Ақтөбеде ҚАЖ департаментіне қарасты №70 (тергеу изоляторы) мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексеру кезінде ер адамның қысқы аяқ киімнің ұлтарақ астына жасырылған 2 шағын ұялы телефонды, 2 дана сим карта және 2 дана «USB» шнурын тәркіледі.
Мекемеге әкелуге тыйым салынған заттарды 24 жастағы Ж. Р. есімді азамат абақтыда «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бабымен сотталған танысына қысқы аяқкиімнің ұлтарақ астына жасырып, бермек болған.
«Азамат Ж. Р. өз түсініктемесінде кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 791 және 795-баптары бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды», – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Уразбаев.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратованың айтуынша, жыл басталғалы осыған ұқсас жағдай тергеу изоляторында екінші рет қайталанып отыр. Нақтырақ айтқанда, осы қаңтар айында №70 (тергеу изоляторы) мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексеру кезінде ер адамның қысқы аяқкиімінің табанына мұқият жасырылған екі ұялы телефонды тәркіледі. Сондай-ақ, өткен 2022 жылы аталған тергеу изоляторында ұқсас 1 жағдай тіркелген болатын.
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД


