Ол кім болды екен? Бірақ өкінішке орай сол Сұлтановтың кім болғаны жайлы Ресей арнайы қызметінің архивінде суреттен басқа еш мағлұмат жоқ. Өкінішті… Жанкешті қызметтері ескерілмей көптеген батырымыздың жеке іс қағаздары архивте шаң басып, құпия күйінде жатыр. Ашылса, батырлардың аты-жөнін білсек дейсің…

Бақытжан ТАСТАНБЕКОВ

Әке үмітін ақтаған ұл

   Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының...

Білікті маман Мамытов

Мақаламыздың кейіпкері – Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімі бастығының ...

Рақымшылық Заңының маңызы зор!

Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды. Бұл ел тәуелсіздігін алғаннан...

Кәсіподақтар Президент реформаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді

Жұма күні, 11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының...