Күнкөріс деңгейі қаржымен, қаражатпен тікелей байланысты. Аймақтар, облыстар арасындағы, сондай-ақ, бай мен кедей отбасыларының қарым-қатынасындағы әлеуметтік теңсіздік те негізінен осыдан шығып отыр. Батыстан шығысқа тарқатылып, солтүстіктен оңтүстікке көсіліп жатқан ұланғайыр ұлы даламыздың иесі бітұтас жұрт екені рас болса, осы қаржылық теңсіздікті де жоюымыз керек. Бұрын деп мысал келтірсем, келмеске кеткір кеңестік кезеңді көкседі деп ойлайтындар табылар. Сонда да айтайын, сол шақтарда бізден Мәскеуге (Вильнюске, Сібірге, Камчаткаға) сапар шеккендер қалталарындағы жол кірелерімен сапарға еркін барып, үйіне аман-есен қайтып келе алатын.
Өйткені, бүкіл Одақ бойынша ішіп-жем тамақ, ас-ауқат, нанның бағасы бірдей дерлік, прейскурант бір шамада, жол билеті бір сомада болатын. Бұл он бес республикасы және бірнеше автономиясы бар, қырық құрақ ұлты мен ұлысы шашырап шашылып жатқан Одақ-тын. Сөйте тұра сол социалистік система одақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.
Инфляция деген сөз ол кезеңнің лексиконында мүлдем жоқ-тын. Қазіргідей бейнекамералар, ұялы телефондар атымен болмады. Атеистік сол қоғамда сыбайлас жемқорлар тұрмақ, алыпсатарлар мен арамтамақ жатыпішерлер де «ептеп» дәнігіп-құныққандық жасағанымен, бір Құдайдан қорыққаны мәлім.
Оған қарағанда біздің мемлекетіміз қолмен қойғандай, ұядай шап-шағын емес пе?! Демографиялық санымыз да санаулы. Әлеуметтік теңсіздік, әсіресе, ең төменгі еңбекақылы, дотациялық өңір Жамбыл облысында қатты сезіледі. Бала-шағасының нәпақасы үшін көп ақша табам деп, алыс-жақын шетелді қоспағанда, Атырау асып, Ақтау ақтап кетіп жүрген қазақ ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Вахталық әдіспен күн демей, түн демей жұмыс істейтін азаматтар, азаматшалар тұрғылықты мекенінен ылғи жырақта жүрген соң, отбасы тәрбиесі ақсамай қайтеді?!
Кешегі қаңтар қасіреті де өз жарасын өзі жалап жазатын көкбөрі ұрпағына көп сабақ. Мағыстаулықтардан кейін жер-жерде, өңір-өңірлерде шерушілердің бірден бас көтеруі әуел баста сұйытылған газ бағасының Жаңаөзенде ғана 50 теңгеге түскенін естігеннен, «басқа өңірде ше?», «біз кімнен кембіз?» деген сияқты көкейге лықсып келген наразылықтың ашу-ызамен сыртқа шығуынан белең алғанын ұмытуға бола ма?
«Адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор», деген болатын 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Жер бетінде 1 500-ден астам ұлт бар екен. Соның 10%-дан астамының ғана атамекен жері, қонысы, Отаны бар. «Ендеше, жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған елімізді аялайық, атақонысымызды бағалайық, бейбітшілік пен тұрақтылығымыздың қадірін білейік» дейміз әшейінде жиі ұрандатып. Дұрыс-ақ. Биыл Ұлттық санақ нәтижесі 19 млн 169 мың 550 жан санын тіркеді. Соның ішінде 70,18 пайыз қазақтың көбісінің дені қоныстанған оңтүстік облыстардың басқа аймақтардың табыс көзімен айырмашылығын қалайда азайтуға күш салынса — ұлтқа жасалған қамқорлықтың нағыз өзі болар еді.
«Нарық заманы», «капиталистік формация» сияқты терминдерді себеп пен салдар қып желеулетіп, уәждеріне тықпалай бермей, мемлекетіміздің кәсіби экономистері таразы басын мейлінше теңеп, осы бір келеңсіздіктің кілтін тапса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас аудандық
мәслихатының депутаты