Кез келген мемлекетте заңның үстемдік құруы адам өмірінің тыныштығы мен қауіпсіздігінің ғана емес, сонымен қатар, елдің қарқынды дамуының кепілі. Бұл мәселеде ел азаматтарының құқықтық сауаты мен мәдениетінің жоғары болуы маңызды. Өйткені, заң жағынан сауатты адам барлық уақытта өзін қорғай алады. Ол үшін көпшілікке заң нормалары үздіксіз насихатталып түсіндірілуі қажет. Сондықтан бұл мақалада сотта істі өкілдер арқылы жүргізу заңдылығы айтылады.
Сотта кімдер өкіл бола алады десек, сотта өкілдік етуге жоғары білімді заңгерлер құқылы. Олар өзге азаматтың құқығын сенімхет негізінде қорғайды. Сотта істі азаматтардың өздері немесе өкілдері жүргізетіні Азаматтық іс жүргізу кодексінің 57-бабымен айқындалған. Айта кетерлігі, сотқа жүгінуші іске өзі қатысса да оның өкіл алу құқығы сақталады. Ал, заңды тұлғалар істері заңмен немесе басқа да құжаттармен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін басшылар, сондай-ақ, өзге өкілдері арқылы жүргізіледі. Ол үшін басшы сотқа қызмет бабын немесе өкілеттігін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Тапсырма бойынша өкілдік ету осы Кодекстің 58-бабына сай жүзеге асырылады. Сотта судьялар, тергеушілер, прокурорлар, сондай-ақ, Парламент немесе жергілікті органдардың депутаттары өкіл бола алмайды. Бұған қоса Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң талаптарын бұзған адвокаттар мен заң консультанттары палатасының мүшелеріне тапсырма бойынша өкілдік етуге тыйым салынған. Бұл қатарға тағы кімдердің кіретіні аталған баптың 3 бөлігімен анықталған.
Тапсырма бойынша өкілдер шеттетілген жағдайда басқа өкілдің өкілеттігін ресімдеуге және оның іс материалдарымен танысуына сот бес күн уақыт белгілейді.
Өкілдің өкілеттіктері АПК-нің 60-бабымен нақтыланған. Мысалы, тапсырма бойынша өкілге аталған Кодексте көзделген барлық процестік әрекетті жасау құқығы берілген. Ескерерлігі, 60-баптың бірінші бөлігіндегі процестік әрекеттерді жасауда өкілге берілетін өкілеттіктер сенімхатта жеке-жеке көрсетілуі керек.
Өкілдің өкілеттіктері заңды түрде ресімделген сенімхатпен расталады. Әрі сенімхат сотқа жазбаша немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен өткізіледі.
Кәсіптік одақтар мен басқа да ұйымдардың уәкілетті өкілдері сотқа құжаттарды АПК-нің 58-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақшаларының тәртібімен береді. Адвокаттың істі жүргізу өкілеттігі оның қызметтік куәлігімен және қорғау туралы хабарламамен жазбаша түрде рәсімделеді. Сондай-ақ, оның 60-баптың бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттерді жасауы сенімхатпен куәландырылады. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті басшы немесе уәкілеттігі бар тұлға береді.
Әрекетке қабілетсіз, кәмелеттік жасқа толмағандар мен сот әрекет қабілеті шектеулі деп танығандарды сотта заңды өкілдері, атап айтқанда, ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын басқа адамдар қорғайды. Бұл үшін олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Азаматтар хабарсыз кеткен жағдайда олардың мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын адам өкіл болады. Мұрагерлікке қатысты айтсақ, егер мұраны ешкім қабылдамаса мүлік өзіне сенімгерлік басқаруға берілген азамат өкіл ретінде әрекет етеді. 62-баптың 4-бабымен нақтыланғандай, заңды өкілдер барлық процестік әрекетті заң шеңберінде жасап, істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыру құқығына ие.
Сотта өкілдік ету бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан, сенім білдірушілер де, сол сенімге ие болушылар да ең алдымен заң талаптарын жан-жақты білулері керек.
Какен Касабулатов,
Бостандық аудандық сотының судьясыАлматы қаласы