Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекеменің Арнайы есепке алу бөлімінің жұмысы мекемедегі қызметтік бағыттардың ішіндегі жауапкершілігі жоғары әрі аса маңызды салалардың бірі болып табылады. Аталған бөлімнің негізгі міндеті – мекемеде ұсталатын айыпталушылардың, тергеудегі азаматтардың және сотталғандардың жеке істерін жүргізу, есепке алу құжаттарын рәсімдеу, олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету және құжат айналымының заңдылығын бақылау.
Бөлім қызметкерлері айыпталушылардың, тергеудегі және сотталған азаматтардың жеке істерін қалыптастырып, олардың сақталуы мен жүргізілуін тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар азаматтардан келіп түскен арыз-өтініштер мен шағымдарды қабылдау, тиісті мекемелерге жолдау, шартты түрде мерзімінен бұрын босату (УДО), жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру (ЗМН), рақымшылық жасау мәселелеріне қатысты құжаттарды әзірлеу және белгіленген тәртіппен рәсімдеу жұмыстарын атқарады.
Сондай-ақ тергеу мен айыпталушылардың, сотталған азаматтардың заңды өкілдерімен кездесулерінің өткізілу заңдылығын қадағалап, кездесулерге рұқсат беру және тиісті құжаттарды тексеру жұмыстарын жүзеге асырады. Бұдан бөлек, сотталғандар мен айыпталушыларды кезең-кезеңімен басқа мекемелерге немесе тиісті орындарға жөнелтуге байланысты этапқа дайындау, қажетті құжаттарын әзірлеу, жеке істерінің толықтығы мен дұрыстығын тексеру де бөлімнің күнделікті қызметтік міндеттеріне жатады.
Қазіргі таңда Арнайы есепке алу бөлімінде барлығы 7 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 3 қызметкер еркін жалдамалы құрамда болса, 4 қызметкер арнайы нысанды киім үлгісіндегі жеке құрам қатарында қызмет атқарады. Әр қызметкер өзіне жүктелген міндеттер мен жауапкершілікті жете түсініп, қызметтік тапсырмаларды белгіленген талаптарға сәйкес орындауға басымдық береді.
Бұл бөлімдегі әрбір қызметкердің атқаратын жұмысы өзіндік маңызға ие. Себебі жеке істердегі бір құжаттың дұрыс рәсімделуі, есептік мәліметтердің нақты жүргізілуі мен заң талаптарының сақталуы жалпы мекеме жұмысының сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бөлім қызметкерлері өзара үйлесімді жұмыс істеп, құжаттардың уақытылы әрі сауатты дайындалуына, ақпараттардың нақтылығына және қызметтік тәртіптің сақталуына ерекше мән береді.
Арнайы есепке алу бөлімі – көзге көп көріне бермейтін, алайда мекеме қызметінің үздіксіз әрі жүйелі жүруіне елеулі үлес қосатын маңызды құрылым. Мұнда әрбір қызметкердің кәсіби біліктілігі, ұқыптылығы, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығы айқын көрініс табады. Өз міндеттерін тиянақты атқарып, заң талаптарын басшылыққа ала отырып еңбек етіп жүрген бөлім ұжымы мекеме қызметінің сапалы ұйымдастырылуына лайықты үлес қосып келеді.


