Қазақстан өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты, бұл еліміздің даму жолындағы жаңа сын-тегеуріндерге стандартты емес жауаптар іздеу қажеттігін білдіреді. Өзгерістер – дамудың маңызды элементі. Биылғы жыл – жан-жақты қайта құрулар мен нақты жаңару жылы болды. Жарияланған Президенттік сайлау бүкіл саяси жүйені түбегейлі қалпына келтіруге әкелетін сайлау цикліне бастау болады.
Бұған дейін жүргізген әлеуметтану жайындағы сауалнамалар көрсеткендей, қазақстандықтар арасында жаңғырту үлгісін қолдау басымдыққа ие. Алайда, бұл халық саяси өзгерістерді күтпейді дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта қоғамда саяси жүйені өзгерту қажеттілігі туралы нақты түсінік бар. Азаматтардың электораттық күтулеріне сәйкес, қазақстандық саяси жүйе одан әрі реформаларды талап етеді. Сонымен бірге, осы сауалнамалар нәтижесіне сәйкес партиялық идеологиялардың ешқайсысы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелерімен дұрыс жұмыс жасамайынша тиімді бола алмайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ұлттық экономиканың қағидатты жаңа негіздерде жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ететін нарықтық институттар жүйесі қалыптасты. Азаматтық қоғамның, саяси жүйе мен оның институттарының жұмыс істеуі мен жетілдірілуін айқындайтын саяси-құқықтық база құрылды, болашаққа арналған стратегиялар мен іс-қимылдар бағдарламалары айқындалды. Алайда, әлеуметтік параметрлер, адамдардың өмір сүру деңгейі мен сапасына қарап отрып, осы күнге дейін жүргізілген саяси-экономикалық реформалар әр адам үшін мүмкіндіктер кеңістігіне айнала алмағанын атап өту қажет. Бұл өз кезегінде сенімнің жетіспеушілігін тудырады. Сенім ресурсы теріс эмоциялардың тез бөлінуіне, үлкен геоэкономикалық стресске, пессимизм мен болашаққа деген қорқынышқа алып келеді. Белгілі философ және саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма атап өткендей, әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті – қоғамдық капиталды көбейту. Қоғамдық капитал – бұл, ең алдымен, әлеуметтік топтасу, қоғамдағы сенім деңгейі, қоғамдық мәселелерді бірлесіп шешуге дайын болу. Оны «ағартушылық өз мүдделік қызығушылықтың» және шарттық қатынастар институттарының негізінде құру мүмкін емес. Сенімді алмастыратын барлық процедуралар экономистердің тіліндегі «транзакциялық шығындар» деп аталатын шығыстардың өсуіне әкеледі. «Басқаша айтқанда, қоғамдағы сенімсіздіктің басым болуы жоғары сенім деңгейі бар қоғамдардан құтылған экономикалық қызметтің барлық түрлеріне қосымша салық салумен тең». Билік құрылымдары мен азаматтық қоғамның әлеуметтік-саяси серіктестігі адамдардың билікті берген адамдарға деген сенімінің жоғары деңгейін, олардың жалпы игілікке ықпал ететін биліктен шығатын шешімдерді орындауға дайындығын білдіреді. Бұл туралы Конфуцийдің нұсқауларын еске түсіруге болады: «Мемлекетте тамақ, қару-жарақ жеткілікті болуы керек және адамдар билеушілерге сенуі керек. Егер қажеттілік туындаса, не құрбан етуге болады? Тамақтан, қару-жарақтан бас тартуға болады. Бірақ сенім болмаса, мемлекет ештеңеге қарсы тұра алмайды». Қазіргі заманғы сарапшылар халықтың билік институттарына деген сенімін «саяси капитал» деп атайды. Әлеуметтанулық зерттеулердің деректері бүгінгі таңда қазақстандықтардың билік басындағыларға