Халқымызда «Заңды білген зардап шекпейді» деген сөз бар. Шындығында құқықтық білім-біліктің жоғары болуы заң бұзушылықтардың алдын алады. Себебі, құқықтық сауаттылық жекелеген азаматтар үшін ғана емес, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында да маңызды. Осы ретте мақалаға Конституция мен Азаматтық процестік кодекс нормаларын арқау етеміз.
Сот билiгi мемлекет атынан жүзеге асырылатындықтан, сот шешiмдерi мен үкiмдерiнің, өзге де қаулыларының күші бүкiл ел аумағында мойындалады. Судьяның сот төрелігін іске асыруда Конституция мен заңға ғана бағынуы оның тәуелсіздігіне кепілдік етеді. Соттың қызметіне ешкімнің араласуына жол берілмейді, араласқандар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, судьялардың қандай да бір нақты істер бойынша есеп бермейтіні де Конституциямен айқындалған.
Заңды қолдану барысында судья Конституциямен белгіленген принциптерді басшылыққа алады. Мысалы, заңды күшіне енген соттың үкімінсіз адам кінәлі саналмайды. Бұған қоса бір рет құқық бұзғаны үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға, сондай-ақ, заңмен көзделген соттылығын сол адамның келісімінсіз өзгертуге жол берілмейді.
Сотта әр адам өз сөзін тыңдатуға құқылы, кінәсіздігін дәлелдеу айыпталуышының міндетіне кірмейді, әрі кез келген күдік оның пайдасына қарастырылады. Ешбір адамды тек өзінің мойындауының негізінде ғана соттауға жол берілмейді. Заңсыз тәсілмен алынған айғақтар пайдаланылмайды.
Сот төрелігін атқаруда Конституциямен баянды етілген азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актілер анықталса, іс тоқтатылып, ол құжатты Конституциялық Сотқа конституциялық емес деп тану туралы ұсыныс беру міндеті судьяға жүктелген.
Азаматтық сот ісі Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 2-тарауымен бекітілген қағидаттар негізінде жүргізіледі. Кодекс қағидаттарын бұзу сот актілерінің күшін жоюға әкеледі.
Осы кодекстің 11-бабында көрсетілгендей, адамды мүлкінен айыруға соттың шешімімен ғана жол беріледі. Кейде мүлікке тыйым талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында салынады, бұл үшін АПК-да көзделген талаптары қатаң сақталуы керек.
Сот шешімі тараптардың объективті дәлелдемелеріне негізделеді. Сондықтан, олардың уәжді өтінішхатының немесе өз бастамасының негізінде соттар іс материалдарын жинап, зерттеуге, заңмен көзделген өзге де әрекеттерді орындауға міндетті.


