12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН

Өткен өміріне, атқарған қызметіне ұрпағы алдында мақтана алатын Сыр азаматтарының бірі – Әмірхан Бәкірұлы. Өткен ғасырдың нақ ортасында, 1950 жылы наурыз айының 13-і күні Тереңөзек ауданындағы «Қызылдихан» колхозын құрушылардың бірі, ел қадірлісі Өтеп Байғозы ақсақалдың отбасында өмірге немере келіп, шаттық пен қуаныш салтанат құрған еді.

Адалдықты, әділдікті, имандылықты байрақ еткен ата немересін алдына алып отырып: «Менің немерем өскенде прокурор болады» дейді екен. Пенде болып біреуге қиянат жасап көрмеген, тек қана адал еңбегімен күн кешкен қарияның немересінің әділдік үшін күресер азамат болғанын қалағаны да шығар, бәлкім, Алла аузына салған болар, дуалы ауыздың айтқаны қате кетпеді. 1972 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін тәмамдаған жас маман туған өлкеге оралып, 1972-76 жылдары Қызылорда облыстық прокуратурасының тергеушісі қызметін атқарды. Жас заңгер біліктілігімен абырой биігіне көтерілді, алайда, осы тұста оны күрт өзгерістер күтіп тұрған болатын. Бұл туралы Әбекең: «Менің болашағым прокуратура органдарымен байланысты бола беретіндей көрінген еді. Алайда, тағдыр басқа жолды таңдады. Мен мектепте оқып жүрген кезімде КГБ туралы көп оқыдым. Бұл, әрине, мамандық таңдауға әсер етті. Университетті бітіргеннен кейін қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, қызметке қабылдау жөнінде өтініш білдірген едім. Бірақ өтінішіме жауап қайтармады. Прокуратура органдарында біраз жыл жұмыс істеп, аудандық прокурор лауазымына ұсынылып жатқан кезімде, облыстық МҚК-нің уәкілі келіп, қауіпсіздік органдарында жұмыс істеуге шақырды. Балалық шақтағы арманнан бас тарту қиын екен. Келісіп, 1976 жылы МҚК-нің облыстық басқармасына аға тергеуші болып жұмысқа орналастым», – дейді. Иә, оның бұдан кейінгі қызмет жолы осы салада жалғасты, талай түн ұйқысыз өтті, талай қиын шақты бастан өткерді, себебі, ол ел тағдырына, мемлекет қауіпсіздігіне өз өмірін құрбан етуге даяр сарбаздар сапында еді. Ол аса маңызды, құпиясы мол қызметте де абыройлы болды, мұнда да сол қанға сіңген адалдық, әділеттілік, тазалық бағдаршам болып жетеледі де отырды. Ата-әже, әке-шеше тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен қуаттанған Әмірхан Бәкірұлы 1976–2000 жылдары Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеу, құқық қорғау органдарының қарсы барлауын қамтамасыз ету, экономикалық қауіпсіздікті қорғау және ұйымдасқан қылмыспен, коррупциямен күрес басқармаларын басқарды. Сан мәрте қиын шытырмандар түйінін шешті, басын қатерге тіге жүріп түрлі операцияларға қатысты. Әр жылдары Қазақстан Республикасы және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің оперативті-тергеу тобы құрамында бүкіл елде қоғамдық резонанс туғызған қылмыстық істерді тергеуге қатысты. Қазір қаншама жыл өтсе де Баку қаласында болған жаппай кісі өлтіру ісі, Грозный және Ташкент қалаларында шенеуніктердің парақорлығы мен аса ірі мөлшерде мемлекет мүлкін ұрлау ісі, Ауғанстанмен арадағы мемлекеттік шекарадан контрабандалық жолмен тауар тасыған Қарағанды авиаотряды мүшелерінің ісі, Шиелі кенті маңында қалааралық автобуста 12 адамды кепілге ұстаған террористер ісі, мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп Қытайдан Алматы және басқа қалаларға келушілер ісі оның есінде сақталып қалыпты.

Өйтпегенде ше, бұл істер қауіпсіздік қызметіндегі шеберлікті, біліктілікті, аса сақтықты қажет еткен болатын, сан мәрте қылпылдап тұрған семсердің үстімен жалаң аяқ жүргендей күндер өтті ғой. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлы бұл салада тура 25 жыл жұмыс істеді. Еңбек жолын тергеуші қызметінен бастап, басқарма бастығына дейін, лейтенант шенінен полковник дәрежесіне көтерілген ол абырой-атақсыз болған жоқ, көптеген медаль, алғыс хатпен марапатталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп жүрген кезінде облыстық прокуратураға бөлім бастығы қызметіне, облыстық сотқа судья болуға шақырған еді. Алайда, сол кездегі департамент бастығы, полковник Нұрахмет Ералиев: «отставкаға менімен бірге кетесің!», – деп оның қызметі сала үшін аса маңызды екенін ескерткесін жұмысын әрі қарай жалғастырған еді. Зымырап өтіп жатқан уақыт қой. Елу жасқа келген тұста отбасы, ағайын-туыстарымен ақылдасып, отставкаға шыққанды жөн көрген Әбекең сол кезде облыстық әкімдіктің қызметке шақыруын қабыл алған еді. Иә, 2000–2005 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, Облыстық Тәртіптік кеңес төрағасы болған ол бұл қызметтерде де туралығынан, әділдігінен тайған жоқ. Одан кейін Әмірхан Бәкірұлы төрт жыл облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ол тұста облыс әкімі Икрам Адырбеков болатын. Әбекеңе облыс әкімінің орынбасары хабарласып: «Облыс әкімі сіздің сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары болып барғаныңызды қалап отыр. Егер де ашығын айтатын болсақ, облыста құрылыс бағасы ешбір дәлелсіз көтеріліп барады. Тапсырыс берушілер мен жобалаушылар арасында бір ымырашылдық бар сияқты. Облыс басшысын негізінен алаңдатып отырған осы мәселе. «Қалай да құрылыс саласында тәртіп орнату керек», – дейді. Ол келісіп, аталған басқармада 4 жыл жұмыс істеді, құрылыс саласында біршама оң өзгеріс болды, құрылыс субъектілері арасында бір кездері кең тараған заңбұзушылықтар айтарлықтай азайды. Қысқасы, облыс әкімі жүктеген міндет толық орындалды. Осыдан кейін шамалы уақыт «Халыққа қызмет көрсету орталығында» директордың бірінші орынбасары болып қызмет атқарған кезінде де бұл саладағы заңдылықты сақтау ахуалының жақсаруына үлес қосты. Бұдан соң ол біржолата шығармашылық жұмысқа көшкенді жөн санады. «Әке көрген оқ жонар…», – дейді дана қазақ. Терең мағыналы, тәлім-тәрбиенің мәнін тобықтай түйін еткен осы бір пәлсапалық қорытпа бізге Әмірхан Бәкірұлы өмірін сипаттайтындай көрінеді. Оның әкесі Бәкір Өтепов КСРО Журналистер одағының мүшесі болған еді. Кеңес заманында бұл одаққа мүше болуға көп жыл тілшілік қызмет атқарғандардың да қолы жетпей жататын және осы мүшелік журналистік қалам қуатының деңгейін де көрсететін. Баспасөз бетінде жарық көрген көптеген мақала-еңбектерінен өзге ол «Отты жылдар», «Жауынгер ерлігі» және «Көңіл сыры» атты кітаптардың авторы еді. Бұл Әмірхан Бәкірұлына да әсер еткен болатын. Бұл туралы ол: «…шығармашылық ортада өскесін бе, жастайымнан жазуға ықылас пайда болды. Мектеп жасында шимайлап, бірдеңелерді жазып та көрдім. Кейінірек, прокуратура және қауіпсіздік органдарында жұмыс істеп жүргенде, алдымен қысқа хабарламалар, кейін әңгімелер мен мақалалар жаза бастадым. Орыс мектебінде оқығандығымнан болар әуелі орыс тілінде жазып жүрдім. Бір күні облыстық «Сыр бойы» газетіне орыс тілінде мақала жазып апарып бердім. Өздері қазақ тіліне аударып, басатын шығар деп ойладым. Бөлім меңгерушісі Айжарық Сәдібекұлы телефон арқылы шақырып: «Сен қазақсың ба?», – деп сұрады. «Қазақпын!», – дедім. «Онда мақаланы неге қазақша жазбайсың?» – деді. Мен қысылып, кабинетінен асығыс шығып кеттім. Осыдан кейін намысқа тырысып, бір апта ішінде мақаламды қазақшалап, қайта жазып шықтым. Айжарық ағамыз көзімше мақаламды үстінен түзетті. Расын айтқанда, жарияланбайтын шығар деп ойладым. Себебі, мақалам түзетуден көрінбей қалды. Алайда, «Сыр бойы» газетінің кезекті санының бірінде жарияланды. Менің журналистикадағы қызметім осылай басталған-ды», – дейді. Иә, осылай басталған жол кейін үлкен қаламгерлік даңғылға ұласты. Халықаралық Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әмірхан Бәкірұлы қаламынан туған көптеген еңбек кешегі кеңес заманындағы қитұрқы саясат құрбандары туралы ақиқатты ашуға арналды. Жазушы-публицист қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Шоқайдың ақталуына көп еңбек сіңірді. Алғаш рет Қазақ хандығының дүниеге келуі мен елдігін, азаттығын сақтап қалу жолындағы туған елінің үш жүз жылдық тарихын суреттеген ұлт мақтаны І.