қатысты барынша сыншыл екендігін айғақтайды. Өкінішке қарай, біздің әкімшілік-саяси билік институттарымызда «саяси капитал» ұғымы көбінесе «бюрократиялық капитал» ұғымымен алмастырылады. Бұл басқару технологияларына қойылатын талаптарды өзгертуге ықпал етеді. Басқару жүйесін жетілдіру үшін жаңа резервтер табу керек. Мемлекеттік аппаратқа қойылатын жаңа талаптар функцияларды сапалы орындау, стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және реттеу, басқарушылық шешімдер мен іс-әрекеттерді үйлестіру, олардың тиімділігі, сондай-ақ, барлық деңгейдегі басқарушылардың қажетті құзыреттерін ынталандыру мен дамыту мәселелері сияқты саяси менеджменттің бағыттарына қатысты болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқаруды жүйелі жаңғырту қажет. Мемлекет басшысы Президенттік сайлау күнін жариялауға байланысты отандастарына арнаған үндеуінде барлық негізгі мемлекеттік институттар шамадан тыс жүктелетінін ерекше атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» құрамдас бөліктері – консенсусқа, мүдделер тепе-теңдікке, ымыраға ұмтылу өте маңызды. Ұқсас нормалар мен қағидаттар саяси басқару саласын да анықтайды. Саясат – күштердің ашық финалмен бәсекелестігі және осы бәсекелестіктің нәтижесі, ол қандай болса да, саяси кеңістіктің жалғыз заңды формасына айналады. Сондықтан да, өз өкілеттіктері мерзімінің қысқаруына қарамастан, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя отырып, ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «әділ Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты іске асыру үшін халық сенімінің жаңа мандаты қажет» деп айтқан болатын. Жалпы алғанда, Президенттік сайлау кезінде бүкіл қазақстандық қоғамның топтасуы Мемлекет басшысының жауапкершілік танытуға, демократия, заңдылық пен құқық тәртібі қағидаттарына адал болуға, қазақстандықтардың бірлігі мен білігін көрсетуге үндеуіне жауап болады.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Бектас БОСТАНОВ, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры: БІЗДЕ БЕЛСЕНДІ САЯСИ ПАРТИЯЛАР ЖОҚ
Қазақстанның болашағы үшін кезектен тыс өткелі отырған ҚР Президенттігі сайлауынан күтетініміз көп. Өйткені, әрбір қазақтың өмірі дамыған елдерде тұратын жұртпен бірдей, тіпті, одан жоғары болса да жаман емес. Осы сайлауда сондай нәтижеге жеткізетін басшы билікке келе ме деген үміт бар. Оны биыл бұрынғы сайлауға ұқсамайтын форматта жүргізейін деп жатыр ғой. Бұл да жақсылыққа бастайды деп ойлаймыз. Қазақ өзі қай уақытта болмасын әрбір өзгерістен жақсылық күтетін халық. Жамандық болып жатса да енді жақсы хабар боп қалатын шығар деп ырымдайтын. ҚР Президенттігі үшін өткелі отырған бұл сайлау Қазақстанды нағыз демократиялық мемлекетке айналдырады деген ойдамын. Сайлаудан күтетініміз бірінші халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Екінші, біздің халықтың интелектісі жоғарылау үшін білім саласына жеткілікті деңгейде көңіл аударылу керек. Біз халқымыздың интелектісі жоғары болған сайын дами береміз. Сонда халықтың дамуы оңай болады. Одан мемлекет те көтеріледі. Әрине, бұрынғы сайлаулар сияқты бармақ басты, көз қыстыға ауып кете ме деген де күдік жоқ емес. Маған халықтың әлі де болса сана-сезімі оянбағандай көрінеді кейде. Өйткені, бұған дейін кім сайлаудан көп дауыс жинайды деген уақытта