Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр, барлығы алты қағидат. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылылық және клиентке бағдарланушылық.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді.
Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Тағыда бір ерекшелік – мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау талабы қойылады.
Сонымен бірге, Әдеп жөніндегі комиссиясына облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандары мен қала аудандары әкімдерінің, облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қала әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауға өкілеттік берілген.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Қорыта келе, еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына, кәсібилігіне тікелей байланысты болғандықтан, елге адал және абыроймен қызмет етуіміз парыз.
Зауреш Сатхожина,
Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары және Әдеп жөніндегі уәкіл