Есенберлиннің мына бір өлеңі біздің Әмірхан Бәкірұлы туралы ойымызды тиянақтай түседі: Тудырған өз тұлғасын әрбір дәуір, Жазылар бұдан да еңбек әлі тәуір. Есіңнен шығарма тек, болашағым – Түйенің көш бастаған жүгі ауыр! 1990 жылдың өзінде М.Шоқай туралы баспасөзде түрлі пікір айтылып жатты, біреу дұшпан ретінде, енді бірі ұлт зиялысы ретінде таныды. Осы тұста деректер мен мұрағат құжаттарына сүйене жазылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Әмірхан Бәкірұлының М.Шоқай туралы мақалалары Алаш зиялысы туралы қоғамдық ойға жаңа бағыт берді. Ойлы, салмақты, дерекке сүйенген еңбектер М.Шоқай туралы айтылған ғайбат пікірлерге тоқтам салумен қатар, Шоқайтану ғылыми саласының өмірге келуіне ықпал етті. Иә, М.Шоқай туралы құпия сақталған құжаттар Әмірхан Бәкірұлының үлкен қажыр-қайратының арқасында жариялана бастады, бұл үшін ол қызметтік қысымды да көрді. Алайда, нар тұлғалы қазақ көш бастаған түйенің жүгі ауыр боларын да білді, шыдады, қиындықты жеңе білді. Оның Мұстафа Шоқай туралы жазылған деректі кітабы түрік тілінде Түркияда (2006 жылы) басылып шықты. Ұлы күрескердің саяси ақталуына үлкен еңбек сіңіргені үшін Ә.Бәкірұлы 2015 жылы М.Шоқай атындағы медальмен марапатталды. Әділеттілік үшін күрескен қаламгер жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Аза» кітабының (2000 жыл) редакция алқасының мүшесі болды, бұл естелік кітапқа оның жазықсыз жазаланған жандар туралы бірнеше мақаласы енді.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мен тоталитарлық жүйе құрбандарын мәңгі есте қалдыруға айтарлықтай үлес қосқан қаламгер осы тақырыпта газет-журналдарда 200-ге тарта материал жариялады. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігі (Планета Мира – Worid of Peacc) халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты ңығайта отырып, еліміздің даму жолында журналистика мен әдебиеттің дамуына қосқан еңбегі үшін қаламгерді арнайы Диплом мен «Ұлт мақтанышы – Гордость нации» медалімен (2015 жылы) марапаттады. Өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен оқиға, құбылыстар, құжаттар мен деректер Ә.Бәкірұлының адами болмысынан берік орын алды. Ол өз қаһармандарын қиял әлемінен іздеген жоқ, жұмыр жерді шарлап, ғаламат оқиғаларды тізіп, өз туындыларына арқау етуге тырысқан жоқ. Оған өмірдің өзі мектеп болды, мынау пәни жалғандағы адамның іс-әрекеті, пиғылы мен ықыласынан туындайтын небір жәйттер оның туындыларының өзегіне айналды. Ағамыздың «Мұстафа Шоқай» атты деректі әңгімелер жинағы 1997 жылы шықса, кейін «Операция Франц» атты кітабы 2000 жылы, «Приговорен к расстрелу…» атты кітабы 2009 жылы, «Франц» операциясы» атты кітабы 2010 жылы, «Жаңа қызмет» атты кітабы 2013 жылы, «Ұлттық қауіпсіздік күзетінде» атты кітабы 2018 жылы жарық көрді. 2016–2017 жылдары ҰҚКД Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған Ә.Бәкірұлы сала қызметкерлерінің жақсы имиджін қалыптастыру мен нығайтуда, жас қызметкерлерге адамгершілік-отаншылдық тәрбие беру ісінде көптеген жұмыс атқарды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің дамуы, нығаюы, коррупцияға қарсы күрес жұмысына белсене қатысушы қаламгер қоғамдық жұмыстардың бел ортасында келеді. «Ақиқат, шындық өмірдегі түрлі салыстырулардан тұрады» деген екен Шығыстың бір ғұламасы. Ә.Бәкірұлы қос мемлекетте ғұмыр кешті, яғни, кешегі кеңес заманының да, бүгінгі тәуелсіз еліміздің де куәсі, сондықтан екеуін ой таразысынан өткізді, өзара салыстырды. Зерттеді, зерделеді, сана елегінен өткізді. Ол әлемдегі алты миллиардтан астам адамды, сол адамдар құрайтын халықтың, ұлыстың тыныс-тіршілігін өз ұлтымен салыстырды. Қаламгер ретінде өз ұлтының мәрттігіне, өзгеге ұқсай бермейтін тектілігіне назар аударды, сол тектілікті, мәрттікті насихаттаудан, жазудан жалыққан емес.

Иә, оның бар болмысы мен бітімі, өмір жолы мен дүниетанымы мына тәкаппар дүниеге «Сен мені танисың ба? Мен қазақтың баласымын» – деп тұрғандай. Биыл 73 жасқа толғалы отырған Әмірхан Бәкірұлы туралы ойтолғамды «Дүниеге келер бір рет дария кеуде, тау мүсін» деп қорытындылаған жөн сияқты.

Алдажар ӘБІЛОВ, Филология ғылымдарының кандидаты,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

Ауғанстаннан «Диуани Хикметтің» беймәлім қолжазбасы табылған

Ауғанстаннан табылған «Диуани Хикметтің» бұрын белгісіз қолжазбасы Қожа Ахмет...

«Қазақ халқының татуласу рәсімдері: дәстүр мен рухани үйлесімнің көрінісі»

Қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани дүниетанымы мен өмір...

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі

Кейнгі көздері «адам өзгерді ме, заман өзгерді ме?» деген...

Алматыдағы балалар колониясынан рақымшылық бойынша алғашқы жасөспірім бостандыққа шықты

Жуырда 16 жасар Жансұлтан “Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына...

Кәмелетке толмаған сотталған балаларға арналған тренинг өтті

 Алматы қаласы бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты №11 мекемесіне «Азаматтардың...