тағы да кімнің мандаты жақсы, белсенділігі артып тұр сол адамға халық дауысы ауып кетіп отырды. Билік кімнің қолында халық соған ауып кете ме деген қауіп әлі сейілмей отыр. Сол себепті халықтың сайлауға деген көзқарасы бұрынғыдан қаншалықты өзгергенін алдағы уақытта көреміз. Бізде белсенді саяси партиялар жоқ. Бәрі көрінбейтін, қоғамда ешқандай белсенділігі жоқ партиялар. Одан кейін жасаған бағдарламалардың бәрі қайталана береді. Халықты өзгеріске ұмтылдыратын бағдарламаны әлі өз басым көрген жоқпын. Саяси партиялар ояну үшін қоғамға белсенді араласу керек. Халықтың мұңмұқтажын қай жерде болсын паш етіп, халық үшін тұрып, халық үшін жұмыс істеуі керек қой. Сол кезде ғана халық оянады, халық қолдайды. Содан кейін ұлттың саясатын, қазақтың саясатын бірінші орынға қоятын партия болса деп ойлаймын өзім. Шетелге оқуға жібергенде шетелдің менталитетін бізге алып келетін емес, біздің менталитетті шетелге көрсететін жастарға мән беру қажет деген нәрселер саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларына кіру керек. Жалпы, халықты қайсарлыққа тәрбиелеу үшін ұлттық партия керектігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары: ХАЛЫҚ СЕНІМ АРТАТЫН БИЛІК МЫҚТЫ
ҚР Президенті халыққа арнаған жолдауында біз демократиялық жолмен жүреміз деп айтты ғой. «Жаңа Қазақстан» деген идея шығарып жатыр. Сондықтан бұл сайлауға халық өте көп үміт артып отыр. Бұл көне Римде айтылған Цезардың «Рубиконды өту» дегені сияқты ғой. Рубикон деген өзен болған онда. Сол сияқты біз бұл сайлаудан дұрыс өтсек, таза, дұрыс сайлау болса, онда Қазақстанның жаңаша дамуына жол ашылады. Егер бұл сайлауда былық-шылық көбейіп кетсе, халықтың билікке деген сенімі азаяды не жойылады. Биліктің мықтылығы халықтың сенімінде. Егер халық оған сенім артпаса, сенбесе билік өзін-өзі ұстай алмайды. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе. Мұндай кезде не істеу керек? Қазір жергілікті әкімшіліктер бұл іске араласпай, бар жұмысты сайлау комиссиясына беруі тиіс. Одан кейін сайлау кезінде тазалық, әділдік, әділеттілік болу керек. Біреу біреудің дауысын ауыстырып, біреу біреудің орнына дауыс беріп жатса, ол әрине, өте қауіпті жағдай. Екінші бір өте маңызды мәселе – сайлауда талас, пікірталас болса, бұл елді қызықтырады. Кандидаттар бағдарламаларының таласқа құрылуы маңызды. Мен әзірше ондай белсенділікті көре алмай тұрмын. Бұл қауіпті нәрсе. Бұған қуанбау керек. Бұл өте өкінішті жағдай. АҚШ, Германия, Франция сияқты елдерде әр сайлауда мықты кандидаттар таласады. Олардың арасында үлкен пікірталас болады. Халыққа белгісіз адамдар қандай қарсылас болуы мүмкін? Оның қауіптілігі қайда жатыр? Біріншіден, ел сайлауға келмей қоюы мүмкін. Ел сайлауға келмесе келгендердің пайызы келмегендерден жоғары болмаса да сайлау өтті деп саналады. Сосын мына нәрсені ұмытпауымыз керек, шетелдік аңдушы, бақылаушы, тексеруші комиссиялар болады. Олар қарап отырады. Қанша адам қатысты, қанша адам келді, қанша адам келмеді дегенге мән береді. Соған көңіл аудару керек. Ел қызықпаса сайлауға келмейді. Оның өзі сайлау болмады деген сөз. Мұның бәрін қазірден ойластырмаса, халықтың билікке сенбеуіне алып келеді де, оның соңы үлкен саяси дағдарысқа апарады.
Зарема ШАУКЕНОВА, ҚР ҰҒА вице-президенті,
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі